Технология • 27 Сәуір, 2018

Батыс Қазақстанға Фин технологиясы келеді

495 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов 26 сәуір күні Хельсинкиге барып, қалалық инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды өңдеу салалары бойынша фин тәжірибесімен танысты.

Батыс Қазақстанға Фин технологиясы келеді

Сапар барысында әкім Финляндия Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары М.Кейняненмен кездесті. Кездесуде екіжақты әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды.

Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасында, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінде қолға алынған «жасыл» экономиканы дамытудың барысы, Мемлекет басшысы алға қойған экономиканы жаңғырту стратегиялық тапсырмасы туралы айтып берді. Осыған байланысты қалпына келтірілетін қуат көздерін пайдалану, қалдықтарды өңдеу саласын жетілдіру секілді маңызды бағыттар өңір экономикасын дамытуда басым бағытқа ие болған.

Хельсинкиде қазақстандық делегация Финляндияның «VTT» технологиялық зерттеулер орталығы әзірлеген «Смарт-сити» технологиясын ендірудің жаңа тұжырымдамасымен және қалдықтарды өңдеу өндірісімен танысты.

Эспоо қалдықтарды өңдеу орталығын аралап көрген өңір басшысы Финляндияның астанасы мен оның маңындағы елді мекендерге қызмет көрсететін «HSY» муниципальдық кәсіпорнының жұмысымен жақын танысты. Делегация басшысы Батыс Қазақстан облысы Суомимен озық технология саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендігін білдірді. Фин жағының қатысуымен Орал қаласында іске қосылады деп күтіп отырған қалдық өңдейтін экологиялық кешенде осы заманғы ең озық технологиялар пайдаланылмақ.

Жобалаушылардың пікірінше, бұл қалдықты жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу мәселелерін қамтитын кешенді инфрақұрылым болмақ.

Сапар барысында Хельсинки қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, Фин Бизнес-хабы және  мен «Collaprime» компаниясы арасында Әріптестік туралы үшжақты келісімге қол қойылды.

Айта кету керек, батысқазақстандықтар мен фин компаниялары әріптестігінің алғышарты 2017 жылы Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде жасалды. Одан кейін де Батыс Қазақстан әкімдігі мен «Collaprime» компаниясы басшылары бірнеше мәрте кездесіп, Орал қаласындағы кәсіптік-техникалық арнаулы оқу орындарында 3D-жобалау саласы бойынша оқытушылардың біліктілігін арттырып, жаңа мамандыққа даярлау дайындығы басталған болатын.

Орал қаласында «Smart City Uralsk» жобасы қолға алынып, қазірдің өзінде қала тұрғындарының өміріне ІТ технологиясы дендеп еніп барады. Финдік BIM және 3D-жобалау технологиясын Батыс Қазақстан өңірінің коммуналдық инфрақұрылымы мен құрылыс саласында кеңінен қолдану екіжақты пайдалы болары анық. 

Көптеген халықаралық сыйлықтардың жеңімпазы атанған «Collaprime» компаниясы 2016 жылы Финляндида BIM-технология бойынша ең үздік ұйым атауына ие болған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы