Футбол • 25 Мамыр, 2018

«Реал» рекорд жаңарта ала ма?

450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамыр айының 26-нан 27-не қараған түні Астана уақытымен сағат 00:45 кезінде жарты әлемнің көз жанары футбол ойынына бұрылады. Аладопқа аңсары ауған әрбір адам Чемпиондар лигасының финалын тағатсыздана күтіп отыр. Ендеше осы орайда біз де «Реал» мен «Ливерпуль» арасында болатын ойынға шолу жасап өтсек. 

«Реал» рекорд жаңарта ала ма?

Ойын басталмай тұрып фи­нал­дың фавориті «Реал» саналды. Ол түсінікті де. Мадридтің командасы соңғы екі финалды жеңіп, осы турнирде атағы дүркіреді. Бұрын-соңды бұл турнирді қатарынан жеңген команда жоқ еді. Енді міне, испан клубы тағы бір рекорд алдында тұр. Зинедин Зидан бапкер ретінде, «Реал» ұжым ретінде Чемпиондар лигасын қатарынан 3 рет жеңуі мүмкін. Бірақ қарсылас та қарап қалмасы анық. 

«Ливерпульдің» басым­ды­лығы болса, ол – шабуыл. Күллі әлем футболына аты танылған дуалы ауыз мамандар британ клу­бының шабуылын бірінші кезекте алға тартады. Салах-Фирмино-Мане үштігі қарсылас біткенді жапырып жеңді. Үшеуі осы фи­налға дейін 29 гол соғыпты. Бірақ бұл команданың бір осал тұсы – қорғаныс. Чемпиондар лигасында ойнаған матчтарының біршамасында гол жіберген. Ағылшын премьер-лигасы жайлы тіпті айтпай-ақ қоялық. Ол жақта «Ливерпуль» ойнаған екі ойынның бірінде гол жіберіп отырды. 

«Реалдың» миллиондаған жан­күйерлері биыл Чемпиондар лигасын жеңбесек, «досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз» деп отыр. Дұшпан дегені – «Барселона» ғой. Каталондық клуб биыл Испан ла-лигасы мен кубогын қатар ұтты. Бұл екі сайыста да жолы болмаған корольдік клуб енді Еуропаның басты турнирінде олжа алуы тиіс. Бұл жағдай «Реал» ойыншылары мен бапкеріне деген зор мотивация екені анық. Бар назар биыл 5 рет Чемпиондар лигасының финалына шығып отырған Криштиану Роналдуға ауып тұр. Көптеген рекордтарды жаңартқан португал ойыншысы Киевте өтетін ойында барын салуы керек. Жалпы, Роналду финалда өнер көрсету саны бойынша тек Паоло Мальдиниден (6 финалға шыққан) ғана қалып тұр. Өткен жылғы финалда «Ювентус» қақпасына 2 гол соққан Роналду бұл жарыстың тарихында 3 финалда гол соққан алғашқы футболшы ретінде тіркелген. 

1981 жылы Парижде болған Чемпиондар кубогының финалында «Ливерпуль» «Реалды» 1:0 есебімен жеңіп, үшінші мәрте кубокты иеленіп еді. Міне, содан бері «Реал» өзі өнер көрсеткен финалдарда жеңілмей келеді. Ал сол Чемпиондар кубогы жары­сы­ның жолында қос ұжым 5 мәр­те кездесіпті. Оның үшеуінде «қы­зыл­дар» жеңіп, екеуін «ақтар» ұт­қан. Бұл ұжымдар соңғы рет Чем­пиондар лигасының 2014-2015-жылғы маусымының топтық кезеңінде ұшырасты. Ол кезде екі ойында да «Реал» басым болды. 

«Реалдың» тәжірибесі мол екені байқалып тұр, оның көп­теген футболшылары Чем­пиондар лигасының төрт фина­лында өнер көрсеткен. Ал «Ливер­пуль» сапындағы ешбір футбол­шы бұрын-соңды финалда ой­намаған. Бірақ британдық клуб еурокубоктердегі тарихында 20-рет ақтық сынға шығып отыр. Бас бапкері Юрген Клопп 2011-2012-жылғы Чемпиондар лигасында «Реалды» жеңіп, финалға шыққан. Алайда өздерінің ежелгі қарсыласы «Баварияға» жол берді. Егер финалда «Реал» ұтатын болса, онда Зинедин Зидан бапкер ре­тінде ағылшын маманы Боб Пейс­ли мен италиялық Карло Анче­лотти секілді осы жарыс­ты 3 рет ұтқандардың қатарына ене­ді. Бірақ Зинедин Зидан биыл да кубок иегері атанар болса, 3 рет қа­тарынан жеңіске жеткен алғашқы бапкер болып тіркеледі. 

Мұндай қызықты мәліметтер, ойын алдындағы шолулар, әрине жетерлік. Бірақ барлығын да алаң­дағы ойын шешеді. Қос ұжым да қарап қалмасы анық. Шабуы­лы күшті «Ливерпуль» мен тәжі­рибесі толысқан «Реалдың» қай-қайсысы да кубок иегері атануға әбден лайық ұжымдар.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»