Бизнес • 18 Шілде, 2018

Балық аулау жиырма есеге артты

1052 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өзегі Арал теңізі болған «Қан мен терді» оқымаған, ондағы оқиғаларға елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Ұлан-ғай­ыр даласында аузы-мұрнынан шығып ақтарылып жат­қан өзен, көлдері жоққа тән қазақ үшін Арал теңізі ерек­ше маңызға ие. Ұлы теңізден қиыс жатса да киіз ту­ыл­дырықты алаш баласы үшін бұл теңіздің жөні бөлек-тін. Сонау алпысыншы жылдары айдынның айбыны асқан­да шын жүрекпен қуанды. Солақай саясаттан те­ңіз тар­тылып, көні кепкенде осындағы жұртпен бірге мұ­ңай­ды. Арал қашанда қазақтың жүрегінде ерекше орын алып келеді. Елбасының пәрменімен Кіші Арал айдынға ай­налғанда барша қазақстандықтар тілеуін тіледі.

Балық аулау жиырма есеге артты

Соңғы жылдары облыс әкі­мі Қырымбек Көшер­ба­ев­тың дем беруімен Қам­баш кө­лінің жағасында ба­лық­шылардың слетін өткізу дәс­түрге айналған болатын. Би­ыл да өтті. Арал өңірі балық­шы­ла­­­ры­ның ІV слетіне облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев, Пар­ламент Мәжілісі депутат­тары, Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің, Халықаралық Арал­ды құтқару қорының өкіл­д­е­рі, сала ардагерлері жә­не Ақ­төбе, Жамбыл, Түркіс­тан, Маң­ғыстау облыс­та­ры мен Ресей Федера­ция­сы­нан делегациялар келді.

– Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жо­басы» атанған Арал теңі­зі­нің солтүстік бөлігін сақ­тау жобасы аясында атқа­рыл­­ған ауқымды шаралар нә­тижесінде балық шаруа­шы­лығы саласы жаңа деңгейге кө­теріліп, қарқынды дамып келеді, – деді облыс әкімі салтанатты жиында. – Қасиетті Сыр елі өзінің жерасты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балығымен ма­қ­тана ала­тындай берекелі, құт­­ты ме­кенге айналуда. Көп жыл ұмыт болып, бү­гін­де дәс­түр­ге айналған ба­лық­шы­лар сле­тінің негізгі мақ­са­ты – сала­ның жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кә­­сіп­ті дамытудың жолдары ту­­ралы пікір алмасу болады.

Бүгінде Арал теңізінен жы­лына 8 мың тоннаға дейін ба­лық ауланады. Соңғы 5 жыл­да аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнім­де­рін өңдейтін 4 зауыт са­лын­са, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа ел­деріне экспорттауға мүм­кін­дік беретін еурокодқа ие.

Балық өнімдері Ресей, Грузия, Әзербайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экс­портталып жатыр. 2012 жыл­мен салыстырғанда бұл көр­сеткіш 8 есеге артты. 2018 жыл­дың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32 пайызға өсім байқалды.

Салтанатты жиында балық шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар мен еңбек ардагерлері Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігі мен облыс әкімінің Ал­ғыс хатымен, Құрмет гра­мо­та­сымен және медальдар­мен марапатталды. Арал тең­і­­зі­нің жағдайы Мемлекет бас­шы­сының ұдайы назарын­да. Биыл Үкімет басшысы Ба­қытжан Сағынтаевтың об­­лысқа жаса­ған сапарын­да аймақтағы балық шаруа­шы­лығының жағдайы жә­не Аралда өткен арнайы мә­жі­ліс­те «Сырдария өзенінің ар­на­сын реттеу және Арал те­ңізінің солтүстік бөлі­гін сақ­тау» (САРАТС-2) жоба­сы­­­ның екінші фазасының іс­ке асырылу барысы кеңі­нен тал­қыланған болатын.

Нәти­же­сінде САРАТС-2 жоба­сы­ның екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Қызылорда су торабын ке­шенді жөндеу, Жалағаш, Қар­мақшы аудандарында өзен­нің қорғаныс бөгеттерін ны­ғайту және арнасын түзету, Қа­залы ауданында Бірлік ел­ді мекенінің тұсында кө­пір салу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар балық­шы­лардың өтініші бойынша Көкарал бөгетін нығайту жә­не «Қарашалаң» мен «Тұ­щы» көлдерінің тұсында өзен­нің атырабын қалпына кел­тіру жөнінде де тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шаралар Көкарал бөгетін нығайтуға, Солтүстік Арал те­ңізінің су айналымын қа­лып­тастыруға, теңіздің тұз­дануын төмендетуге және ба­­лық­тардың Үлкен Арал т­е­­ңізіне кетуін азайтуға мүм­кін­дік береді.

Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қа­ты­суымен Қызылордада ұйым­дас­тырылған Аралды ха­лық­аралық тұрақты дамыту бірінші форумы барысында Халық­ара­лық Аралды құтқару қо­рының құрылған күні 26 нау­рыз – «Арал теңізінің кү­­ні» болып жарияланған бо­ла­тын. Биыл Халықаралық Арал­­ды құтқару қорының 25 жыл­дығы аясында алғаш рет «Арал теңізінің күні» облыста салтанатты түрде аталып өтілді.

Елбасының бастамасымен дүниеге келген «САРАТС» жобасы Кіші Аралды қалпы­на келтіру арқылы осы өңір­дегі елдің әл-ауқатын жақ­сар­тып қана қоймай, балық ша­руа­шылығын қайта дамытуға ық­пал етті. Айдын асқақтап тұрған кезінде тайдай тулаған балықтың Арал тартылып, тұзы бетіне шыққанда тұқ­ы­мы құрып кете жаздаған бо­латын. Тұзды суда өмір сү­реді деп камбала сияқты ба­лық­тар әкелінген болатын. Бүгінде Кіші Аралда ба­лық­тың жиырмадан астам түрі өсіп, көз қуанышына айнал­ды. Кіші Аралдан бөлек Сыр­дария және 203 су ай-
д­ы­нынан жылына сегіз мың тоннаға дейін балық ауланады. Сонау 2000 жылдармен са­лыстырғанда балық аулау 20 есеге өскендігі Кіші Арал­ға салған инвестицияның жақ­­­сы ақталып жатқандығын ай­­ғақ­­тайды.

Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының алдында Қызылорда облысын тарату, Арал теңізі маңайындағы тұрғындарды басқа жаққа көшіру мәселесі тұрыпты. Сол кездегі ауыр жағдайға сал­ғанда ешкім сөге алмайтын мемлекеттік мәселе бол­ған. Бірақ Мемлекет бас­шы­­сы қанша ауыр тисе де Қызылорда облысы және Аралды сақтап қалу жағында болып, нар тәуекелге барған. Үміт ақталды. Бүгінде Қызыл­ор­да облысы республикада көш басындағылардың сана­тында. Қалың ел күдер үзген Арал теңізі бүгінде өңір­ді пайдаға шығарып жатыр.

Арал теңізінде өскен ба­лық­тар­ды экспорттауға мүд­де­лі мемлекеттердің қата­ры көбейіп келеді. Ресейде қа­зақ инвесторлары балық өң­деу зауытын салып, елімізге қар­­жы тартып жатыр. Арал­да өткен балықшылар слеті осы­ жұмыстарды алға қарай жал­ғастырудың алғы­шарт­та­рын талқылады. Бір кездері «ба­лы­ғы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» ұлы теңіздің жаңа дәуірі басталды.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы