29 Мамыр, 2018

Менингит қаншалықты қауіпті?

856 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта менингитке шалдығу оқиғасы жиілеп кетті. Әсіресе Алматы қаласында аурудың құрығына іліккендер көп. Жуырда Қазақ көлік және коммуникация академиясының 1 курс студенті осы аурудан көз жұмды. Жатақханада бір бөлмеде тұрған студенттер емдеу курсынан өтуде.

Менингит қаншалықты қауіпті?

Ал соңғы қоңырау мерекесіне бір күн қалғанда Алматы қаласындағы №165 мек­теп-лицейінің оқушысына сірлі менингит диагнозы қойылды. Алматы қалалық қо­ғам­дық денсаулық сақтау депар­та­мен­тінің мәлімдеуінше, 25 мамырға дейін ста­ционарларға менингококк инфекциясы қаупімен 50-ден астам адам қаралды. Олар­дың басым бөлігінде ауру белгілері бай­қалса, төрт науқас қайтыс болған. Іркес-тіркес орын алған осы оқиғалардың бәрі қоғамның алаңдаушылығын туғызды. Себебі менингококк инфекциясына қарсы екпе Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесінде жоқ. Оның үстіне бұл әлемдегі қымбат екпелердің бірі. Әлбетте Мекке мен Мединаға қажылыққа баратын адамдардан менингококке қарсы екпе талап етіледі. Өйткені қажылық кезінде жаппай осы кеселге шалдығу деректері әлденеше рет тіркелген-ді.

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының профессоры, Тұрғындарды иммундау жөніндегі консультативтік комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, менингококк бактериясының 12 түрі бар. Олардың 6-уы (A, B, C, W135, Y, X) адам өміріне өте қауіпті. Бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне тығыз байланыс кезінде, бір мекемеде бірге ұзақ отыру кезінде жұғады. Бұл шұғыл медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан және аурудың асқынуынан өлімге апару мүмкіндігінің жоғары болуымен қауіпті. Одан аман қалған әрбір бесінші адамды өмірінің соңына дейін сіңірдің тартылуы, аяқ-қолдың қозғалмауы, бүйрек аурулары, кереңдік және ақыл-естің кемістігі тәрізді шектеулер мазалайды.

Ұлыбританияда менингококтің иммундық профилактикасы тегін екпелер күнтізбесіне енген. Ағылшындар бұған қалай қол жеткізді? Менингококк инфекциясын жеңіп шыққанымен мүгедек болып қалған қыздың ата-анасы қоғамға осы оқиға туралы ашық айтты. Ауру салдарынан баланың аяқтары мен бір қолы ампутацияланып, бүлдіршін қыздың күнделікті өмірі түсірілген бейнеролик ғаламторға жарияланды. Бұл елдің денсаулық сақтау министрлігі тегін иммундау туралы шешім қабылдауы үшін көп қол жиналуына ықпал етті. Осылайша, Англия менингoкокк инфекциясы профилактикасын күнтізбеге алғаш енгізген ел атанды. Жалпы, бұған қарсы вакцина Еуропа елдерінің көбінде егіледі, алайда оның барлық түріне қарсы вакцина жасала бермейді. Англия, Австралия, АҚШ менингококктың 5 негізгі түріне қарсы екпе егеді. «Менингококк белдеуі» бар Африка елдерінде тұрғындарды егу деңгейі жоғары болғанымен вакцина барлық бактерияларды қамтымайды. Қазір Африкада көп валентті вакцина қолдану қажеттігі туралы мәселе көтерілуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы менингококк инфекциясына шалдығу деңгейі жоғары елдерде екпе жүргізуге кеңес береді.

Қазақстанда соңғы 10 жылда менингококк инфекциясымен ауыру жоғары деңгейде сақталып отыр. Яғни 100 адамға 6,7-7,4 жұқтыру оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіш. Ал балалар арасында тіркелуі көбірек. Дертке шалдығудың жоғары деңгейі Астана мен Алматыда байқалды. Қазіргі кезде өзін немесе отбасын қауіпті дерттен қорғауға ниет білдіргендер жеке екпе алуға құқылы. Нарықта сапалы вакциналар бар. Отандық дәрігерлер алдағы уақытта елімізде де аталған екпе күнтізбеге енгізілетінін, менингококк инфекциясын анықтау бойынша қанатқақты жоба қолға алынғанын айтады.

Дәрігерлердің айтуынша, мениногоктің алғашқы белгілеріне жоғары дене температурасы, бас ауыру, сананың бұлыңғырлануы және діріл жатады. Менингококктар ыдыраған кезде эндотоксин бөледі. Эндотоксин ұсақ қан тамырларын зақымдай отырып, теріге, ішкі органдарға, соның ішінде бүйрек безіне қанның құйылуына, бөртпеге әкеледі. Бұл аурудың алғашқы сағаттарында есеңгіреуге немесе өлімге апаруы мүмкін. Адамдардың бір жерде шоғырлануы менингококті жұқтыру қаупін арттырады. Басты қауіп бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге және қарт адамдарға төнеді. Менингококк инфекциясына шалдығу деңгейі 1 жасқа дейінгі балалар  арасында жоғары.

«Сақтансаң – сақтайды» дейді. Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігерге қаралудың маңызы зор. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністерді міндетті түрде мұқият тазалап тұтынған абзал. Су мен бассейн де, тіпті ауадағы ағыс та вирусты тасымалдау қызметін атқаруы мүмкін. Сондықтан жеке гигиеналық тазалықты қатаң қадағалап, инфекция қаупі жоғары кезде мәдени-бұқаралық шараларға қатысуды, түрлі сауда-ойын-сауық орталықтары мен ойын алаңдарына, спорт секцияларына баруды шектей тұру керек. Тіпті мекемелерде бөлменің терезесін ашып, ауа алмастырудың да өзіндік маңызы бар.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»