Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Астанада «Корсар» балетінің премьерасы өтті

452 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында қарақшылардың қиялшыл өмірінің шытырманына құрылған әйгілі «Корсар» балетінің премьерасы өтті.

Астанада «Корсар» балетінің премьерасы өтті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Француз композиторы Адольф Аданның ғажайып музыкасы жан бітірген әлемдік балет өнерінің жауһары елорданың 20 жылдық және аты аңызға айналған балетмейстер, осы жылы барша әлем 200 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтіп жатқан көрнекті тұлға Мариус Петипаның айтулы мерейтойына орай сахна төріне шығып отыр. Қойылымның қоюшы хореографы – Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, есімі жаһанға мәшһүр балерина Алтынай Асылмұратова. Қоюшы дирижері – Арман Оразғалиев.

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің қолдауымен сах­наланған жарқын бояулы туындының әлемдік балет өнері тарихынан алар ор­ны айрықша. Ағылшын ақы­ны Байронның 1814 жылы жаз­ылған осы аттас поэма­сы негізінде өмірге келген шығарма Жюль-Анри Вер­нуа де Сен-Жорж және Жозеф Мазильенің либреттосы­мен тұңғыш рет 1856 жылы Францияның Париж Опера театрында (Opéra de Paris) тұ­сауы кесіледі. Алғашқы сах­налануынан-ақ үлкен абыройға ие болған шығарма күні бүгін­ге дейін театр төрінен түспей, теңіз қарақшылары, батыл Конрад және оның сымбаты ­келіскен сүйіктісі Медора жайлы қызықты да әсерлі оқиға 162 жыл бойы көрерменін үздіксіз қуантып келеді. Қою­шы хореограф Алтынай Асыл­мұратова «Астана Опера» театрының репертуарына же­ңіл, шытырманға толы әрі көрер­мендерге мәңгілік өмір­лік құндылықтар жайында толғануына мүмкіндік беретін, жарасымды әзілімен қуантып, жан рақатына бөлей алатын спектакльді қосу үшін дәл осы балет жауһарына тоқталған екен.

– «Корсар» – бүгінде әлем­дік балет өнерінің трендіне айналған үздік шығармалардың бірі. Репертуарында бұл әйгілі туынды жоқ опера және балет театрлары кемде-кем. Оның үстіне, биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы мен ба­лет өнерінің атасы, хорео­граф Мариус Петипаның 200 жылдық мерейтойы қа­тар келіп отыр. Осы айтулы оқиғаларға орай, өнер тілі арқылы тарту жасағымыз келді. Ал «Неге «Корсарды» таң­да­дыңыз?» десеңіз, адам жанын жылылыққа, мерекеге бөлейтін жарқын бояулы, көрерменге шын мәнінде рухани демалыс сыйлайтын шығармалар қай театрдың да репертуарына керек. «Корсар» – дәл сондай балет. Мұнда би өнерінің күрделі техникасынан бұрын, шығармашылық ізденіс пен импровизацияға, еркіндікке жақсы мүмкіндік бар. Осы арқылы әртістердің мүмкіндігін ашқым келді», – дейді қоюшы-хореограф, «Ас­тана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетек­шісі Алтынай Асыл­мұратова.

Иә, Алтынай Әбдіуәхим­қызының «Корсарға» келуінің жоғарыда айтылғандардан бөлек тағы бір үлкен себебі – осыдан тура 30 жыл бұрын Санкт-Петербургтің әйгілі Мария театры сахнасында қо­йылған «Корсар» балетінде өнер иесі басты кейіпкер Ме­дора бейнесінде көрінді. Сондықтан да бүгінде қоюшы-хореограф есебінде білек сыбана жұмысқа кіріскен балет патшайымының «Кор­сар» дегендегі көңілінің өз­геше өрекпитіні. Медора партиясында оның барлық жастық шағы сайрап жатыр­. Ал бұл жолғы қо­йы­лым­да балеринаның сүйікті рөлі – Медораны Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева өз бедерін­де бейнеледі. Конрад – Арман Оразов, Олжас Тарланов; Исаак Ланкедем – Бақтияр Адам­жан, Бирбанто – Ильдар Шакирзянов, Олжас Махан­бетәлиев; Сеид-паша – Рахме­толла Науанов, Жанәділ Бей­сем­биев; Гюльнара – Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері Мәдина Бас­бае­ваның орындауында көрер­меніне ғаламат қуаныш сыйлады.

