03 Шілде, 2018

Аралас тілді мектеп – ана тілімізге тұсау

662 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Қазақ мектебінің кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшетіні айқын болды. Тіл тұғырын бекемдейтін тарихи кезеңнің көшін бастау – қазақ мектебін орта білім беру ісінде бағдаршам болатын деңгейге алып шығатыны анық. Жауапты кезеңде бастауыш буынның бірінші сыныбынан араластілділік туғызып, ағылшын тілін қосақтау – қазақ мектебінің мемлекеттік маңызды міндет биігінен көрінуіне көп кедергі келтіруі мүмкін. Араластілділік мек­теп табалдырығын аттаған балауса ұрпақтың еркін білім алуына бөгет болатыны қоғамдық ортада наразылық туғыз­ғаны орынды. 

Аралас тілді мектеп – ана тілімізге тұсау

Кеңестік идеологияның қазақ мектеп­терін араластілділіктің шылбырына байлау арқылы ана тілімізге тұсау салған сая­сатының жалғасындай, бірінші сыныптан ағылшын тілін оқытуды енгізуден бас тартқан абзал. Жалпы, орта білім жүйесінде, балабақшаларда оқу-тәрбие тіліне қатысты енгізілетін жаңалық атаулының жемісін, яғни нәтижесін 10-15 жылдан кейін ғана көре бастайтынымыз – ерекше ескеретін мәселе. Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы үш тілді меңгеру жөнінде Елбасы тапсырмасын жедел орындауды көздегеннен туып отыр. Мұндай асығыстық болашақта ана тілімізді жоғалған тілдердің тағдырына тап қылатын асыра сілтеу болмасына кім кепіл?! «Айтпаса, сөздің атасы өледі» дейді, ана тіліміздің жоғалуын тілегендей «үш тұғырлы тіл» тіркесінің қайта тіріле бастағаны қауіпті. Үш айырлы тіл болмайды. Екінші, үшінші тіл болса да әлемдік тәжірибеде туған тілі негізінде оқытылатыны ақиқат. Әлемдік педагогика ғылымы бастауыш буын «Ана тілі» мектебі деген қағидатты ұстанады. Бұл қағидаттың бұлжымас дұрыстығына көп мысал келтіруге болады. Мәселен, жапондық білім беру ісінде бастауыш мектеп толық ана тілінде жұмыс істейтіні аян. Отарлық бұғаудан шығып, туған тілін сақтап қалу үшін күресе білген фин халқының бүгінде білім жүйесі де, елдік дамуы да озық деңгейде. Ана тілінің бәсі биік болса, отансүйгіштік сезім де жоғары болмақ. 

Ана тілін сақтау мен дамыту төңірегінде нақты істерді қолға алатын уақыт келді. Айналамызға қарасақ, биыл бірінші сыныпқа баратын қызын жаңа оқу жылы басталғанға дейін үш айлық ақылы ағылшын тілі сабағына апаруға мәжбүр болған көрші келін Қарлығаш «ана тілінде еркін сөйлеп үйренбеген балаға бірінші сыныптан ағылшын тілін қосақтау дұрыс емес» дейді. Ал бірінші топтағы мүгедек баласының күтімімен үйде отырған, мамандығы ағылшын тілі мұғалімі, жиен келінім Жәзира 1-сыныпты жақсы аяқтаған, қазақшадан орысшаға жақын Алина есімді қызының ағылшыншасына қарап «құр жаттау қандай оқу?» дейді. «Мүйіз сұрап, тұқылынан айырылыпты» дегендей, ағылшыншаны бірінші сыныптан бастағанда бара-бара ана тілімізден көз жазып қалмайық...

Бұл орайда фин халқы сияқты бізге де тарихтан алар сабақ көп. Айталық, ана тіліміздің қайнары қазақ мектебінің 70 жыл бойына кеңестік отарлық жүйенің тұқырту саясатынан құтыла алмағанын ұмытуға болмайды. Иә, сонау 20-30 жылдары даму сатысымен бірте-бірте көтеріле бастаған қазақ мектептеріне арнап Алаш қайраткерлері, зиялылары жабыла жазып шығарған жүздеген оқу құралдары кескіленіп, өртелді. «Қазақ тілі мен әдебиеті», пышақтың қырындай «Қазақстан тарихы» (жеке пән ретінде 1991 жылға дейін сабақ кестесінде болмаған) оқулықтарынан басқаның бәрі орыс тілінен аударылған оқу құралдарының ығына көшірілді. Сонда да ғалымдардың қайратымен, мұғалімдердің өз ісіне өлшеусіз адалдығымен қазақ мектебі қай ұлтпен де иық теңестіретін түлектерімен көркейіп, дами берді. Бұл дамудың мәскеулік билікке ұнамағанына тарих куә. Мен табан аудармай 28 жыл қызмет еткен «Қазақстан мектебі» журналы кеңестік кезеңдегі қазақ тілді жалғыз педагогикалық басылым болды. Сол журнал беттерінде 1955-1985 жылдары мектептерді ірілендіру, орталықтандыру, кадр­лармен қамтамасыз етуді жақсарту, білім сапасын көтеру сияқты әдемі сөздермен бүркемеленген қаулы-қарарлар лек-легімен шығып, 700-ге жуық қазақ мектебі жабылып кетті. Мектеп жанындағы интернаттардың ашылуы қоса жүргізілген. Сөйтіп  қазақ балаларын отбасылық тәрбиеден ажыратып, кеңестік патриоттықты жас ұрпақтың сүйегіне дейін сіңіруге қол жеткізді. Кеңестік идеологияның қазақ балаларын ана тілі құнарынан айыруды көздеген саясаты мұнымен де тоқтамады. Ғылым атаулының бағыттары Мәскеуде бекітілетін сол заманда, 1972 жылы респуб­лика оқу министрінің орынбасары Щербаков аралас тілді мектептер туралы ғылыми дис­сертациялық жұмысын қорғады. Сол-ақ екен, аралас тілді мектептер жаңбырдан кейінгі көк шөптей қаулады, қазақ мектептері күрт азайды. Көп қалада бір-бірден облыстық қазақ мектеп-интернаттары, астаналық Алматыда бір қазақ мектебі ғана қалды. Оқуы орыс тіліндегі мектептерді қазақ балалары толтырды. 

Сол кезеңнің ащы жемісін әлі көріп келеміз. Тәуелсіздік таңымен қазақ мектептері қанат жайса да, оқушылар арасында орыс тілі басым қалпында. Бұл – алды ата-әже, кейінгілері әке-шеше болған, орысша оқыған қазақ отбасыларының төріне орыс тілі шыққанының көрінісі. Тағы бір себебі, кеңестік дәуірдегідей әлі де жұмыс істеп тұрған қазақ-орыс тілді мектептерге екі тілге бірдей жетік директорлар тағайындауға талаптың жоқтығы немесе орындалмайтындығы. Содан мектепішілік жұмыста орыс тілі басым болады. Сондықтан аралас мектептер мен балабақшаларды бөлу жеделдесе, ана тіліміздің тынысы кеңейіп, өрісі ұзарады. 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
білім беру ісінің құрметті қызметкері