Тәрбие • 04 Маусым, 2018

Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу

2099 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ мемлекеттік қыз­дар педагогикалық уни­вер­ситетіне кел­генінде «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп, оқу орнының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Тағы­лымды тәрбие мен өрісті бі­лім­нің іргелі ордасы, көзіқарақты зиялы қа­уым «ізеттілік пен үлгі-өне­ге отауы» деп атайтын Қыз­дар университеті қазақстандық патрио­тизмді, Елбасы­ның «Мәң­гілік ел» жалпы­ұлттық идеясын бас­ты бағдар ретінде ұстайды.

Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу

Өркениетті мемлекеттер санатына қосылуда адамгершілік-этикалық идеялар көрініс тап­қан қазақ халқының рухани мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл туралы Ел­басы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз», деп атап өткен болатын.

Кейінгі жылдары қоғамдағы келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие са­ла­сындағы инновациялық көзқарасты педагогикада­ жү­йелі түрде пайдалануға бай­­ланысты тиімді идеяның бол­мауы адамгершілік, мо­ральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған, керісінше әр өзгеріске байланысты жетіліп отырған қа­зақтың озық моральдық-эти­калық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар – адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланыс­ты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі.

Маман даярлау заман ағы­мына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қа­жет етеді. Әлемдегі бедел­ді уни­верситеттердің тәжірибе­леріне сүйенер болсақ, ұстаз дайындаумен шектелмей, қо­ғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілердің ғана емес, қоғам талаптарына да сай келуін қамтамасыз етеді. Бүгінгі өзге­рістер – әлем тарихындағы жа­ңа мүмкіндіктер мен жа­ңа­шылдықтар дәуірі. Қыздар университетінде заман көшіне ілесу мақсатында жүйелі жұ­мыс жүргізілуде. Тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ хал­­қының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар та­за­лығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қана­ғаттандыратын ұстаз маман да-
йындауды мақсат етіп келеміз. Ұлтымыздың ұлылығын ұлық­тайтын ұғымдардың бірі – этика. Әр елдің орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі қалып­тасады.

Қазақ халқы қай кезеңде болсын қыз тәрбиесіне жете мән берген. Мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы, яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мә­дениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетін, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы қазақ қыздарының бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйел­деріне тән даналықты, ұстам­дылықты, сезімталдықты, тап­­­қырлықты үлгі тұтуға ша­қыр­ған. Дана халқымыз қыз тәрбиесінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі және қоғамдағы адамгершілікті моральдық-этикалық мәдени қарым-қа­тынасқа аса мән берген. От­басы, туыстар арасындағы қарым-қатынастың адам санасына, мінез-құлқына, ішкі және сыртқы мәдениетінің қалыптасуына әсерінің мол екенін жете түсінген. Мәселен, әке мен баланың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, келін мен қайын ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, күйеу мен қайын ененің, бажалардың, жезделердің, бөлелердің арасындағы өте нәзік жарасымды қарым-қатынас моральдық мәдениеттің негізін қалауда үлкен рөл атқарған десе артық болмайды. Жас келіннің Тотым, Айнам, Сері жігіт, Ер­ке­жан сияқты ат қоюының өзі алдыңғыларға құрмет, кейін­гілерге ізет көрсету болса, Өзен­бай, Қамысбай, Қойшыбай, Бә­кібай, Қасқырбай есімді қайын ағалардың есімдерін атаудан қашқақтап, қасқыр жарып кеткен қойды бауыздап алу үшін қасындағы кішкентай қайнысын ауылға жұмсаған жеңгенің: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетті, қынамадан жаныманы әкелсін» деуінен, біріншіден, әдеп­тіліктің, ізеттілік пен сый­ластықтың белгісін көр­сек, екіншіден, ойының ұшқыр­лығын, тапқырлығын, сөзге зеректігін байқаймыз.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орталық Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәу­лесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық та­рихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Қазір мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олар­дың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыс атқарылып, отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыз­дар университетінің басты ерекшелігі білім беруде ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала білуі дер едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасында кездесе бермейді. Ұжым ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады.

Оқу орнында гендерлік сая­сат бойынша іргелі жұмыс атқарылуда. Әйелдердің сая­си көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып ке­леді. Қоғам мен мемлекет тарапынан нәзік жандылардың белсенділіктері мен саяси ық­палдастықтарына сенім жо­ғары деңгейде көрініс табуда. Осы орайда университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аумағында жалғыз екенін ерекше атап өткен ләзім. Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүм­кіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру. Институт гендерлік теңдік идея­сын дамытуды білікті педагог кадрларын дайындау және ғылыми-зерттеулер арқылы іске асырады. Университетте «Қа­зақ аруы» атты курс оқу үде­рісіне енгізілген. Ұлт бола­шағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүл­тіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймыз. Бүгінгі талапқа сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туа­ды. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзент­терінің салиқалы анасы. Олар­дың бойында тағылымды тәр­бие болғанын қалайтынымыз белгілі. Сондықтан рухани құн­­дылықтарымызды сақтай отырып, өнеркәсіптік революция заманының ерекшелігін игерген ұстаз тәрбиелеу – уни­верситеттің басты бағдары. Қазір оқу орнында 38 ұйым қыз­мет атқарады. Қыздар уни­верситетінің студенттері адам­гершілігі жоғары тұлға ретінде түрлі қоғамдық, қайырымдылық акцияларға белсенді қатысады. Болашақ әлеуметтік қыз­мет­керлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласын­дағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейі­рім­ділік, сүйіспеншілік, қайы­рымдылық сияқты ізгі ұғым­дарды қалыптастыру.

Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандар­дың бәсі басым болмақ. Мұ­ны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орын­дарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қата­ры­ның көшбасшысы етіп тәр­биелеу – ғасырға жуық үздік­сіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағ­дары.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