Жекпе-жек • 05 Мамыр, 2018

Мамырдағы «майдан»

359 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мамыр айында елімізде және шет мемлекеттерде ережесіз жекпе-жектен бірқатар дүбірлі дода ұйымдастырылады. Сол байрақты бәсекелер барысында Қазақстанның ең мықты спортшылары өнер көрсетіп, әлемдік рейтингте жоғарылау үшін барынша күш салады. 

Мамырдағы «майдан»

Бүгін Мәскеуде АСВ 86 (Absolute Championship Berkut‏) турнирі өтетіні жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Естеріңізге сала кетейік, айтулы жарыста қос бірдей қандасымыз күш сынасады. Олар – Арман («Сұңқар») Оспанов пен Асылжан («Сақ») Бақытжанұлы. Біраз жылдан бері өрелі өнерімен қазақ жанкүйерлерін қуантып жүрген жартылай жеңіл салмақтағы «Сұңқар» соңғы екі бәсекеде жеңіліс тапқан еді. Бірінде жарақатына байланысты жеңілсе, екіншісінде төрешілер бұра тартты. Енді Арманның атой салатын кезі келді. Алдағы жарыста «Алаш Прайд» клубының сарбазы армениялық Акоп Степанянмен айқасады. 

Жартылай ауыр салмақтағы Асылжан Бақытжанұлының қазіргі қарқыны өте күшті. Күні бүгінге дейін 7 рет айқас алаңына шыққан ол бірде-бір қарсыласына бет қаратқан жоқ. Мәскеу төрінде қандасымыз ресейлік Мүсілім Магомедовпен күш сынасады. 

– Жігіттердің көңіл күйі жақ­сы. Арман да, Асылжан да алдағы айқасқа жақсы даярланды. Енді олар осы жарыста жеңіске жетіп, барша қазақ жанкүйерлерін қуантуды көздеп отыр, – дейді «Алаш Прайд» клубының президенті Данияр Қасқарауов. 

9-12 мамыр аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Көшпенділер шайқасы» деп аталатын халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Кештің бас жекпе-жегінде еліміздің мықты спортшысы, Азия мен әлем чемпионы, айқас алаңында әлі де жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Шавқат («Номад») Рахмонов пен Тәжікстан тарланы, әйгілі «Ахмат» клубының өкілі Фаридун («Терминатор») Одиловпен кездеседі.
12 мамырда «Алаш Прайд» клубының мұрындық болуымен Қапшағайда бірқатар рейтингтік жекпе-жектер ұйымдастырылады. Алыс-жақын шетелден келген спортшылар қазақтың қайсар ұлдарымен айқасады. Ал басты бәсеке қырғызстандық Ақтілек («Алғыр») Жұмабекұлы мен қазақстандық Махир («Құрыш аяқ») Мамедов арасында өтеді. 

24 мамырда Санкт-Петербургте ережесіз жекпе-жек әлемінің көптеген жұлдыздары бас қосады. Халықаралық эко­но­микалық форум аясында ұйымдас­тырылғалы отырған М-1 Chal­lenge 92 турнирінде қазақтың сайын даласының тағы бір сайып­қыраны сайысқа түседі. Ол – Арман Әшімов. Мұстафа Өзтүрік деген бүркеншік есіммен таны­мал спортшының соңғы кездегі қар­қыны қуантарлық. Ол өзі қатысқан жарыстардың барлығын­да жеңіске жетіп жүр. Нева жа­ға­лауында Арман панкратионнан Еуропа чемпионы, әлем бірін­шілігінің күміс жүлдегері Алек­сандр Доскальчукпен жекпе-жек­ке шығады. Украина спортшы­сының көрсеткіші – 8 кездесу, 7 жеңіс және 1 жеңіліс. Осы айқас барысында М-1 нұсқасы бойынша әлем чемпионы анықталады. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