Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

Болжамдар дәйектемесі: әлемдік экономиканың дамуы қалай өзгереді?

761 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, бүгін салтанатпен ашылған 11-ші Астана экономикалық форумында (АЭФ) әлемнің ондаған елінен келетін 500-ге жуық спикер пікір алмасады. Әлем сарапшыларының бірауызды пікірінше, АЭФ бүгінгі жаһандық экономиканың даму драйверлерін айқындап, орын алған дағдарыстардың себеп-салдарларын ашып, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін әлемдік пікірсайыс алаңына айналды. 

Болжамдар дәйектемесі: әлемдік экономиканың дамуы қалай өзгереді?

Еуроодақ елдерінің үлесі төмендейді 

ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік экономикадағы өзгерістердің қорытындысы бойынша әлем елдері арасындағы айырмашылық біршама төмендеді, алайда мемлекеттердің ішкі жағдайында байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық барған сайын артып барады. Экономикалық даму төмендеген сайын байлар өздерінің әлеуетін кедейлерге қарағанда еселей арттыруда. Әлемдік экономикадағы бүгінгі қалыптасқан жағдай 2007-2009 жылдары дүние жүзін тығырыққа тіреген дағдарыс салдарынан еңбек өнімділігінің барлық салаларда төмендеп кетуінің көрінісі болып отыр. Сонымен бірге бүгінде қалыптасқан жоғары мемлекеттік және жекеменшік қарыздар, қаржы секторының әлсіздігі, инвестицияның азаюы дүние жүзіндегі дамыған экономикалардың өзінің дамуын тежеп отыр. Сарапшылардың ұзақ мерзімді болжамдары бойынша, 2050 жылға таман әлемдік экономикада түбегейлі өзгерістер орын алады.

PwC халықаралық консалтинг және аудит компаниясының болжамы бойынша, 2042 жылы әлем экономикасының көлемі екі есе өседі. Бүгінгі жаһандық экономиканың танылған көшбасшысы АҚШ-тың орнын Қытай Халық Республикасы алатын болады. 2030 жылы Аспан асты елі экономикасының құны нарықтағы айырбас бағамы бойынша бәсекелестерінен бірнеше есе артады. 2050 жылы Үндістан экономикасының дамуы АҚШ-тан асып түсіп, рынок көлемі бойынша дүние жүзінде екінші орынды ойып алады. Қазір экономикалық дамуы тұрғысынан «жас айдаһарлардың» қатарына қосылып келе жатқан Индонезия әлемдік экономикалық даму бәйгесінде Жапония мен Германияны артқа тастап, төртінші орынды иеленеді. 

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылы жаһандық ІЖӨ-дегі Еуроодақ елдерінің үлесі 10 пайыздан да төмендейтін болады. Халықаралық валюта қорының жаһандық болжамына сәйкес, 2020 жылы әлемдік несие-қаржы саясатының күрделенуіне байланысты дүниежүзілік экономиканың даму қарқыны күрт тежеледі. Жаһандық қаржы жүйесіндегі тәртіптің қатаңдауы, саудадағы келіспеушіліктің артуы, жең ұшынан жалғасу және геосаясаттағы толқулар әлемдік экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. 

PwC-тың «Әлем 2050 жылы. Ұзақ мерзімді болжам: 2050 жылы әлемдік-экономикалық жағдай қалай өзгереді?» атты есепті баяндамасында жаһандық ІЖӨ-нің 85 пайызын құрайтын дүние жүзіндегі 32 ірі экономикаға сараптама жасаған. Әлемдік ІЖӨ-нің басты драйвері бұрынғысынша ЭЫДҰ-ға кірмейтін мемлекеттер болып қалады. Алайда, таяудағы онжылдықтарда әлем елдерінің даму қарқынындағы айырмашылық елеулі түрде қысқаратын болады. Әлемдік саудадағы тауарлар мен қызметтердің көлемі өткен жылы 4,3 пайызға өсіп, жаһандық экономиканың дамуына маңызды ықпал етті. Осыған байланысты Еуропалық саяси зерттеулер орталығының директоры Даниэль Грос «Бұрынғы бәсекелестік экономикасында сыртқы саудада үлкен тапшылыққа тап болған мемлекеттердің сауда соғысында жеңіл жеңістерге жетуі мүмкін еді. Алайда жаңа экономикалық саясатта басқа елдерді ашықтыққа мәжбүрлеу мақсатында басталған сауда соғысының жеңімпазы барлық игіліктерге ие болады», деп атап көрсетеді. 

