Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Петропавл құрылыс-эконо­микалық колледжінде білімді мамандар көбейеді

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл құрылыс-эконо­микалық колледжінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде дөңгелек үстел өтті.

Петропавл құрылыс-эконо­микалық колледжінде білімді мамандар көбейеді

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан ұйымдастырушы ұстаз Айжан Жан­былова Елбасы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламасында қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге заман сынағына лайықты төтеп берудің нақты жобаларын жүзеге асыру талабын қойғанын айта келіп, бұл орайда таяу жылдарда атқарылатын іргелі міндеттер ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы зор маңызға ие екенін атап өтті. Колледжде оқитын бір мыңнан астам студент 14 мамандыққа даярланады. Білім және тәрбие мәселелерімен 112 оқытушы айналысады. Мемлекет басшысы ұсынған жоба бойынша бәріміздің алғы мақсатымыз әлемдік бәсекеге қабілеттілік өрістеген жаһандану жағдайында халықаралық талаптарға сай сапалы білім берумен қатар, ұлттық-рухани тамырдан қол үзбеудің озық үлгілерін қалыптастыру, тәжірибелерін үйрену болмақ, деді ол өз сөзінде.

 Кітапхана меңгерушісі Вален­тина Букатина қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасының таныстырылымы барысында Елбасының сөйлеген сөзіне арнайы тоқталды. Қазақ тілі – бай тіл. Оны дамытудың, байытудың жолдары сан алуан. Жоба аясында атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері қуантарлық. Қазақ тілінің кеңінен қолданылуына Үкімет тарапынан барлық жағдай туғызылған. 18 кітап пен оқу әдістемелерінің жарық көруі – үлкен істің басы. Ғылыми білімнің кең ауқымы, оның ішінде әлеуметтану, философия, дінтану, экономика, тағы басқа салалар қамтылған.

«Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының басты жобасын талқылауға қатысқан мұғалімдер Баян Кармано­ва, Оксана Копытова, студент Элвира Велгавдинова жергілікті тәжірибелер­мен бөлісті. Колледж еліміздегі ба­залық оқу орны саналады. 2011 жылдан бері қазақ-норвег жобасына қатысып келеді. «Нәтижелі жұмыс және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарламасы бойынша аспаз, тамақ ісі, бухгалтер, слесарь-сантехник, электр­мен дәнекерлеуші мамандары әзірленеді. Мұнда 50 оқу кабинеті, 10 компьютер сыныбы, 270 орынды жатақ­хана,­ 3 арнайы зертхана, 11 оқу-өн­ді­ріс­­тік шеберхана жұмыс істейді. Роман Шишкин, Ерубай Еркебұлан, Жанболат Іңкәр, тағы басқа студенттер халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Сөйлеушілер «Серпін-2050» бағ­дар­­ламасы шеңберінде оңтүстік өңірлер­ден келген жастардың оқитынын, білім­ді мемлекеттік тілде алатындарын жеткізді. «Құрылыс және үйлер мен құрылыстарды қолданысқа беру», «Техно­логия және тамақтандыру кәсіп­орын­дарында өндірісті ұйымдас­тыру» бөлім­дерінде де оқу қазақ тілінде жүргізіледі.

 Алдағы уақытта да гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бо­йынша ең жақсы оқулықтар қазақ тілінде жарық көретініне сенімдіміз. Мұның өзі жас буынның әлемнің ең таңдаулы туындылармен кеңінен танысуына мүмкіндік береді. Жаһан­дық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандар даярлауға да ықпал етеді. Бұған дейін құнды еңбектерді орыс тілі арқылы біліп келсек, енді тікелей танысуға айқара жол ашы­лып отыр. 100 оқулықтың қазақ тілінде шығуы білім деңгейін жаңа сапалық деңгейге көтеретіні күмән­сіз, десті дөңгелек үстелге қатысушылар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы