Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Жаһандық мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі

27124 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы деректерге қарағанда, жаһанда тұрғындар саны жыл сайын 80 миллионға ұлғайып отырады екен. 

Жаһандық мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі

Осы орайда бүгінде жер шарында 7,5 млрд-қа жуық адам бар екенін ескерсек, 2050 жылы бүкіл әлемдегі тұрғындар саны 10 млрд-тан асып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде дүние жүзінде азық-түлікке деген сұраныстың арта түсетінін білдіреді. Ал өкінішке қарай, адамзат баласының көбеюімен салыстырғанда азық-түлік өндіру көрсеткіші екі есеге төмен көрінеді. ЮНЕСКО тарапы 2020 жылға қарай тамақ өнімдеріне деген сұраныс 85 пайызға өседі деп болжауда. Бұл жағдаяттар болашақта әлемдік ауқымдағы саясатта азық-түлік өнімдерін молынан экспорттаушы мемлекеттердің ықпалы күшейетінін ұқтырады. Ал қазіргі таңда 18 миллионнан астам тұрғыны бар, 2050 жылға қарай халқының саны шамамен 25 миллионнан асып қалуы мүмкін Қазақстан келешекте азық-түлік өнімдерін экспорттаушы негізгі елдердің қатарынан көріне ала ма?

Қалыптасқан жағдай Қазақстанды алаңдатпай қоймайды

Халықты сапалы азық-түлік­пен қам­тамасыз ету ісі қазіргі таң­­да күн тәр­тібінде тұрған бас­ты мәселелердің бірі. Бұл са­ла­дағы түйткілдер ХХІ ға­сыр­дың ал­ғашқы онжылдығында ха­лық­аралық қо­ғамдастықты шын­дап ойландыра бастады. Әсі­ресе 2008 жылы орын алған дағ­да­рыс азық-түлік қауіпсіздігі са­ла­сы­на жаңаша көзқарас қажет еке­нін ұқ­тыр­ды. Осы дағдарыс ке­зінде тамақ өнім­дерінің құны бірнеше есеге өсіп, көп­теген елдерде әлеуметтік толқулар бол­ды. Бұл азық-түлік мәселесін шеше ал­­ма­ған елдерде саяси-әлеуметтік тұ­­рақ­­тылық болмай­тынын, мұ­ның со­ңы түрлі кикілжіңдерге ұласып, ақы­рын­да жаһандық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін білдіреді...

Экономикалық дамуында ауыл ша­руа­шылығы саласын негізгі күш ретінде қа­растыратын Қазақстан бүгінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаһандық ауқымдағы жауапкершілікті терең се­зі­нуде. Бұл орайда біздің еліміз өзі­нің ішкі сұранысын қанағаттандыра оты­рып, әлемдік азық-түлік саласын жақ­сартуға өз үлесін қосуға ниетті. Атал­ған бағытта Қазақстан бірқатар ша­ралар қабылдап, өзіндік қам-ха­рекетін жа­сауда. Мәселен, елі­мізде 2009 жы­лы «Қазақстан Рес­публикасының кей­бір заңна­ма­лық актілеріне азық-тү­лік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­гі­зу ту­ралы» Заң қабылданды. Онда азық-тү­лік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, осы са­лаға қа­тысты қауіп-қатерлердің ал­д­ын алу, өндірушілер арасында тең бә­се­ке­лестік ортаны құру сынды мә­се­лелер айқындалды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ал­қа­лы жиындарда азық-тү­лік қау­іп­сіздігіне қатысты мә­се­­леге баса назар аударып ке­ле­ді. Мысалы, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Н.Назарбаев: «Бізге бүкіл әлем­де азық-түлік тауар­ла­рына деген сұ­ра­ныс­тың өсуін және бағаларының артуын ес­кере отырып, аграрлық сек­тор­ды тех­но­логиялық қайта жа­рақ­тан­дыруға жә­не кең ауқымды жаң­ғыр­туға қайта бағ­дар­лану қажет», деген еді. Осы орайда бүгінде елі­мізде қуатты аграрлық-ин­дус­­т­риялық база құруға жол ашы­лып отыр. Са­ланы жаңа тех­никамен жә­не технологиялар­мен жаб­дық­тау шаралары жүйелі түрде жүр­гізілуде. Осы жұмыстар бү­гінде Қазақстанды астық экспорт­таушы ірі елге айналдырды. Ал сыртқа ұн экспорттаудағы же­тіст­іктеріміз жаман емес. 

Бүгінде азық-түлік тап­шы­лы­ғы әлем бойынша басты сын-қа­терлердің ал­ғаш­қы үштігі қа­тарына енгізіліп отыр. Бұл не­гіз­сіз емес. Өйткені қазіргі кезде миллиондаған адамның аштыққа ұшы­рап, миллиардқа таяу жан ас-су­дың үнемі жетіспеушілігінен зарда­п ше­гіп отырғаны аталған саладағы түй­т­кіл­дердің аса ма­ңыз­ды екенін көрсетеді. Осы жағ­даяттар астық дақылдарын экс­­порттаушы, экологиялық та­за та­ғам өнім­дерін өндіре ала­тын, ауыл шаруа­шы­лығы өнер­­кә­сібінің мүмкіндігі мол Қа­зақ­станды алаңдатпай қой­май­ды. Сон­дықтан Үкімет «Агро­биз­­нес-2020» бағ­дарламасын әзір­­леді. Бағдарлама бойынша АӨК субъектiлерiн субсидия­лау есе­бi­нен 2020 жылға қарай ауыл ша­руашылығын мемлекеттiк қолдау кө­лемiн 4,5 есе арттыру мақсаты көз­деліп отыр. Сонымен қатар ауыл ша­руа­шылығы бағытына инвестиция тар­ту­ға да маңыз бе­рі­луде. Бұл сала­ға ин­вес­тицияны молынан тарту Қазақ­стан­ның экспорттық әлеуетін арттырады. 

Ұлттық қауіпсіздіктің алғышарты

Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігін ны­ғайту ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету­дің, экономиканы табысты да­мы­ту­дың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту, ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәсе­лелері «Қазақстан Респуб­ли­касының ұлттық қауіпсіздігі ту­­ралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қау­іпсіздігі ұлттық қауіп­сіздігімізді ны­ғай­ту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.

Канадада халықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету үшін «азық-түлік банк­тері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойын­ша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұ­мыс істеуде. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнім­дерін алады.

АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибелер қол­да­ны­луда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130 пайыз төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карталар арқылы жүзеге асыры­латын, азықты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» деген бағдарламаға қа­тыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жу­ығын қамтитын көрінеді.

Еуропалық одақ елдеріне ке­лер бол­сақ, мұнда тағам өнім­дерінің қауіп­сіздігі стан­дарт­та­ры­ның талаптарын сақтау жо­ға­­ры деңгейде жолға қойылған. Қа­зіргі таңда Еуропалық одақ ел­д­ері азық-түліктің мол қорына ие. 

Бүгінде 30 мемлекет азық-тү­лік зәру­лігін қатты сезінуде. Сон­дай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшы­рап отырғандардың саны 1 млн адам­ға жуықтайтын көрінеді. Сала­да­ғы осы жағдаяттар әлемдегі саяси-эко­но­микалық, әлеуметтік жағдайдың ауыр­лап кетуіне апарады. 

