Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Инновациялық экожүйе ақиқатқа айналады

1538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордада Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің мүмкін­дік­терін таныстыруға арналған шара өт­ті. ЭКСПО көрмесінің павильонында өт­кен маңызды шарада стартаптар тех­но­паркінің негізгі бағыттары көр­се­тілді.

Инновациялық экожүйе ақиқатқа айналады

Отандық және халықаралық IT-мамандар қатысқан шара барысында стартаптардың дамуы бойынша жаңа бағдарламалар легі іске қосылды. Атап айтқанда, технопарктің екінші акселераттау бағдарламалары бастау алды, жас ІТ-жобаларды кешендік дамытумен айналысатын «100 стартап» жаңа жобасы іске қосылды.

Технопарктің мүмкіндіктері жұрт назарына ұсынылған шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысқанын айта кетейік. Асқар Жұмағалиев жас­тарға арнаған құттықтау сөзінде олардың қолынан шыққан IT-жобаларға ерекше маңыз беру керектігін, елімізде осы тектес иннова­ция­лық жобаларды дамытуға жан-жақты мүм­кіндік жасалып жатқанын атап өтті.

– Жаңа ғана балалар өздері ойлап тапқан, өз қолдарымен жасаған жұмыстарын көрсетті. Президенттің инновациялық экожүйе құру туралы идеясы, арманы өміршең екенін, оның шындыққа айнала бастағанын білдіреді. Әрине, бізге әлі бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізу керек. Қазақстанның және шетелдік білікті IT-мамандарының басын біріктіру қажет. Мен бұл жерде үлкен дүние жасалып жатқанын айқын сезініп тұрмын. Жалындап тұрған жастар көп екен, – деді А.Жұмағалиев.

Сондай-ақ А.Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының инновациялық технологияларды дамытуға ықпал етіп, мүмкіндіктерді молайтатынына да тоқталды.

– Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын мақұлдады, аталған бағдарлама негізгі бес бағыттан тұрады: адами капитал, цифрлы мемлекет құру, цифрлы экономика, телекоммуникациялық инфрақұрылым қалыптастыру және ең бастысы – инновациялық экожүйе құру. Бұл жаңа идеялар дүниеге келетін және ақиқатқа айналатын сала. Оны іске асыру үшін алдымен тиісті заңнамаларға түзету енгізу керек. Қазіргі таңда Үкімет венчурлік қаржыландыру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Салықтық жеңілдіктер тұрғысынан алған­да, біз бүгінде венчурлік қаржыландыру мәсе­лелері бойынша барлық қызметтермен тізе қосып әрекет етудеміз, – деді А.Жұмағалиев.

Үкімет басшысының орынбасары атап өткен­дей, салық жеңілдіктері IT саладағы маман­дарға, стартап жобалардың иелеріне тиім­ді болуы үшін барлық мүмкіндіктерді қолға алып отыр. Мамандарды мектептерде, инс­титуттарда әзірлеу ісіне де көңіл бөлінеді. А.Жұмағалиев алғаш бастауыш сыныптарда бағдарламалау, робот техникасы үйретілетіні туралы айтылған кезде оны түсінбеушіліктер болғанын, қазір барлығы түсіністік тапқанын тілге тиек етті.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та IT-стартаптар технопаркінің жұмысын жоғары бағалады.

– Біз тарихи оқиғаның, айрықша ұлттық инновациялық экожүйенің қалыптасуына куә болып отырмыз. Мен бүгінгі кішкентай қадамның болашақ үлкен серпінге негіз болатынына сенімдімін. Келешекте Astana Hub әлемдегі озық технологиялар мен дарынды мамандар шоғырланған үлкен орталыққа айналады. Жобаны іске қосу арқылы біз Мемле­кет басшысының Қазақстанды цифрлы-инновациялық шешімдер орталығына айналдыру жөніндегі басты идеяларын жүзеге асыратын боламыз. Қазіргі заманда бұл адами капиталға инвестиция салу арқылы ғана орындалатыны белгілі» деп атап өтті Д.Абаев мырза.

Ақпарат және коммуникациялар министрі өз сөзінде еліміздегі стартаптар мен IT-жоба­лар­­ды қаржыландыруға атсалысып жатқан инвес­торларға алғысын білдірді.

Осы іс-шара аясында биік белестерді бағын­дыр­ған стартаптардың негізін қалаушылар, ха­лық­аралық сарапшылар стартаптардың қалыптасу жолы мен инновациялық экожүйені дамыту бойынша ойларын ортаға салды.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»