Театр • 11 Маусым, 2018

Семейде «Жәнібек ән салады...» драмасы сахналанды

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі Абай театрында Қазақ­стан Журналистер одағы сый­лы­ғының лауреаты, ұзақ жылдар респуб­ликалық «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқарған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» драмасы сахналанды. Шығарма әнші, жазушы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің шығармашылығына арналған.

Семейде «Жәнібек ән салады...» драмасы сахналанды

Қойылым Қарауылдағы мектеп аула­сында шуылдаған, әзіл-қал­жың­дары жарасқан бір топ жас­тың өзара әңгі­месінен басталады. Олардың арасын­да домбыра ұстаған Жәнібектің шоқ­ты­ғы биік екені байқалады. Ал енді тағы бір көріністе ұстазы Кәмен Ораза­лин­мен сырласып, оның ағалық ақы­лына ден қояды. Жәнібек ара-арасында ш­абыты ұстап, құйқылжыта ән де сала­ды. Әнші бейнесі ә дегеннен кө­рер­менді шынайылығымен баурап алады. Бұл актер Азамат Нұрғамыстың ше­берлігіне байланысты екендігі сөз­сіз. Ке­йіп­кер кейпіне мейлінше енген ак­тер Жәнібектің бар болмысын, ха­рак­­­терін ашып көрсетуге қажыр-қай­ра­­т­ын жұмсағаны да көзге ұрып тұр. Жә­ні­­бек-Азаматтың көрермен ықы­ла­­сы­н­а бө­леніп, олардың жүрегіне қоз­­ғау сал­ғаны рөлді әртістің бар қа­­рым-қа­бі­л­етімен орындағанында болса керек. 

Актер Мырзахан Сыдықов та Кә­мен ұстаздың рөлін сәтті сомда­ған. Ұстаз­дың шәкіртіне деген жана­шыр­лығы, ұстазға тән тереңдік, білімдар­лық Сыдықовтың орындауында таби­ғилықпен өріледі.

– «Жәнібек ән салады...» қойы­лы­мын дайындау барысында байқаға­ны­мыз, Дәулет Сейсенұлының әншілік дарынымен танылған Жәнібек Кәр­меновтің өнер саласына қосқан үлесін ерекше дәріптегені, оны театр актерлерінің шеберлікпен орын­даға­ны көрермендерге ерекше әсер етті, – деді Мәдениет қайраткері, Абай театры­ның директоры Бауыржан Төлеков.

Театрдың әдеби бөлімінің мең­геру­шісі Мерей Қарттың айтуынша, Жәнібектің бүкіл ғұмырын бір спек­­такльге сыйдыру әсте мүмкін емес. Десек те қойылым режис­сері Ербол Жуасбек бастаған әртіс­тер тобы әнші­нің өмірінен жазыл­ған шығар­маны көрерменнің көңілінен шығаруға бүкіл күш-жігерін жұмсаған.

Спектакльдің тұсаукесеріне Ал­ма­­ты­дан арнайы келген Жәнібек Кәр­менов­тің жары Тұрар пьеса авторына, театр ұжымына өзінің ризашы­лығын білдірді. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