Таным • 20 Шілде, 2018

Кемейдолла Төлеубай – қазақы рух қайраткері

440 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына келесі 2019 жылы 30 жыл толады. Тілдің бұл мәртебеге көтерілуінде, сол 1989 жылы дүниеге келген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының рөлі айрықша. Академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың жетекшілігімен құрылған бұл бұқаралық ұйым құрамында керемет тіл күрескерлері өсіп жетілді.

Кемейдолла Төлеубай – қазақы рух қайраткері

Сол әріптестердің қай-қай­­сысы жөнінде де арнайы тоқ­тап, мемлекеттік тіліміздің қа­лыптасуына қосқан үлесін жеке дара сөз етуге болар еді. Амандық болса ондай да мүм­кіндіктер туар. Бұл жолғы әңгіме Кемейдолла Төлеубай туралы болмақ.

Бұл кісінің өмір жолы тілім, елім, жерім деп еміренген әр қазаққа үлгі боларлық жол. Ақтөбе облысының қазіргі Шалқар ауданының №7 ауылында Ұлы Борсық құм өңірінде дүниеге келген Кемейдолла Төлеубайұлы ағамыз жүріп өткен жол, әсіресе тіл күресінің сан қилы сүрлеуінен бірге өткен біздер, әріптестер үшін аса маңызды. Содан бергі 90 жылдың екі отызын ел еңсесін көтерген ең­бекпен өткізген Кемекеңнің за­мандастарының бәрінің де басынан өткен қиын жолдар мені де әр алуан ойға қалдырды. Ол бес жасында әкеден айырылады. Әкесі аздаған шаруасы бар еңбек адамы болған екен. Күнкөрістің қамымен 5 түйесімен біреулердің ақылымен Қарақалпақстанға бара жатқан жолда Шалқарға тоқтап түнейді. Түнде үміт артқан түйелері ұрланады. Тіршілік қамы қапаландырған Төлеубай жаяу жалпы үш күн жүріп, үйіне әрең жетеді де төсек тартып жатып қалады. Содан оңала алмайды. Қапалықпен өмірден өткен әкесінің сол бір сәті 5 жасар Кемейдолланың есінде мәңгіге қалды.

Бала кезінен еңбекпен шың­­дал­ған Кемекең білімге ұм­тылып заң қызметкері болуды­ аңсайды. Тырмысып жүріп Алматыдағы заң институтына түсіп, оны үздік бітіреді (1948-1952 жж.). Бұған дейін ұжымшардың түрлі шаруашылық жұмыстарына араласады.

Ал 1952-1954 жылдар ара­лығында Алматыда Қаз­КСР Мемлекеттік қауіпсіздік ми­нистрлігінің Сот мәжілісі хатшысы, 1954-1955 жылдар Ақтөбе облысы Новоресей (қазіргі Хромтау) аудандық прокуратураның халық тергеушісі болып қызмет етеді.

1955 жылы әлемдік деңгей­дегі Дон Хромкен байыту комби­натындағы қылмыстық істерді дұрыс және шебер жүргізгені үшін КСРО Бас прокуроры Ру­денкодан алғыс алған. Осыған орай оны ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі Ақтөбе облыс­тық басқармасына қызмет­ке шақырған тұста Новоресей аудандық партия комитеті жі­бермей аудандық комитетіне алып қалады.

Міне, осы кезеңнен бас­тап К.Төлеубайұлының партия, кеңес қызметіндегі белсенді де беделді істері басталады. Аудандық пар­­тия комитеттерінің бөлім бас­тығы, аудандық кеңес тө­р­а­ғасы, аудандық партия коми­теттерінің бірінші хатшысы. Бұл кезеңнің бәрі еңбекпен шыңдалу мектебі болатын. Ол осылай ұйымдастыру қабілетін шыңдай түсті.

Кемейдолла Төлеубайұлының нағыз саналы өмірінің күреске толы мағыналы сәттері тәуелсіз­діктің арайлы таңы атып келе жатқан 80-жылдардың екін­ші жартысына тікелей байланысты. Бұл тұста бүкіл қазақ жұрт­­шылығының саналы азаматтары өз ұлтының тілі мен елінің тәуелсіздігі туралы тол­ғанып тұрған болатын. Барлық бас қосуларда қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесі туралы пікірталас жүріп жатты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуы керектігі туралы радиолар сайрап, телехабарлар сөйлей бастады. Сөйтіп 1989 жылы 21 сентябрь күні Қазақ КСР-нің Тілдер туралы Заңы қабылданды. Онда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Жылдар бойы осы мәселені қозғап келе жатқан Ә.Қайдардың бастауы­мен дәл осы жылы бір айдан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Бұл бұқаралық ұйым іле-шала өзінің барлық жергілікті ұйымдарын құра бастады. Сондай алғашқы облыстың бірі Ақтөбе облыстық қазақ тілі ұйымы 1990 жылы құрылды. Оның басында оқу-ағарту ісінің майталманы, қоғам қайраткері Мұхтар Арын тұрды. Ол бұл өте маңызды шаруаны алып жүре алатын іскер, тәжірибелі азаматтарды жинай бастады. «Іздегенге сұраған» дәл осы тұста К.Төлеубай облыстық ұйымның жауапты хатшылығына келді. 5 жылдай уақытта бүкіл облыстағы өртеніп тұрған мәселені аса ұйымшылдықпен М.Арын, Н.Қарбалаұлы, А.Айталы, А.Идош, К.Төлеубайұлы үйі­ріп әкетті. Сөйтіп алдыңғы қатарлы, белсенді ұйым қатарына шықты.

Облыстағы қазақ мектеп­терінің ахуалы, мемлекеттік ме­ке­мелердегі ісқағаздарының жайы облыстық ұйымның үне­­мі назарында болды. Бес жыл бойы қоғамның жауапты хат­шысы қызметін атқарған К.Төлеубайұлы облыстың бар­лық аймағын аралап, аудан, ауыл­дардағы мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі қадағалап, үнемі мәселе көтерумен болды. Кемекеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін бағалап, облыс жұртшылығы оны 1995 жылы қазан айының 1-де облыстық ұйымның төрағасы етіп сайлады. Міне, осы күннен бастап ол республика деңгейінде көтеріліп жатқан іс-шаралардың бір де бірінен қалыс қалмай, белсенді араласады. Қайраткерлік дәре­жесіне дейін көтеріледі. Ақтөбе облыстық ұйымы шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесін сауатты жүргізе алатын ұйымға айналды.

Ақтөбе облыстық ұйымымен бірге К.Төлеубайұлы да өсті. Ол халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының өте беделді де бел­сенді қайраткеріне, кеңесші ақсақалдарының біріне айналды.

Кемекең тілге байланыс­ты­ мәселенің қандайында да пікірін ашық айта білетін өт­кір адам еді. Қазақстан Конс­­титуциясының жобасы­ тал­қыланып жатқан кезеңі болатын. 1995 жылы Премьер-Министрдің орынбасары Н.Шәй­кенов баяндама жасады. Үкіметтің жұмысшы то­бы­ның талқылауы болатын. Соған қатысқан Кемекең Н.Шәй­ке­новке: «Мемлекеттік мәр­тебесі бар қазақ тілімен қатар басқа тілдің ресми түрде тең қол­данылуы заңға қайшы. Сон­дықтан Конституция жоба­сының 7-бабынан «Госу­дарственных организациях и органах местных самоуправлениях наравне с казахским официально употребляется русский язык» деген сөздерді алып тас­тау керек. Ал орыс тілі туралы жазу өте қажет болса, онда «при необходимости наряду с казахским языком официально упортебляется и русский язык» деген ұсыныс қояды. Бұл сол тұстағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да пікірі болатын. Бірақ Н.Шәйкенов бұған жауап бере алмады. Жауап бере алмайтын да еді. 7-бап сол күйінде қалды. Осы баптың өзгермегеніне Кемекең күйінумен дүниеден өтті.

Уақыт неткен жүйрік десеңші. Қадірлі Кемекеңнің, Кемейдолла Төлеубайұлының дүниеден өткені күні кеше секілді еді. Содан бері сынаптай сырғып та­­лай жыл да өте шығыпты. Күн артынан күн өтіп, өмір өз ағысымен үздіксіз зырлауда. Тіршілік заңы еш өзгермек емес. «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеге» кім келіп, кім кетпеді дейсің. Абай хәкім айтпақшы, «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, бая­ғыдай көрінер». Әйтсе де мынау жарық дүние есігін ашып, тір­шілік бәйгесіне қатысқан әрбір пенденің бойында Жаратқан жүктеген белгілі бір аманаты және соны атқаруға жеткілікті қабілет-қарымы қоса болатыны сөзсіз. Сол аманатты дер кезінде танып біліп, соған сай өмірін үйлестіре білген жанда арман бар ма, сірә. Өлшеулі өмірді мәнді өткізіп, өзіне тиесілі аманатты адал атқарып кеткен жандардың бірі Кемейдолла ақсақал деп білемін.

Кемекең ширек ғасыр бойы етене араласқан, дәмдес-тұз­дас болған, ағалы-інілі жандай сырласып, сыйласқан, кө­кірегіне қазақтың қара сөзі мен ақыл-парасаты қатар ұялап, қа­зыналы қартқа айналған, өзім ерекше құрмет тұтатын ардақты да асыл ағаларымның бірі еді. Ол кісі өзі дүниеге келіп, тіршілік еткен Ақтөбе өңіріне ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де тілге қызмет етіп жүрген жандар ара­сында кеңінен танымал тұлға болатын.

Кемекеңмен алғаш танысқан күннен бастап біз бір-бірімізді бұрыннан білетін етжақын адамдардай етене араласып кеттік. Сөзі мен ісі, ақылы мен парасаты бірдей үйлескен бұл азаматпен ағалы-інілі бауырлардай сыйлас жандарға айналдық. Соңғы ширек ғасыр бойы қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында үнемі жолымыз тоғысып, талай іс-шараларды бірлесіп жүзеге асырдық. Жер-жерде, ел-елде өткізіліп жатқан іргелі жиындарға қатысу үшін біраз сапарлас та болдық.

Кемекеңнің өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол, кі­сілікті жан еді. Өзі де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін. Мамандығы заңгер болғандықтан ба, ол кісі өте қисынды ойлап, жүйелі де шешен сөйлейтін. Ар­тық не кем түспей, әрбір сөзін дә­лелмен, дерекпен негіздеп отыратын. Сонымен қатар Кемекең қазақтың ескілікті әңгімелері мен жөн-жоралғысын да мейлінше жетік білетін. Сөйлеп кетсе шешен, бастап кетсе көсем еді. Бұл қасиет, сірә, Кемекеңе түп атасы Мөңке биден дарыса керек. Сон­дықтан да болар, ол кісінің пайымына, айтқан пікіріне қара да, хан да құлақ асып, ден қоятын. Ал Тілеу батыр, Мөңке би жөнінде жазған екі кітап келер ұрпаққа қалдырған Кемекеңнің өсиетнамасы. Бұл екі еңбек жөнінде айтылар әңгіме алда.

Жалпы, қоғамдық іспен айналысу, әлеуметті бір мақсат жо­лына ұйыстыру және оған үне­мі дем беріп отыру кез кел­ген жанның қолынан келе бермейтін ауыр да абыройлы іс. Мұндай халықтық іске білім мен білікпен қоса жұртты сөзіне ұйытып, соңына ілестіре алатындай көшбасшылық қасиеттің де қажет екендігі мәлім. Міне, осы қасиеттердің барлығы да Кемекеңнің бір басында жетіп артылатын. Оны әрбір кездесуде, сұхбаттасу барысында байқап жүрдім.

Осы орайда Кемекеңнің қай­рат­керлік қырын, азаматтық кел­бе­тін, адамгершілік қасиетін ашуға септігі тиетін бір-екі сәтті еске түсіргім келіп отыр.

Мәселен, 1990 жылдары Ақ­төбе қаласында әуелі қазақ мек­тептерін ашу, сосын онда қазақ балаларын оқыту ол кезде тіпті қиын болатын. Өйткені орыстандыру саясатының барынша дәуірлеп тұрған кезеңі еді ғой. «Қазақ тілі» қоғамы жер­гілікті бірлестіктерінің іскер­лікпен ұштасқан сауатты іс-әрекеті қажет болды. Ақтөбе бөлім­шесі осы деңгейден көріне білді. Дәл осы кезеңде Ақтөбе қала­сында жаңадан салынған орта мектеп үйін пайдалануға беретін уақыт жақындайды. Қо­ғам қызметкерлері зерттеп қараса, қалада халықтың 80 па­йыздан астамы қазақтар бол­ғанмен, балалардың 11,7 пайы­зы ғана қазақ тілінде оқи­­ды екен. Ал қаладағы 34 мек­тептің 2-еуі ғана қазақ мектебі. Ке­мекеңдер осыны зерттей келе жаңа ашылғалы тұрған мектепті қазақ мектебі еткісі келеді, бірақ облыстық, қалалық оқу бөлімінің бастықтары оған көнбейді. Сондағы сылтау ететіні мектеп үйі 1296 орындық, ал бұл шағын ауданда 239 ғана қазақ баласы бар дегенді алға тартады. Бұның барып тұрған қысастық екенін сезген Кемекең (Кемейдолла ол кезде қоғамның жауапты хатшысы болатын) облыстық ұйым төрағасы Ақтөбе педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арын­ға бұл жағдайды баяндап, балалар санын анықтау үшін бір топ студент тобын бөлуді өтінеді. Ректор 50 студент береді. Сол студенттер көмегімен шағын аудандағы 3000 үйді түгел аралап, үй сайын қазақ балаларының санын анықтайды. Сөйтсе шағын ауданда 1535 қазақ баласы бар болып шығады. Осындай нақты жұмыс нәтижесі облыс әкіміне баяндалады. Шындық нәтижесінде жаңа ғимарат №21 қазақ мектебі болып ашылады. Облыстық, қалалық оқу бөлімінің алақол басшылары орындарын босатады. Бұл іс өзгелерге өнеге болды. Сол күннен былай қарай Кемейдолла ағамыз облыстағы мемлекеттік тілге байланысты мәселелердің бірде-бірін елеусіз қалдырған емес. Қалалық, аудандық ұйым­дардың бәрінің жұмысын айрық­ша сергектікпен қадағалап, жетек­шілік жасап келді.

Кемекеңнің тағы бір атап ай­туға тұрарлық қасиеті, өз кін­­­ді­гінен өрбіген ұрпағының бар­­­лығына қазақы тәрбие бер­гендігі. Кеңестік кезеңдегі қазақ зия­лыларының көпшілігі заманға сіл­теп, ұл-қызын орысша оқытып, ұлттық салт-дәстүрден ажырап қалғаны жасырын емес. Біздің тіл майданын ашып, әлі күнге алысып жүргеніміз де соның зардабы емес пе?! Міне, сол кезеңде де лауазымды қызметтер атқарса да өз бағытынан таймай, азаматтық позициясына беріктік танытқан азаматтар болды. Солардың бірі біздің Кемекең еді.

Кемекең ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, әдемі қартаюдың, ақыл­ман ақсақалдықтың, салиқалы сарабдалдықтың, парасатты діл­мар­лықтың үздік үлгісін көрсетіп кетті. Абыз ақсақалдың осынау асыл қасиеттері мен өнегелі істері өскелең ұрпаққа жұғысты болсын, ал сауабы ахиретте өз рухына азық болсын дейміз.

Ол зайыбы Ажар Сәрсенқызы екеуі (2006 жылы 31 наурызда қайтыс болды) 3 ұл, 4 қыз бала өсіріп, бәрін де ана тілін қадірлейтін азамат етіп тәрбиеледі. Бұл күндері олардың әрқайсысы өмірден өз өрістерін тапқан жандар.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті,

ҰҒА академигі, профессор