Бокс • 13 Сәуір, 2018

Қанат Ислам: Отанын опасыздар ғана масқаралайды

1408 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Өз Отаның болғаны қандай бақыт». Әлеуметтік желіде атақты боксшы Қанат Ислам жүрекжарды ойларын ақтарған екен. 

Қанат Ислам: Отанын опасыздар ғана масқаралайды

Біз білетін Қанат ешкімнің алдында бас иетін жігіт емес еді. Хан Тәңірінің Қытай мемлекетіне қараған жағында туып өсті. Қанатпен Олимпия және Азия ойындарында жолымыз түйісті. Өзге елде жүріп өз ұлтын осыншалықты құлай сүйетін қасиетті осы жігіттен көрдім. Қанат бар саналы өмірі ел тағдыры үшін ат үстінде өткен Оспан батырды еске түсіреді. Қысық көз жауын ықтыру үшін Сталин Оспан батырды әбден пайдаланады. Қазақтың азаттығы үшін арпалысып жүрген ердің еңбегін бағалаған болып орден береді. Сонда Оспан батыр «Мына жылтырағыңды қатыным тақсын. Маған жаумен соғысатын қару бер» деген екен. Бейбіт күннің баласы Қанат ешкімнен мылтық сұраған жоқ, бірақ жұдырықтай жүрегі қазақ жасасын деп соғып тұратынын кәміл сезетін едік.

Халықаралық жарыстарда Қытай құрамасының ең мықты боксшысы Қанат Ислам Қазақстан құрамасы жігіттеріне жақын жүреді. Біздің жігіттер де басы бас бапкер болып Қанатты құраманың бір мүшесіндей көреді. 2006 жылы Дохада Азия ойындары өтті. Азия деген аты болмаса бұл өзі осы құр­­лықта мекендейтін барлық мемлекеттердің Олимпия ойын­дары. Сондықтан мұндағы жеңістің орны ерекше. Оның үстіне төрт жылда бір өтеді. Бокстан Қазақстан құрамасына бұйырған жалғыз алтынды Бақыт Сәрсекбаев әперді. Жартылай финалда ол өзбектің үкілеген үміті Дилшод Махмудовты жең­генде, қасымызда күнде жар­қылдап амандасып жүретін өзбек жуналистері кәдімгідей әбіржіп қалды. Онысы түсінікті де. Бақыт Сәрсекбаев ұзақ жылдар Өзбекстан құрамасының 64 және 69 килоға дейінгі салмақта бірінші орында болды. Азия чемпионатында үш рет топ жарды. Халықаралық жарыстарда шаппай бәйге алып жүрді. Ала топылы ағайындар біздей емес ұлттық мәселеге қатты қарайды. Афины Олимпиадасының қар­саңын­да Сәрсекбаевқа қатал та­лап қояды. Олимпке қатысуға үмі­тің болса ұлтыңды өзгертесің. Намысты жігіт, әрине бас тартады. Афиныға өзінің көлеңкесінде жүрген Дилшод Махмудов барады. Құр қайтпайды. Қола медаль алып айдарынан жел есіп қайтады. 
Өзін шетке қаққанға қапа­ланған Бақыт тарихи Отаны­на қайтып бәрін қайтадан бастады. Енді тағы да Махмудовты жол­дан тайдырды. Қалың өзбек­тің қайғырып жүргені сол. Екі қазақ­тың финалда кезде­суі­ мүм­кін еді. Қытайлар аса ықы­­лас таныта қоймаған, қазақ құ­ра­масын шырғалап шықпай­тын Қанат­қа қола медаль бұйыр­ған. Бас жүлде Бақытта. Қызығы же­ңім­­­паздарды марапаттау ке­­зін­­де болған. Әнұран ойналған соң, әдетте жеңімпаз фотосессияда алдымен екінші орын алған боксшыны жанына тартады. Мұнда керісінше болды. Бақыт өзінен кем қуанбай, қазақ әнұраны ой­налғанда жүзі нұрланып тұрған бауыры Қанатты жанына тартты. Қазақ байрағын жамылған қос қазақ Азия ойындарының ең биік тұ­ғыр­ында күндей жар­қырап тұрды. Мұны қарап тұрып біз ме­йір­лендік, тебірендік. Бі­реуі­нің Өзбекстаннан орал­ғаны ке­ше ғана. Екіншісі Қы­тай мем­лекетінің азаматы. Бірақ екеуі де Алла тағаланың өз­дерін қа­зақ етіп жаратқанына сон­шалықт­ы бақыт­ты еді. 

Осы жағдай 2008 жылы Бей­жің Олимпиясы ойындарында айна қатесіз қайталанды. Бұл олим­пиадада Қанат Исламның мүм­кіндігі зор еді. Бұған дейін Бақыт екеуі үш рет беттесіп, Қа­нат екі рет жеңген. Бірінде нок­даун тіркелді. Оның үстіне Қанат Нұрғали Сафиуллиндей атақты бапкердің қол астында тер төкті. Қанат ширек финалда «осы жолы ма» деп ширығып келген Дилшод Махмудовты күмәнсіз жеңіп, ауылына медаль­сіз қайтарып жіберді. Екі қазақ фи­налда жолығады деген пікір желдей есті. Қанат шыққанда қазақ­тар әруағын шақырып, қол­дау көрсетеді. Бір қызығы, ауыз­дарына су толтырып алған­дай үнсіз қалатын қытай жан­күйерлері жақ тартқан жоқ. Қа­нат та мұны заңдылық деп қабыл­дағандай. Жартылай финалда аса талантты кубалық бокс­шы Карлос Бантеурамен жолы түйісті. Бірі өліп, бірі қала­тын нағыз жекпе-жек болды. Ку­балықтар өте адуынды. Сәл қорқыныш білдірсең, сәл шегініп бокстассаң күші тасып шыға келеді. Қоян-қолтық төбелесте ғана аздап аяқ тартады. Қанат сойқанды салды. Бір секундқа артқа шегінген жоқ. Гүрзі жұ­ды­рықтар дүрсілінен найзағай ой­нап, күн күркірегендей болады. Бауыр, бүйрек жақтан опырып тиіп жатқан соққыларда есеп жоқ. Қандасымыз болған соң іш тартамыз ба, бізге Қанат жең­гендей көрінген. Рефери куба­лықтың қолын көтерді. 

Жарыс арасындағы бір күнде боксшы өз-өзіне келіп үлгер­мейді. Финалда Бақытпен шық­қан Карлос Бантеура сәл шар­ша­ғандай сезілген. Күшін Қанат алып қалыпты. Тағы да қаржысу. «Еділ үшін егескен, Жайық үшін жандасқан» айқас тағы бол­ды. Атадан ер болып туған Ба­қыт Сәрсекбаев қазаққа өте қат болып тұрған алтынды берсе қо­лынан, бермесе жолынан алуға дайын еді. Біздің батырдың құр­метіне Қазақтың әнұраны ойналды. Содан соң Бақыт өзінен екі саты төмен тұрған Қанатқа қол созды. Қазақтың көлдей көк туын жамылған қос қазақ дү­ние жүзі жанкүйерлерінің ал­дында алтындай жарқырап тұр­ды. Дүйім жұрт тұғырдан қос қа­зақ ұланын көріп сүйсінді. Осын­дайда бәрі еске түседі. Бірі өкпесі қара қазандай болып Өзбекстаннан келді. Азияның да, Жер атты планетаның ең мықты спорт додасында алтыннан алқа тақты. Екіншісі Қытай азаматы. Бір салмақта бокстасатын осы екеуінің жеңіске жетсе жамылатыны қазақ байрағы. Табиғатымыздан көңілшектеу едік. Ешкімнен қымсынбастан жа­нардағы жасты құрғатып ал­дық. Қуаныштың көз жасы ғой. 

Қанатқа Қытай қоныс болмады. Елге келгісі келді. Ағасына ақыл салған екен, құптамапты. «Онда сені күтіп отырған адам жоқ. Орныға алмай қайтып келе­сің. Барма» деген. 

«Жоқ, аға, Қазақстанға барамын.  Жұмыс табылмай қалса, ең мықты аула сыпырушысы боламын. Өйткені мен өз елімнің ауласын, яғни жерін тазалаймын». М.Әуезов атындағы ОҚМУ сту­дент­терімен кездескенде Қанат осылайша айтқан. Оның жұл­дызды спорттық ғұмырында бап­кері ұйғыр жұрағатынан болды. Қанат ҚХР чемпионы болып қуаныштан асып-тасып тұрғанда, бапкері «шіркін, ең үлкен қуаныш жарысқа өз еліңнің атынан түсіп, әнұранын ойнатқанында ғой. Қалғаны – бір сәттік қуаныш. Бұл жөнінен Қанат сен бақыттысың. Тарихи отаның – Қазақстаның бар. Сондай арқа сүйер отаным бол­са, сол жердің топырағын мой­ныма тұмар қылып тағып жүрер едім. Осы айтқанымды мәңгі­ге есіңде ұста». Ұстазының қыс­тығып айтқан осы сөзі бала Қанат­тың жүрегіне мәңгілік жазы­лып қалған еді. Қытайда жағ­дайы жаман болған жоқ. Әлемдегі ең мықты боксшыға қалаған жағдайы жасалады. Егер айтқандарымен жүріп тұрса. Бірақ Қазақстанға деген ұлы сағыныш жүрегін кернеп, байыз таптырмаған. Қазақ елі қайдан келдің деген жоқ. Алып-ұшып жеткенде табанына алақанын төседі. Бауыржан Оспановтай ұлтжанды ағалары жанына тартты. Қалғаны белгілі ғой. 
Алаштың асыл перзенті Әли­хан Бөкейханов атасы «Ұлт­қа қыз­мет ету – білімнен емес, мі­нез­ден» деген екен. Нағыз жі­гітте бір ғана Отан болады. Сол оттан ыстық Отанын жаман­да­ғандар түбінде оңбайды. 

Әлемдік додада «Qazaq» атауымен майданға түсіп, еліміздің мәртебесін асқақтатып жүрген Қанат Ислам Әлихан атасының өсиетін орындап жүрген жам­­­поз­дар­дың бірегейі.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»