Ат спорты • 06 Шілде, 2018

Елордада "Астана кубогы" ат бәйгесі өтті

1321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Елорда төріндегі «Қазанат» ипподромында бәйге түрлерінен республикалық турнир жалауын көтерді. 

Елордада "Астана кубогы" ат бәйгесі өтті

«Астана кубогі» үшін өткен ұлттық спорт мерекесі екі қашықтық бойынша (аламан – 25 шақырым, бәйге – 16 шақырым) ұйымдастырылды. Бәйге түрлерінен «Астана кубогін» сарапқа салуға республикамыздың барлық облыстары, Астана және Алматы қалалары 2 жүйріктен қосты. 16 шақырымда 1 орынды Алматы облысының спортшысы Ақжол Жұматай алды, сәйгүлігі - Мұрагер. 2 орынды Лайт Энджл сәйгүлігімен қарағандылық Рахман Әлішер иеленді, үшінші орынды Алматы сәйгүлігімен Астана қаласының шабандозы Арнұр Құрванжан иеленді.

25 шақырымдық Аламан бәйгенің бірінші бас жүлдесін БҚО шабандозы Сәдуақас Бекзат иеленді, екінші орын қарағанды облысының атынан шыққан Ақжол Жұматайда, сәйгүлігі – Бұйражал, үшінші орынды алматылық шабандоз Оразалы Жорбек иеленді.

Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында өткен бәйгенің жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге. 25 шақырымды құрайтын аламан бәйгенің бас жүлдесі – 20 000$-ды құрайды.

Жарысты ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Республикалық турнирдің жүлде қорын ұсынушы – Астана қаласы әкімдігі.

Бәйге түрлерінен өтетін республикалық турнир ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы жариялаған «Астананың 20 жылдығына – 20 ұлттық-спорттық іс шара» кампаниясы аясында ұйымдастырылып отыр.