Медицина • 26 Маусым, 2018

Сөз сойыл №63 (ВИДЕО)

1041 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №63 (ВИДЕО)

Қатынның күші  атомның күшімен тең

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында тұратын сықақшы Төрежан Мәндібаев Алматыға бір келгенінде жазушылар Көпен Әмірбек пен Баянғали Әлімжановқа:

– Мені Оспанхан Әубәкіровпен таныстырыңдаршы. Бір көру арманым! – деп қызға ғашық болған жігіттей қиылады.

– Жарайды, Төке! – дейді екеуі. «Құр қол бару ұятты» деп арақ-шараптың түрлі «руын» түгендеп, Ос-ағаңның үйіне барады. Барса – мәссаған, безгелдек! Осекеңнің ұнжырғасы түсіп кеткен, Нұрсұлу жеңгей ашулы. Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдыраған сияқты.

– Ағаларың сендерсіз де «дымқыл», – дейді жеңгей қабақ шытып. – Өз­дерің кішкене ауыз тиіңдер де, ауызғы үйден қайтыңдар. Болды, болды... Ағаңа көп құйма!

Төрежанның жаны қалмай қалбалақтап, жеңгейдің рөмкесіне арақ тамызайын деп ұмсына берсе:

– Ішпеймін! – дейді шорт кесіп.

– Онда – коньяк...

– Жоқ! – дейді жеңгей шекесі шибарқыттанып.

– Онда шампаннан көресіз бе?

– Ішпеймін!

– Әлде – қызыл шарап...

– Оны да ішпеймін!

 Төрежан басын қасып:

– Ояа-а-ба-а-й, Осаға, – депті таңырқап, – жеңгеміз енді не ішеді?

Оспанхан омпа тұрған асықтай одырайып:

– Жеңгең тек менің қанымды ішеді! – депті. – Ал жігіттер, қатынның күші – атомның күшімен бірдей, жарылып кетсе жаман болады. Осы тойғандарыңмен қайтыңдар!..

Ұшақпен жарысқан сатирик

Осағаң «Жигули» машинасымен апатқа ұшырап, ауруханаға түсіпті. Хал-ахуалын сұрай барған Жамбыл ауданының басшысы Тоққожа Естенов:
– Ел аман, жұрт тынышта апатқа қалай ұшырап жүрсіз? – деп сұраса, Оспанхан ойланбастан:

– Ұзынағаштан шығып Алматыға қарай асфальт жолмен ағызып келе жатқам. Аспанда бір ұшақ ұшып барады екен. Сонымен жарысам деп... көзіме қарамай айдаппын! – десе керек.

Леп белгі

Оспанханға суық тиіп, оңбай ауы­рып жатыпты. Беті бері қарағасын дәрігердің нұсқауы бойынша Нұрсұлу жеңгей құдайдың құтты күні арқасына спирт жағып, массаж жасап жүріпті. Жаны жай тауып, бір ауық дамылдаған Осекең «Екі қолың ем екен!» деп келіншегінің көңілін көтеріп, екі қолына бір шумақ өлең арнапты.

Аспандағы ай-күнім, аңқылдағым,
Қостанайдың дәніндей алтын дәнім.
Ем болып екі қолың,
Ел мен жұртқа
Осылай өмірбақи жарқылдағын, 
Аңқылдағым!!!

Өлеңінің соңына қойған үш леп белгіні көрген Нұрсұлу жеңгей:

– Бір леп белгісі де жетпей ме? – десе:

– Үш балам үшін үш леп белгі қойдым. Егер бес бала туғанда бес леп белгі қоятын ем! – депті.

Мыстан рыба

Ос-ағаң азық-түлік дүкенінен шек-сілесі қатып шығып келе жатса әрі қаламдасы, әрі замандасы Ғаббас Қабышұлы қарсы ұшырасыпты.

– Кімге күліп келе жатырсың, Осеке? – дейді Ғаббас көршісі.

– Балыққа.

– Қайдағы балыққа?

– Мына мәгәзінге қашан келсем де «Ставрида» деген балық сөреде серейіп жатады да қояды. Соры қайнаған сол балыққа өлең шығардым.
Ассалаумағалейкум, Ставрида!

Әлі өтпей тұрмысың, мыстан рыба?

Бұл өзі

Жазда құри ма, қыста құри ма?..

Итке темір керек пе?

Саяси сатиралық «Ара-Шмель» журналында Оспанхан Әубәкіров қатардағы қарапайым ғана әдеби қызметкер боп істепті. Фельетон бөлімінің меңгерушісі болу үшін міндетті түрде коммунистік партияның мүшелігіне өту керек. Әйтпесе орталық бекітпейді. Бас редактор Нұрғазы Шәкеев:
– Оспанхан, сен «беспартиныйсың». Сондықтан өспей жүрсің. Сені КПСС мүшелігіне қабылдаймыз, дайындал! – дегенде, ол:
– Итке темірдің керегі не? – деп ат-тонын ала қашыпты.

Көрген БІЛГЕНОВ

Алматы

Айтыскерлер айтқан екен...

Бірде Алматыдағы студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің арасында командалық айтыс өтеді. Екі университет те ұстаз, студент демей үмітті ақындарын үкілеп тартысқа салады.

Сол айтыста ҚазҰУ-де сырттай оқып жүр­ген Ермек Жұматаев пен ЕҰУ-де ұс­таздық етіп жүрген Айбек Қалиев ай­тысады. Айтыста Айбек ұйым­дас­тырушыларға қарата «білдей ұстаз­ды қартайған студентпен жұптап қойып­сыңдар» дегендей наз айтады. Сон­да ҚазҰУ-дің атынан сөйлеген Ермек:
«Әй бала, еркелігің жеткен шығар,
Барған сайын дауысың өктем шығар.
Студентпен пар қылып қойды десең,
Ұстазбын деген мынау өкпең шығар.
Еуразия ұстазы ҚазҰУ-дың,
Студентімен бірдей деп 
шешкен шығар», 
– дейді. Өзі ҚазҰУ-де өтіп жатқан айтыста айтылған Ермектің бұл тапқыр да ұтымды қарымтасына көрермендер орындарынан түгел тұрып қол соққан екен.

*  *  *

Осы сырттай оқуға байланысты Ермектің тағы бір әзілі бар. Сол кезде Ермекпен бірге атақты ақын Есенқұл Жақыпбеков те сол университетте сырттай оқыпты. Емтиханның кезінде университетке келген екі ақын сыртта тұрса жетекшілері келіп қалыпты. Екеуіне үдірейе қараған жетекші (іште емтихан болып жатыр ғой дегенді меңзеп): «Екеуің неғып сыртта тұрсыңдар?» дейді. Сонда Ермек: «Біз жалпы сырттай оқимыз ғой» деген екен.

*  *  *

Бірде ақын Нұрмат Мансұр мен Мұхтар Ниязов машинамен келе жатып ереже бұзып алса керек, МАИ қызметкері тоқтатыпты. Рульде отыр­ған Нұрмат құжаттарын көрсетіпті. Нұр­маттың жеке куәлігін қараған МАИ қызметкері жәй тұрмай: «86-шы жылғы екенсің ғой, түріңе қарасам 76-шы жылғы секілдісің», – депті. Сонда қасында отырған Мұхтар: «Иә, 86-шы жылғы ғой, жаңа сізді көрген бетте он жылға қартайып кетті» деген екен. Орынды әзілге еріксіз күліп жіберген МАИ қызметкері құжаттарын қайтарып беріп, «жүре беріңдер» депті.

*  *  *

Осындай бір жағдай Балғынбек Имашевта да болыпты. Талдықорған­нан Алматыға бара жатқан ол көліктің жылдамдығын асырып жіберіпті. Заулап бара жатқан Бәкеңді бір белес­тің астында тұрған МАИ қызметкері «күтіп» алыпты. 

Құжаттардың бәрін қолына алған МАИ қызметкері: «Жолда 80-нен асырмаңыз деген жазу тұр ғой, көр­медіңіз бе?» депті. Сонда Бәкең саспас­тан: «Оны көрдім ғой, сізді көрмей қалдым» деген екен.

Дайындаған
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Қалт кетпеген қайынаға

Қызмет істері жөніндегі агенттікте дөй болмасам да, бірлі-жарымдарды жарылқай алатын құзыретті тізгін қолымда болғандықтан, қырықтан асса да бір мекемеде әлі күнге қара­пайым қызмет қылып келе жатқан қайынағама хабарласып:

– Ретін келтірейін, бөлім бастығы болуға қалайсыз? – десем, бірден:

– Ниетіңе рахмет... – деп алып, заман­­ның өзгергенін, талаптың қатай­ғанын, тағы басқаларды тізімд­еп тақ-тұқ кетіп, дәлел келтіріп, дәйек­теме тізбектеп, сөз соңын, бө­лім бас­тығынан гөрі қазіргі қара­пайым қыз­метім көш ілгері, – деп бітірді.

Мұнысын «бөлім бастығын» олқы көргендігі деп түсініп, өзім­нің де қыз­метім өсіп департамент директорының орынбасары бол­ған күні үйге құттықтай келген қайын­ағама қызды-қыздымен:

– Мекеме басшысының орынбасары болуға қалайсыз? – деп қалып едім, қол­тықтап балконға оңаша шыға­рып, – мұныңа да рахмет, – деп теме­кісін бу­дақтата әйда кеп дүниеде орын­ба­сар­лық қызметтен өткен қорлық жоқ екенін ежіктеп ежірейді дейсің... бар жұ­мысты өгізше өзі атқаратынын, кем­шілік атаулы соның қарабасынан айналып өтпейтінін, қылт еткенге қыл­бұрау түссе бір ұшы бұның мойнында екенін... не керек, төндіре түңілтіп, ең сорақысы есеп-қисапқа қол қоятын да осы орынбасар болып, қазіргі мына замандағы істі болып жатқан орынбасарларды атап атойлап келіп, өзіме де абай болуымды ескертіп тоқтаған болды...