Бұл мәселелерді әрі қарай өрбіте сөй­лесек, азық-түлік тапшылығының бе­лең алуына негізгі себепті ха­лық са­нының өсе түсуімен ғана бай­ла­ныс­­тыра қарастыру біржақты кө­з­қа­растың төңірегінде шиырлатып қоя­ды. Сондықтан осы арада ауыл шаруа­шы­лығы бағытында мүмкіндіктері мол көп­теген елдердің саланы дұрыс игере ал­мауы, аграрлық секторды озық техно­логиямен жабдықтауда кенжелеп келе жатқаны азық-түлік тапшылығының туындауына өзіндік зор әсерін тигізіп отыр­ға­ны қаперде болғаны жөн. Қазіргі таңда әлемдік ауқым­да­ғы азық-түлік тапшы­лы­ғы мә­селелерін шешуде Қазақ­стан­­ның аса маңызды рөлі биік мінбелерде аз айтылып жүр­ген жоқ. Еліміздің осы тұрғыдағы мүм­кіндіктері сөз болғанда, ең алдымен агроөндіріс кешенін дамыту үшін ше­шуші мәнге ие жеріміз бен табиғи мол ресу­рс­тарымыз әңгіме арқауына ай­на­­лады. Содан кейін саланың мем­­ле­кет тарапынан үлкен қол­дау­ға ие болып отырғаны, инвес­ти­циялардың көп­теп тартылуы ай­тылады. Бүгінде осы атал­ған ар­тықшылықтар соңғы жылдары елі­мізді астық пен ұн экспорттауда көш­басшы елдер қатарына қос­ты. Бұл жө­нінде нақтылай сөй­лесек, астық экспорттаушы үздік 10 мемлекеттің арасындамыз. Еліміз өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық жөнелтеді. 2017 жылы елімізде жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаға жетуі біздің әлеуетіміздің ешкімнен кем емес екенін білдіреді. Ол ішкі сұранысты қам­тамасыз етуге де, сыртқа шығаруға да жетеді. Тағы бір айта кетер жайт, соң­­ғы 4 жыл бедерінде еліміздің дурум би­дайының экспорттық үлесі 280 мың тоннаға (2014 ж. – 170 мың тонна, 2017 ж. – 450 мың тонна) ұлғайған. Қазақ­стан ұн экс­порттауда да ал­дыңғы қа­тарда тұр. Біз­дің ұны­мызды негізінен Өз­бек­стан, Тү­рік­менстан, Тәжікстан және Ауған­стан­ға импорттайды. 

Бүгінде өз бидайын 35 елге жет­кі­зіп отырған Қазақстан тасымалдау жүйе­сіне де баса назар аударып, көлік-ло­гис­тика саласын әртараптандыру мақ­сатында жүйелі жұмыстар жүр­гіз­ді. Бұл шаралардың нәтижесінде елі­міздің халықаралық нарыққа шығу мүм­кіндіктері молайып, өзінің ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін экспорттауы еселей түсуде. Бұған мысал ретін­де Ақтау, Баку порттарын­да са­лынған астық тер­минал­да­ры­ның қызмет көрсетіп тұр­ға­­нын, Иранға Түрікменстан ар­қы­лы өте­тін темір жолдың да құ­рылысы аяқ­та­луға жақын қал­ға­нын, Қорғас шека­ра­сы ар­қы­лы өтетін темір жол ел мүм­кін­діктерін арттыруда.

Осы арада Орталық Азия мем­ле­кет­те­ріне қатысты да бірер сөзге кезек бере кетейік.

Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігіне Орталық Азия өңіріндегі мем­лекеттер өте сергек қарап отыр. Аймақ елдерінде азық-тү­лік қауіпсіздігі мәселесіндегі түйт­­кілдер түрлі сипатқа ие. Сон­дай-ақ ұқсас тұстары да бар. Олар: теңізге шы­ғатын жол­дың жоқтығы, қоғамдық инс­­­­титуттардың әлсіздігі, кли­мат­тық жағдайдың қатаңдығы, су көздеріне қатысты түйткіл­дер­­­дің болуы. Бұл жерде ас­тық­ты сырттан алатын Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­­с­тан, Өзбекстан секілді ел­дер­дегі жағдай халықаралық қо­ғам­дас­тықтың басты назарында тұр.

Қорыта айтқанда, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуде Қазақстанға артылар жауапкершілік зор. Қазіргі таңда халықаралық қоғам­дас­тық адамзат алдындағы осынау жау­ап­кер­шілікті дұрыс сезініп отырған елі­міз­дің мүмкіндіктерін жоғары ба­ға­лап, үлкен үміт артып отыр. Ал Қазақ­стан ауыл шаруашылығы саласын эко­но­микамыздың драйвері ретінде танып, өз әлеуетін арттыра бермек.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»