Парламент • 25 Мамыр, 2018

Өмірзақ Шөкеев Қызылжар өңірінде жұмыс сапарымен болды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қызылжар өңірінде жұмыс сапарымен болып, көктемгі егіс науқанының барысымен танысты. Өндіріс орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Өмірзақ Шөкеев Қызылжар өңірінде жұмыс сапарымен болды

Қызылжар ауданында ор­наласқан «Әйтеке би» ЖШС симментал тұқымдас аталық малдарды жалға берумен де айналысады. Қазір мұнда 720 бас асыл тұқымды мал өсіріледі. Әрқайсысының салмағы 900 килоға дейін жетеді. Бордақылау кешенінде алдағы уақытта мал басы екі мыңға дейін көбейтілмек. 7 мыңға жуық егістік алқабының жартысына дән себіліпті. Серіктестік директоры Асқар Мәдиевтің айтуын­ша, сатып алынған әр ірі қара 170 мың теңге көлемінде субсидия­ланса, жалға алушыларға 40 мың теңгеден төленеді. Бұл өте тиім­ді. Қазір 20-дан астам жалға алушы бар. Осында агроқұры­лым жетекшілерімен кездескен Үкімет басшысының орынба­сары агроөнеркәсіп саласын, оның ішінде мал шаруашы­лығын қолдауға бағытталған бағ­дарламалар жөнінде әңгімеледі. Ауыл шаруашылығына берілетін демеуқаржы бүгінде 240 миллиард теңгені құрап отыр. Таяу жылдары ауылшаруашылық өнімдерін 2,5 есе дейін арттыру міндеті тұр. Алдағы уақытта өтетін Үкімет отырысында са­ланы одан әрі дамытудың тың ба­ғыт­тары қабылданады. Елімізде 16 мың құрылым мал шаруашы­лы­ғы­мен шұғылданады. Олар 100 мыңға дейін жеткізіледі. Мал бор­дақылау алаңдары көптеп ашылады. 

«Зенченко және К» командиттік серіктестігінде 8 мыңдай ірі қара малы өсіріледі. 630 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Серіктестіктің өнімдері үлкен сұранысқа ие. Былтыр 16 мың тонна сүт, 935 тонна ет өндірілген. Егістік алқаптар 22 мың гектарды құраса, 10 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Серіктестіктің мәдениет үйін­де өткен кеңесте Ө.Шөкеев агро­­өнеркәсіп кешенінде мем­ле­­кеттік саясатты жүзеге асыру­дың ілкімді тетіктерін, сондай-ақ тұқым шаруашылығын субсидиялаудағы өзгерістер мен жаңа­шыл­дық­тарды тілге тиек етті. 2021 жылға таман түгелге дер­лік жоға­ры сапалы тұқыммен қам­ту белгі­ленген. Сүтті мал шаруа­шы­лығын өркендетуге басым­дық беріледі. 

Премьер-Министрдің орынбасары «ЗИКСТО» кәсіпорнында болып, астық таситын вагон­дар­дың ерекшелігіне назар аударды. Бұрын шығарылып келген вагон-хоппер жаңаланып, сыйым­дылығы ұлғайған. Жылына екімың данасын шығаруға қабі­летті. Ал «Қазтехмаш» зауытын­да «САМПО» комбайндары құрас­ты­рылады. Қуаттылығы 400-500 ат күшіне тең 300 комбайнды Ор­талық Азия мен Ресей нарығына жөнелту жоспарланған. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы