Футбол • 08 Маусым, 2018

Нүркен Мәзбаев «Тараздың» тізгінін ұстады

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің танымал футболшысы Нүркен Мәзбаев «Тараз» клубының тізгінін ұстады. Бұл жаңалықты жергілікті жанкүйерлер жылы қабылдады.

Нүркен Мәзбаев «Тараздың» тізгінін ұстады

1972 жылы Жамбыл облысының орталығында дүниеге келген Нүркен Мәзбаев ұзақ жылдар «Тараз» және еліміздің басқа да клубтарында өнер көрсетті. 1996 жылы аталмыш команда сапында және 2000 жылы Астананың «Жеңісімен» бірге Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін олжалады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 13 кездесу өткізіп, қарсыластар қақпасын екі мәрте дәл көздеді.

Сонымен қатар «Тараз» клубының спорттық директоры қызметіне Азамат Ниязымбетовтің тағайындалғанын айта кетейік. Ол да Әулие ата өңірінің тумасы. Өзінің спорттық карьерасын республикамыздың бірқатар клубтарында өткізген Азамат жасыл алаңда өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Екі рет ел чемпионы атанып, екі мәрте кубокты иеленді. Бірер жыл Қазақстанның олимпиалық құрамасы мен ұлттық команда сапында ойнап, сан мың көрерменнің көзайымына айналды. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»