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы әлемдік экономикаға барынша кірігіп кеткен. Басқасын былай қойғанда, оны еліміздің экономикасында біршама жедел дамып отырған төртінші өнеркәсіптік революция тетіктерінен де айқын аңғаруға болады. Бүгінде қазақстандық экономиканың қай саласын алып қарасаңыз да цифрлы технология мен электронды сауда жан-жақты даму баспалдағына ден қойғанын байқаймыз. 

PwC-тың «Әлем 2050 жылы. Ұзақ мерзімді болжам: 2050 жылы әлемдік-экономикалық жағдай қалай өзгереді?» атты есепті баян­дамасында жаһандық ІЖӨ-нің 85 пайызын құрайтын дүние жүзіндегі 32 ірі экономикаға сараптама жасаған. Әлемдік ІЖӨ-нің басты драйвері бұрынғысынша ЭЫДҰ-ға кірмейтін мемлекеттер болып қалады. Алайда, таяудағы онжылдықтарда әлем елдерінің даму қарқынындағы айырмашы­лық елеулі түрде қысқаратын болады. Әлемдік саудадағы тауарлар мен қызметтердің көлемі өткен жылы 4,3 пайызға өсіп, жаһандық экономиканың дамуына маңызды ықпал етті. Осыған байланыс­ты Еуропалық саяси зерттеулер орталығының директоры Даниэль Грос «Бұрынғы бәсекелестік экономикасында сыртқы саудада үлкен тапшылыққа тап болған мемлекеттердің сауда соғысында жеңіл жеңістерге жетуі мүмкін еді. Алайда жаңа экономикалық сая­сатта басқа елдерді ашықтыққа мәжбүрлеу мақсатында басталған сауда соғысының жеңімпазы барлық игіліктерге ие болады», деп атап көрсетеді. 

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы әлемдік экономикаға барынша кірігіп кеткен. Басқасын былай қойғанда, оны еліміздің экономикасында біршама жедел дамып отырған төртінші өнеркәсіптік револю­ция тетіктерінен де айқын аңғару­ға болады. Бүгінде қазақстандық экономиканың қай саласын алып қарасаңыз да цифрлы технология мен электронды сауда жан-жақты даму баспалдағына ден қойғанын байқаймыз. 

Мемлекет басшысы жария­лаған Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы ел Үкіметінің жұмы­сын жаңа экономикалық және әлеу­меттік даму моделімен тығыз байланыстыра жүргізуге үн­дейді. Сонымен бірге Үшінші жаң­ғыру экономикамыздың бар­лық саласында технологиялық жаң­ғыру­лар­ды арттыруға, жеке кәсіпкер­лікті дамытуға, жаһан­дық даму үрдісінде еліміздің бә­се­келестігін арттыруға бағдар бе­реді. Елбасының экономиканы дамыту мақсатындағы жүйелі бастамалары өзінің игі жемісін беріп келеді. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ІЖӨ өсімі 2014-2016 жылдардағы (2,2%) орташа жылдық даму деңгейінен екі есе артып, 4 пайызды құрады. Міне, осындай даму үрдісінде Қазақстан экономикасы үшін туындайтын қатерлердің бірі банк секторында орын алған проблемалар болуы әбден мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада түбегейлі әрі терең құ­ры­­лымдық реформалар жа­саудың маңызы зор. Сонымен бірге «100 нақты қадам» Ұлт жос­­парында атап көрсетілген мін­­дет­тер шеңберінде, алдағы уа­қытта ел Үкіметі экономи­калық құрылымдарды әртарап­тан­дыруға және жаңғыртуға жан-жақты басымдық беруі қажет. 

Роботтар дәуірі

Адамдарды жұмыс орнынан маши­на­лардың ығыстыруы ерте заманнан бері жалғасып келеді. Баспа станоктарының шығуына байланысты кітап көшірушілер мен түптеушілер мамандығы жоғалса, ХХ ғасырда телефоншы мамандығы пайда болып, ол ғасырдың соңында құрдымға кетті. Ғасырлар тоғысында пайда болған заманауи технологиялар біздің өмірімізді барлық қырларынан өзгертуге дайын. Соңғы жылдарда қоғамымыздың барлық саласын қамтыған жасанды интеллект, блокчейн, 3D баспа, роботтандыру және басқа да инновациялық жаңғы­рулар адам­дарға келелі міндет­терді шешумен қатар, жаңа маман­дық­тарды игеріп, өмірлерін өз­гер­туге әкеліп соғуда. 

