Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Әріптестік байланыс – ілгерілеу мүмкіндігі

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірі 80-ге жуық елмен сан-салалы қарым-қатынасты тұрақты түрде жалғастырып келеді. Оның ішінде Ресеймен сыртқы сауда айналымының үлесі 80 пайызды құрайды.

Әріптестік байланыс – ілгерілеу мүмкіндігі

Былтыр «ауылы аралас, қойы қоралас» көрші елмен арадағы сауда-саттық 357 миллион долларға жетіп, оның алдындағы жылға қарағанда үштен бірге ұлғайған. 200-ден астам бірлескен кәсіпорын мен жоба­лар­дың жұмыс істеуі шекаралас ай­мақ мүм­кіндіктерінің зор әлеуетін бай­қа­тады. 
Омбы облысының губернаторы Александр Бурков бастап келген делегация мүшелері алдымен жергілікті жерлерде атқарылып жатқан оң істермен танысты. Олардың назарына жалпы сыйымдылығы 120 мың тоннаға жетеғабыл бірегей астық қабылдау элеваторы ұсынылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Келешекте оның жанынан майлы дақылдар өңдейтін зауыт салынбақ. Өңірде майлы дақылдар көлемі артып, 1 миллион гектарға жуықтады. Жоғары сұранысқа ие өнім Аспанасты еліне жөнелтіледі. 

«ТНС-Экспорт» ЖШС аумағында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, отандық машина-трактор паркінің әлеуеті таныс­тырылды. Меймандар «Қаз­техмаш», «Авагро», «СТ-Агро» се­рік­­­тестіктері шығаратын тех­ни­ка­лар­ға қызығушылық танытты. Гер­ма­­­нияның «CLAAS» компаниясы зау­­ыт ашып, жыл аяғына дейін 30 ауыл шаруашылығы техникасын құ­рас­тыруды белгілеп отыр. 

 «Масло-Дел» ЖШС-ның ұжымы омбылықтарды ежелгі таныстарындай құшақ жая қарсы алды. Оның сыры мынада. Мұнда күніне 60 тонна пастерленген сүт, 8 тонна құрғақ сүт, 4 тонна сарымай әзірленсе, экологиялық, табиғи таза өнімдердің бір бөлігі Омбы, Қорған, Түмен облыстарына жіберіледі. Өткен жылы 3 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, «TetraPak» жоғары технологиялық қондырғылары орнатылды. Қызылжар ауданының Бескөл кентінде орналасқан «Радуга» компаниясы полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратумен танымал болса, енді индустриялық парк құру арқылы таңғы ас, тез дайындалатын кеспелер, ұн, санитарлық-гигиеналық, тағы басқа өтімді өнімдер шығару ойлас­тырылған. Жобаны жүзеге асы­руға 10 миллиард теңге бағыт­та­лып, 300 адам жұмыспен қам­тамасыз етілмек. 

 – Елбасы атап өткендей, Ресей қай салада болсын Қазақстан үшін басты стратегиялық әрі сенімді әріп­­тес саналады. Бірлесіп жұмыс істей­міз деген кәсіпкерлерге жол ашық. Тарихы әріден басталатын «ЗИКСТО» зауытында биыл вагон жасай­тын жаңа цех ашылады. Оған 25 миллиард теңге инвестиция құю көзделген. Мұнай-газ саласына ма­ман­­данған Петропавл ауыр машина жасау зауыты мен «Мұнаймаш» кәсіпорнының өнімдерін жеткізіп беруге мүмкіндіктеріміз жеткілікті, – деді қос тараптың кездесуінде сөйлеген сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Ол екі облыс студенттерін алмастыра оқытып, грант бөлуді ұсынды. Туризм мен ақпараттық технологияларды жетілдіру бағытында жүйелі тәжірибе алмасудың, ауыл­ша­руашылық және өнеркәсіп тауар айналымын ұлғайтудың маңызын атап өтті. 

 А. Бурков өз сөзінде Омбы облысы сыртқы сауда айналымының үштен бірі Қазақстанға тиесілі екенін жеткізе келіп, егіс және топырақ өңдеуге арналған техникалар шығаратын бірлескен зауыт ашу идеясын қол­дады. 

 Жиында шекаралық аймақтарда жүктерді құжаттық рәсімдеуге байланысты орын алған проблемалар да айтылып, бұл ретте көлік-логистика саласын жетілдірудің, жаңа цифрлы жүйені кеңінен енгізудің, процестерді автоматтандырудың, әсіресе жазғы уақыттарда ұзын-сонар кезекті болдырмаудың тиімді жолдары қарастырылды. Бүл үрдіс Ресейде электронды форматта жүргізіледі екен. Әзірге Қазақстан тарапынан жергілікті өнімдерді экспорттауда қағазбастылық бөгесіндер аз емес. 

 Алқалы басқосуда шекаралас аймақтардағы әріптестік байланыстар мен іскерлік қарым-қатынастарды одан әрі жетілдіру мақсатымен бірнеше меморандумға қол қойылды.

Омбы губернаторының тамыз айында «ТМД және ЕАЭО елдерінде жасалған» атты көрме-жәрмеңкеге қатысу туралы шақыруы қабыл алынды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы