Футбол • 28 Мамыр, 2018

Бэйлдің бенефисіне айналған финал

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан 2017-2018 жылғы Еуропа Чемпиондар лигасының тағы бір маусымы тарих қойнауына енді. Киевте өткен турнирдің финалдық бәсекесі «Реал» мен «Ливерпуль» арасында өтіп, төрт гол соғылған ойында Мадрид командасының жеңісімен (3:1) аяқталды.

Бэйлдің бенефисіне айналған финал

Алғашқы таймда гол соғыл­маса да ойын тағдырына әсер етуі әбден ықтимал жағдай орын алды. Бірінші таймның орта тұ­сынан асқанда «Ливерпуль» ко­мандасының шабуылшысы, АПЛ-дің биылғы үздік сұр­мергені атанған мысырлық Мо­хамед Салах жарақат алып, ойын­ды ерте аяқтауға мәжбүр бол­ды. Арада жеті минут өткенде «корольдік клубтың» қор­ғау­шысы Даниель Карвахаль да жарақат алып, ойынды алаң сыртынан тамашалады. Шетелдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, Салахқа қарағанда Карвахальдың жарақаты тым ауыр. Испаниялық футболшы Ресейде өтетін әлем біріншілігіне бара алмауы мүмкін. «Салахтың жарақаты жеңіл, екі аптадан соң қайта өз қалпына келеді», деп мәлімдеді Мысыр спорт министрі Холид Абдулазиз.

Екінші тайм Мадрид ұжым­ы­ның допқа иелік етуімен басталды. Жыл сайын Еурододалардың финалында ойнап жүрген «Реал» командасының футболшылары өз тәжірибелерін көрсетті. Ойынның 51-минутында Бензема «Ливерпуль» клубының германиялық қақпашысы Лорис Кариустың қателігін тиімді пайдаланып, ойындағы есепті ашты. Жанкүйерлер екінші голды көп күткен жоқ. Ағылшын командасы қақпасына өткізіп алған голдан 4 минуттан кейін есепті теңестіріп кетті. Бұрыштамадан әуелете көтерген допқа бірінші болып жеткен Мане Навас қор­ғаған қақпадан саңылау тапты. 
Есеп теңескен сол «Реалдың» бас жаттықтырушысы Зидан маңызды қадам жасады. Матчтың 61-ші минутында Исконың орнына Гарет Бэйлді шығарып, өзінің көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алаңға шыға салысымен алға қарай лап қойған Уэльс құрамасының шабуылшысы 64-минутта «Ливерпуль» қақпасына шебер орындалған әдемі гол соғып, командасын есепте тағы алға шығарды. Бэйлдің қайшылай соққан голын бүкіл әлем жанкүйерлері осы маусымның үздік голы деп баға беріп жатыр. 

Бэйл мұнымен тоқтаған жоқ. Үнемі шабуылға араласып, қақпа маңында қауіп төндірген уэльстік футболшының гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Матчтың 83-минутында Бэйл ойындағы үшінші, өзінің екінші голын салып, «Реалға» маңызды жеңіс сыйлады. Сонымен қатар ол Чемпиондар лигасының финалында қосалқы құрамнан алаңға шығып, дубль жасаған тарихтағы тұңғыш футболшы атанды. Осылайша, Чемпиондар лигасының финалы Бейлдің бенефисіне айналды. 

«Реал» Чемпиондар лигасында 13 мәрте жеңімпаз атанды. Бұл рекорд біраз уақытқа дейін бұзыла қоймайтыны анық. Екінші орында 7 кубокпен «Милан» командасы келеді. Ал «Барселона», «Бавария» және «Ливерпуль» клубтары бес реттен жеңімпаз атанған.