Бүкіләлемдік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, 2020 жылы жаңа технологиялар 5 миллионнан астам жұмыс орнын жоя­тын болады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, жақын арадағы жиырма жылдың ішінде ЭЫДҰ елдерінде жұмыс орындарының 57 пайызы автоматтандырылады. Бұл өз кезе­гінде мыңдаған адам­дардың жұмыс орындарынан айырылып, жұмыссыздықтың жаппай өсуіне әкеліп соғады. Бұл елдердің экономикалық және әлеуметтік жүйесі уақыттың бұл сынына әлі дайын емес. Оксфорд зерт­теушілерінің бағалауы бойынша, таяудағы жиырма жылдың ішінде дамушы елдердегі жұмыс орындарының 45 пайызы роботтармен және компьютерлік бағдарламалармен алмастырылатын болады. Үстіміздегі ға­сырдың соңына дейін қазір­гі қолданыста бар маман­дық­тардың 70 пайызы автомат­тан­дырылады. Осы ретте «Инфор­мацион­ная культура» ұйымы­ның директоры Иван Бегтин «Жүргізушісіз машиналар экс­перименті бүкіл әлем бойынша жүріп жатыр. Бұл эксперимент барысында ұзақ сапарларда жүк таситын жүргізушілер, қоғамдық көліктердің жүргізушілері, жол реттеушілер мамандықтары­ның жойылуына әкеледі», дейді. Жақында Еуропалық одақ коми­теті роботтардың құқығын «адам құқығына» теңестіретін «электронды тұлға» құқығы туралы заң жобасын қабылдады. 

Адамзат дамуында бұл үрдіс қандай бетбұрыстарға әкеле­ді? Бұл сұрақтың да нақты бір­жақты жауабы жоқ. Мәселен, Стивен Хокингтің айтуы бойынша, адам еңбегін жаппай ма­шинамен алмастыру бай адам­дарды одан сайын байытады, кедейлер бұрынғыдан да қайыр­шылана­ды. Себебі ірі корпорациялардың ие­лері жал­ақы төлеуге шығындан­бай-ақ, үлкен табыс табуға мүмкін­дік алады. Ал Илон Маск өзіне тән оптимизммен «Еңбек түрлерін автоматтандырудың пайдадан басқа зияны жоқ. Адамдар шығармашылық жұмыспен айналысуға барынша көп мүм­кіндік алады. Олар мемлекет тап­қан базалық пайданың есебі­нен алаңсыз өмір сүретін болады», деп атап көрсетеді. 

Deloitte зерттеулерінің қоры­тын­дысы бойынша, соңғы 15 жыл ішінде Ұлы­британияда өндірісті автоматтандыру үр­ді­сінің нәтижесінде 800 мыңға жуық қол еңбегімен атқа­ры­латын жұмыс орындары қыс­қар­тылған. Сонымен бірге осы мерзімде 3,5 миллион жаңа тех­нологиялық жұмыс орындары ашылған. Осының нәтижесінде Ұлыбритания 140 миллиард фунт қосымша пайда тапқан. 

Соңғы көптеген жылдардан бері ең төменгі жалақы төлей­тін елдердің көш басында Қытай елі болып келді. 2016 жылы бұл мәселе түбегейлі өзгер­ді. Сол жылы Қытайдағы еңбек­ақы төлеу көр­сеткіші Латын Аме­рикасы ел­дерінен басым түсті. Өнім өндіру­шілердің елден тысқары шығып кету қаупінің ұлғаюына байланыс­ты Қытай робот өндірісін дамы­туға бет бұрды. Өткен жылы бұл елде робот-техника өнер­кәсі­бі­нің өндірісі 34,3 пайызға артты. Қабылданған мемлекеттік бағ­дарлама шеңберінде Қытай қызмет көрсету саласына роботтар сату көлемін 2020 жылдары 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды көздеп отыр. Сөйтіп еңбек қымбаттап, технология арзандауда. 

Қазақстанда экономиканы робот­тандыру дәрежесі дамушы елдерге қарағанда едәуір төмен деңгейде. Бүгінде бұл көр­сеткіш 10 мың жұмыс істеу­шіге 70 роботтан келеді. Ал Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда он мың жұмыс істеушіге 500 роботтан айналады. 2018 жылы Қазақстанның 600 ірі кәсіпорыны цифрландыру технологиясын енгізу шараларын жүзеге асырады. Бұл шара өз кезегінде бірқатар жұмыс орындарын қысқартуға алып келмек. «Қазір біз Қазақстан бойынша ірі компаниялардың роботтандыру шараларына кеңі­нен қызығушылық таны­тып отыр­ғандығына куә болуда­мыз. Алайда бұл үрдіс әлі де сақтықпен жүргізілуде. Жаңа технологияларды өндіріс­ке енгізу мақсатындағы мұн­дай сақтықты біз Ресей ком­пания­ларының мысалдарынан да анық байқаймыз», дейді Каспий аймағындағы «Делойт» кон­сал­тингтік департаментінің менед­жері Сергей Гончарев. 

Су және әлем 

Жер шарының 70 пайызын су айдыны алып жатыр. Алайда жобамен 1,4 миллиард шар­шы шақырым су айдынының 97,5 пайызы тұзды су, тек 2,5 пайызы ғана тұщы су (жоғарғы қабатта орналасқан өзен, көл, бұлақ, батпақ). ХХ ғасырдың өзінде ғана Жер планетасындағы тұрғындар саны 3 есе артты. Осы уақыт ішінде тұщы суды пайдалану 7 есе артты, оның ішінде ком­муналдық ауыз суға сұраныс 13 есеге ұлғайды. 

БҰҰ-ның соңғы деректері бойынша, қазіргі кезде әлем халық­тарының 40 пайыздан астамы су тапшылығын көріп отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 783 миллион адам таза су іше алмайды. Сарап­шылардың болжамы бойынша, ХХІ ғасыр­дың ортасында 4 миллиард адам су тапшылығына тап болады. Бүгінгі таңда 2 миллиардтан астам адам таза суды пайда­ланбауға байланысты ауруға шал­дыққан. Қазіргі таңда әлем­дегі су пайдалану көлемі­нің 70 пайызы ауыл шаруа­шы­лы­ғының, 20 пайызы өнер­кәсіптің үлесіне тиеді. Қалған 10 пайызы адамдардың тұрмыстық қыз­метінің сұранысына жұм­салса, тек 1 пайызы ғана ауыз су ретінде пайдаланылады. 

Қазақстан аумағындағы су қоры жер үсті сулары (өзендер, көл­дер, мұздақтар) және минералды көз­дерден шығатын су қоры болып есептелінеді. Елімізде ірі қалалар­ды және елді мекендерді ауыз сумен қам­­тамасыз етуде жер асты су­лары пайдаланылады. «Қазақ­стан-2050» ұзақ мерзім­ді стра­тегиясына сәйкес, бүгін­гі таң­да Қазақстан үшін су тап­шы­лығы ХХІ ғасырдағы төр­тін­ші жаһандық қатер болып есеп­­телінеді. Осы жаһандық қа­тер­ге жауап ретінде 2020 жылы еліміздегі ауылдық ел­ді ме­кен­дердің жартысынан астамы жер асты суларының қорымен қамтамасыз етіледі. Бұл су қоры жер үсті су көз­дері­мен бірге тұрғындарды орталық­тандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатындағы негізгі сұра­нысты қамтамасыз ететін болады. 1,9 млрд текше метр су қорын қосымша жинақтау үшін алдағы уақытта еліміздің 7 облысында 22 жаңа су қоймаларының құрылысы салынады. Бұл өз кезегінде 160-180 мың гектар суармалы алқаптарды сумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Қазақстандағы су тапшы­лы­ғын болдырмаудың негіз­гі көзі транс­шекаралық өзен­дердің суын тиімді пайдалану болып табылады. Еліміздің аума­ғындағы ірі өзендердің барл­ы­ғы дерлік трансшекаралық су көздері болып саналады. Көрші мемлекеттердегі су пайдалану көлемінің жылдан-жылға өсуі осы өзендердегі су қоры­ның азаюына әкеліп соқтыру­да. Сонымен бірге көрші мемлекеттердегі су пайдалану көлемінің шектен тыс артуы трансшекаралық ірі өзендердің суларының ластануына алып келді. Ертіс, Іле, Сырдария және Талас өзендеріндегі қалыптасқан күрделі жағдайлар нақ осындай себептерден туындап отыр. Алдағы уақытта көрші мемлекеттермен трансшекаралық су көздерінің қорын тиімді пай­да­лану жөнінде екіжақты келісім­дер жасаудың маңызы зор. Бұл ба­ғытта ел Үкіметі кешенді жұ­мыстар жүргізіп келеді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»