Қоюшы-хореограф Алты­най Асылмұратованың айтуынша, оқиға ықшам әрі дина­микалы өрбитіндіктен, қойылымға П.Гусевтің өң­де­уі таңдалып алыныпты. Сол негізде балеттегі кей­бір партияларға бірқатар өзгеріс­тер енгізілген.

Осынау хореографиялық туындыны жасау жұмыстары­на театрдың барша қызметі бірнеше ай қажырлы еңбек етті. Қоюшы суретші, «Ос­кар» сыйлығының лауреаты Фран­ка Скуарчапино 220-дан астам бірегей костюм үлгісін жасаса, сценограф Эцио Фриджерио спектакльдің басты декорациясы – кемені жасауда үлкен жұмыс атқарды. Проекциялар бойынша дизайнер Серджио Металлидің 3D форматтағы проекция не­­­гізінде туған суреткерлік із­денісі де көрермен назарынан тыс қалған жоқ.

Иә, мамырдың жайма­шуақ күнінде Алтынай Асылмұра­това қолтаңбасында «Астана Опера» театрында қойылған бұл «Корсардың» көркемдік һәм шеберлік деңгейі әлем­дік сахналанулардың кез келгенімен иық тірестіріп тең тұруға лайық. Себебі мұнда қоюшы хореографтан бастап сахна машинисіне дейін кіл кәсіби мамандар тартылды. Бір ғана сценографиясы мен костюмі итальяндық хас маман – ерлі-зайыпты Эцио Фрид­жерио мен Франка Скуар­чапино тандемінде көз тар­тарлық сұлулыққа ие болған.

Буырқанған теңіз толқы­нымен арпалыса алға жыл­жыған алып кеме өзінің сах­налық салтанатымен көз­ тар­тады. Сахна суреті­нің шы­найылығы сол – асау тол­қын­ды, алып теңізді кейіп­кер­лермен бірге сіз де қатар кешіп келе жатқандай ғажайып әсер­ді бастан өткересіз. Әртіс­тер­дің ішкі эмоциясымен қа­тар үндескен сахналық әсем қимыл да көрерменін көркем әлемнің тұңғиығына қарай тарта жөнеледі. Ол әсерден шымылдық жабылғанда бірақ ажырайсыз. Сұлулық үстемдік құрған сахнаға көз тіге отырып қоюшы-сценограф Эцио Фриджерионың аз еңбек­тенбегеніне шын иланасыз.

«Астана Опера» театры­ сах­на­сында осымен­ 8 қо­йы­­лы­мының премьерасын­ жарқырата өт­кіз­ген Эцио Фриджериоға жақын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Сценограф – «Достық» орденін иеленген итальяндық алғашқы азамат. Бір ғана «Абай» операсы арқы­лы ұлттың табиғатын дөп таны­ған Эцио Фриджерио сол кездің өзінде-ақ көрермен жүре­гінен орын алып үлгер­ген. Президент атынан табыс етілген «Достық» ордені – шығармашылық иесіне деген өнерсүйер қалың көрер­меннің риясыз құрметі мен ықыласының белгісі болса керек.

Балет – сұлулықты сүйетін бекзат өнер десек, сол талапқа біз тамашалаған «Корсар» то­лық­тай жауап береді деп сенім­мен айта аламыз. Өнердің нағыз мерекесін сыйлаған шығар­машылық ұжым жұмы­сы­нан рухани азық алған көрер­мен өнерпаздарға риза көңілмен қошемет көрсетісті.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»