Менің де білдей мекемеге бастық болып айым оңымнан туған күні құттықтай келген қайынағаммен арқа-жарқа отырып:

– Сіз де бас бастық болсаңыз қайтеді?.. – деп қалып едім:

– Ой, бәрекелді! Міне азамат! Дұ­рыс сөзің енді айтылды, – деп алып, мына заманда бас бастық болудан өткен ғажаптық жоқ екенін айтып көсілсін кеп... Ұққаным – бас бастық болу – бақыт құстың қонғаны екен... Өзімнің де көзім ашық, қайынаға айтқан ағыл-тегіл тілек тұла бойымды шымырлатып, бір уақ көз алдым мұнартып, бақыт­тан басым айналғандай...

...Ертесінде етпеттеп жатып, ке­ше­гі қайынағама «деп қалғаным» есі­ме түсіп қайта есеңгіреп кетіппін...

Ерсұлтан МАҒЖАН

ТАЛДЫҚОРҒАН

Аты мен заты

Ауылдың аты – «Үлгілі»,
Он есе көп ауылдың,
Жамауынан жыртығы.
Көлдің суы ішкендері,
Арық-атыз түскендері.

Мектеп, клуб, медпункт –
Сылағы түсіп көнерген.
Аса алмай жүр әкімдер,
Жаңалаймыз дегеннен.

Жанып тұрған жарығы,
Жылт-жылт етіп өшеді,
Тұрғындары жан-жаққа,
Жұмыс іздеп көшеді.
Көргендердің сиқына,
Келеді екен күлкісі,
Қай жерінде болғаны –
Үлгілінің үлгісі.

Құпия

– Ел танитын әншісің,
Дауысың да тартымды,
Әнге бөлеп тербеттің,
Қадірменді халқыңды.
Шақырғанға барасың,
Бұйырғанын аласың,
Ставкаңыз қанша?
– Қымбат емес онша,
Құпия боп қалса...

– Жарайды келістік.
Келесі сұрақ,
Шын айтыңыз бірақ:
– Аптасына неше тойға барасың,
Білейікші жобасын?
– Ол да құпия...

– Зәулім биік үйіңіз,
Жаман болмас күйіңіз.

– Құпия ғой бізде бәрі, –
деп, әншіміз сызданады,
Сескенеме сырт көзден, 
жасырады,
Құпия сандық қай кезде 
ашылады.

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

Қызылорда облысы

 

Белгілі сатирик-актер Михаил Жванецкий – өзі жазады, өзі онысын оқиды да, өзі риза болып күледі.

Шайханада бір пенде смартфонсыз, ноутбуксыз, не қалта телефонсыз тек шай ғана ішіп отыр... өзі ауру емес пе екен-ә?!

Біреу досына болған жайды баяндап жатыр: 

– Кеше кешкісін үйге келсем, ұры түскен екен. Саған өтірік, маған шын, ештеңе алмапты. Үстелге 10 долларды қойып, «бұлай өмір сүруге болмайды» деп хат жазып кетіпті.

Сізге қарай кірпіш ұшып келе жатыр деп елестетіңіз. Оны көру – қабылдау сезімі, тигенде ауыртатынын түсіну – даналық, ұшу бағыты мен тию нүктесін есептеу – білім, жал­тарып үлгеру – ептілік, лақ­тырған адамды сыбау – ерік-жігер. Ал маңдайыңызға сарт ете қалса, онда ол – тағдыр.

Бір өрт сөндіру мекемесінің қызметкері қызыл жалынға оранып өртеніп жатқан банкке кіріп кетіп, төніп тұрған тілсіз жаудан тайынбастан одан мөшек толы миллион долларды алып шыққаны бар... Содан сол қызметкер ізім-қайым жоғалып әлі таптырар емес.

Қалжың қалта

Футбол десе ішкен асын жерге қоятын бір жанкүйер футболдан әлем кубогы жарысында бір билетті қызметтесінен жалынып жатып үстеме бағаға сатып алады. Сөйтіп стадионға келсе отыратын орны ең артқы қатардың шет қуысы болып шығады. Сәлден кейін дүрбімен қараса алдыңғы қатарда бір орын бос, ойынның басталуына аз-ақ уақыт қалған... Бұл неде болса деп зымыраған күйі әлгі орынға тақап онда отырған жігіттен «бос па екен?» деп кібіртіктей сұраса, анау бірден «бос» дегені...

Көңілі жайланып, бір тыншыған сәтте көршісіне:

– Ойпыр-ай-ә! Мынандай әлем ку­богының кездесуіне билет алып... оған келмей қалған кім болды екен?! – деп қалады.

– Бұл орын әйелімдікі еді... е, ол қайтыс бо­лып кетті... Менің онсыз әлем кубогына жал­ғыз келіп отырғаным бірінші рет, – дейді көршісі.

– Артының қайырын берсін... Ал бүгінгі ойынға билетін бере салатын дос-туыстарыңыз болмады ма?

– Болмады... Өйткені олардың бәрі әйелімді жерлеу рәсімінде жүр...