Бизнес • 04 Шілде, 2018

Еліміздің жаңа мүмкіндіктері

543 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстанның екінші Жаһандық инвестициялық форумы (Kazakhstan Global Investment Roundtable-2018) басталды.

Еліміздің жаңа мүмкіндіктері

KGIR-2018-ге әлемнің ірі компанияларының және отан­дық бизнестің 600-ден астам жетекшілері, ұлттық экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, энер­­гетика, инвестиция және даму министр­ліктерінің басшылары, әлемдік саясаткерлер, сарап­шы­­лар мен халықаралық ұйым­дар­­дың өкілдері, диплома­тиялық кор­пус қатысуда. Астана­ға Қазақ­стан­ның инвестиция­лық дамуын тал­қылау үшін Түркия­дан – 60 ин­вестор, АҚШ-тан – 43, Гер­мания­дан – 37, Ұлыбри­тания­дан – 60, Қытайдан – 49, Фран­­ция­дан – 28, Ресей Федера­ция­­сы­нан – 30, БАӘ-ден – 74 және бас­қа да ел­дерден инвесторлар келді.

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін паш ету, инвес­тициялық, экономикалық даму және бәсекеге қабілеттілік сала­сындағы ел саясатын талқылау. Сонымен қатар бұл басқосуда 2017 жылдың тамызында қабыл­данған Қазақстанның Ұлттық инвес­тициялық стратегиясын іске асырудың алғашқы нәтиже­лері қарастырылуда.

Премьер-Министр Б.Сағын­таев пленарлық отырыстағы сөзінде еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғады. «Бұл біздің осы форматта екінші басқосуымыз. Былтырғы желтоқсандағы бірінші басқосуда негізгі әңгіме Қазақстанға не үшін инвестициялаймыз деген сұрақ аясында өрбісе, бүгінгі күннің сұра­ғы қалай инвестициялаймызға келіп тіреліп тұр. Осы мәселеге біз де өз тарапымыздан біраз әзірлендік» деген Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы мен күшейіп келе жатқан әлеуеті туралы баяндап берді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды үшін­ші жаңғыртудың кең көлемді бағдарламасын жариялаған болатын. Соның аясында біраз шаруа тындырылды. 2017 жыл­дың экономикалық өсімі 4 пайыз­ды құрады. Еліміз жаһан­дық бизнес рейтингінде алға басып, 32-орынды иеленді. Шикі­зат­тық емес секторға келген инвести­циялар­дың үлесі 50 пайызға жетті. Биыл­ғы жылы 3,9 млрд доллар­дың 54 жобасы іске асырылмақ. Мұн­да өнеркәсіптік өңдеудің жоға­ры шегіне екпін түсірілуде.

Сонымен қатар бизнестің алдын­дағы әкімшілік кедергі­лерді азайту бойынша көптеген пәрменді шаралар жүзеге асуда. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы қол қойған тиісті заңда бизнеске мемлекет тарапынан жасалатын бақылау 30 пайызға азайтылды. Жер қойнауын игеру туралы жаңа заң қабылданып, «бірінші келді – бірінші алды» қағидасымен жұмыс істейтін австралиялық әдіске жол ашылды. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі нығайтылып, көші-қон заңына өзгеріс енгізілді. Шетел­дік технологияны әкелсе, оған кедендік баж салығы салынбайтын болды.

Жалпы пленарлық отырыстың өзі сұрақ-жауап тәртібінде өрбіді. CNBC (Сингапур) арнасындағы Street Signs хабарының бірлесіп жүргізушісі Ориэл Моррисон жиын­ды осындай тәртіппен жүр­гізіп отырды.

Мұнда қатысушы әрбір инвес­тордың, Қазақстан Үкіметінің басшысына, басқа да спикерлер мен қатысушыларға өзін толғандырған сұрақты бірден қоя алуы отырыстың мәнін арттыра түсті. Осыған орай Премьер-Министр өзіне қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.

Премьер-Министрден кейін сөз тізгінін қолға алушылардың барлығы Қазақстанда инвес­ти­циялық ахуалдың жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанды­ғын айтып, өздерінің Қазақстан­мен істес болу тәжірибелері­мен бөлісті. ROTEC Директорлар кеңе­сінің төрағасы Михаил Лиф­шиц біздің елмен 2011 жылдан бері істес болып келе жат­қандығын айта келе, «Егер менен біреу «Қазақстанда инвестор үшін қандай қолайсыздық бар?» деп сұраса, мен мұнда бәрі жақсы деп жауап берген болар едім. Ал қандай мәселелерді жақ­сарту керек десе, бірінші ке­зек­те инфрақұрылымдар мен ло­гис­ти­каны айтар едім», деді.

Ал SUN Group Басқарма төрағасының орынбасары Шив Хемка соңғы жиырма жыл­дың ішінде Қазақстанның көп өзгер­гендігін айтты. «Мен Ақмо­лаға 1996-1997 жылдары кел­­генімде бұл кеңестік бейнедегі ескірген шағын қала еді. Енді Астананың қазіргі бейнесіне қараңыздар, айырмашылық жер мен көктей. Бұл Қазақстанның даму қуаты мен болашақ зор әлеуе­тін білдіреді. Мұнда келген инвес­торлар өкінбейді, олар Қазақ­станмен бірге өседі», деді.

Ал пленарлық отырыста БАӘ Халықаралық Инвесторлар Кеңесінің «UAE International Investors Council» Бас хатшысы Джамал Саиф аль-Жарван, Қазақстандағы қазіргі жүргізіліп жатқан өзгерістерді Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жағдаймен салыстырып, біздің елді бизнес үшін тартымдылығы жөнінен Дубай секілді кереметті әкелген Әмірлік елінің жолын қуушы деп атады. Өйткені мұнда қазір соған сай әрекеттер жасалып жатыр.

Kazakhstan Global Investment Roundtable шеңберінде жалпы құны 4,7 млрд АҚШ дол­ларын құрайтын 32 коммерция­лық құжатқа қол қойылды, ол жоғары технологиялық жобалар­ға инвес­тиция тартуға және ел эко­номикасының барлық салаларын қамтуға қолайлы мүм­кіндіктер береді. Атап айт­қан­да: фармацевтика саласында «Kazakh Invest» және «ТНК Servier JSC» компанияларының арасындағы фармацевтикалық препараттарды өндіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы өзара түсіністік меморандумы; машина жасау саласында Қарағанды облысының әкімдігі мен Hebei Hua Tong Cable компаниясы мен т.б. арасында кабель өнімдерін өндіру бойынша жобаны жүзеге асырудың жол картасы; жеңіл өнеркәсіп саласында бірінші кезеңде гофрленген картон пакеттерін өндіру бойынша интеграцияланған зауыт салу және екінші кезеңде ақ және қоңыр қағаздар жасау туралы «Kazakh Invest» және «Cukurova Holding» түрік компаниясы арасында меморандум жасалды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»