Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Жақсы демала білейік

3933 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында қолыма журналист Сейфолла Шайынғазының «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 11 мамырдағы №86 нөмірінде жарияланған «Осы біз қалай демалып жүрміз?» атты мақаласы түсті. Әуелі тақырыбына қарап «жаз мезгілі келе жатыр, Қазақстандағы демалыс орындары туралы жазылған болар» деп ойлағаным рас. 

Жақсы демала білейік

Мақаланы оқып шығып, қайран қалдым. Алғашқы ойым қате болса да, автор өте орынды мәселе көтеріпті. Мақала­дан керемет әсерленіп, қолыма қалам алуға тура келді.

Мақалада автор қазіргі адамдар­дың дұрыс демала білмейтіндігін, қаладағы адамдар мен ауылдағы адамдар­дың демал­ысы туралы жаз­ған. Иә, шынды­ғында біз қалай демалып жүрміз? Сол демалып жүрген демалысымыз денсау­лығымызға пайдалы ма? Жалпы, демала білеміз бе біз?

Әрине демалысты тек ұйықтау деп қабыл­­дамау керек. Әдетте, біздің жек­сенбі күнгі демалысымыз шаруа жасау­мен өтеді. Жексенбіде кір жуа­мыз, үй жинаймыз, т.б. Өз басым кезекті еңбек демалысымызда сауық­тыру орындарына бару, сол жерде ем алу немесе табиғат аясына шығып серуендеуді жоспарламайды екенмін. Ол тіпті ойыма да келмеген, жоспарымда да жоқ. Әдетте менің үй жағдайындағы демалысым әдеби кітап оқумен өтеді. Қазіргі уақытта Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» эпопеясын қай­та­л­ап қолға алып оқып жатырмын. Мек­тепте оқып жүргенде осы кітапты оқыған­мен, қазір қайталап оқу мен үшін керемет рухани байлық, рухани демалыс десем де болады. Жалпы, әдеби кітаптарды көп оқимын және демалып қаламын.

Бұған қоса өзім сүйетін әндерді тың­дауға тырысамын – бұл да мен үшін демалыс.

Ауылда тұратын адамға театр, концерт, музей залдары жоқ. Табиғат аясына шығып, балық аулау болмаса. Ал қалада демалыс орындары өте көп. Уақытын үнемдей білетін, демала білетін адамдар үшін таңдау көп. Мысалы, мен Орал қаласына барғанда міндетті түрде Сырым Датұлы ескерткішінің маңын­дағы шағын саябаққа барғанды, сол жерде уақыт өткізгенді ұнатамын. Қаланың іші қанша шу болса да, сол жер мен үшін мүлгіген бір тыныштық секілді. Себебі көкпен таласқан субұрқақ әдемілікті бейнелейді. Жап-жасыл ағаштар, демалып жүрген адамдар... Ол жерде көбіне үлкен адамдарды кездестіресің. Бай­қауымша, көбіне орыс ұлтының адамдары демалып жүреді. Демалып отырған адамдарға «жақсы демалыңыз» деп тілек айтсаң, олар да қуанып, «рақмет, сіз де жақсы демалыңыз!» деп жатады.

Мен үшін дүкен аралап, шопинг жасау демалысқа жатпайды. Ол тек уақыт өлтіру деп ойлаймын. Қалалық жерде театрға бару, спектакль тамашалау рухани демалыстың бір түрі ғой. Театр – бөлек әлем. Бірде қалада оқитын ұлым тобымен бірге театрға барған екен. «Мама, театр деген керемет екен ғой, ол жер мүлдем басқаша екен!» деп маған әсерін тамсанып тұрып айтқаны бар.

Кейде өз балаларымызға демалыс­тың да түрі бар екенін, қалай демалу керек екенін де айтып отыру артық етпес деп ойлаймын. Иә, адам баласы өзі үшін, өзінің демалысы үшін ештеңе­ден аянбағаны жөн. Бірақ уақыт­ты сылтау ететініміз тағы бар. Кей­де қалалық жерде өзге ұлт өкіл­дері­нің итпен серуендеп жүргенін көреміз де, «енді серуендейтін осы ит қалып еді» деп ішімізден ренжіп жатамыз. Мүмкін сол адамдар үшін ол демалыстың бір түрі шығар?!

Сөзімнің соңында «Жақсы демала білетін адам – мәдениетті адам» деп айтар едім. Бұл менің журналистің жазған мақаласына қосқан өз пікірім.

Жақсы демала білейік.

Эльмира ШАЙМАРДАНҚЫЗЫ,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы,
Есенсай ауылы