Қысқы спорт • 23 Шілде, 2018

«Айнадай ізің қалды жарқыраған»

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүкіл қазақ халқы азалы күйде. Еліміздің айбынын асқақататып, көк туымызды көкте желбіретіп жүрген дарабоз спортшы, мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Теннің қапияда қаза табуы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. 

«Айнадай ізің қалды жарқыраған»

Жоқтау айтқан жұрттың жүрегі тыншу табар емес. Айнадай айдында сынаптай сырғып өте шыққан өміріңдегі жетістігіңді жіпке тізіп қана көлкіген көз жасын сығып, көңілін алдарқатқан болады. Денис Теннің еліне бергенінен берері, әлі де еңсерер белесі көп еді. Өкінішке қарай,  Алматы қаласының қақ ортасында қаныпезерлердің  қолынан қапыда қаза тапты. Ажалға араша түскен дәрігерлер барын салып баққанмен, саңлақтың өмірін сақтап қала алмады. Қазақтың ұранына, ұлттың ұланына айналған ұлы спортшы қамшының сабындай ғұмырында атын күллі әлемге әйгілеп кетті. Қазақстан спорты тарихында мәнерлеп сырғанаудан халықаралық додаларда бұған дейін оза шауып, олжа салған  ешкім болған жоқ. Денис - жеңіс тұғырынан түспеген сайыпқыран еді.

Текті туған Тен - халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, мәнерлеп сырғанаудан финалдық кезеңге өткен Қазақстанның тұңғыш спортшысы. 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында және 2015 жылғы жаһандық жарыста қола медальға қол жеткізді. Мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық додасының, VII қысқы Азия ойындарының және Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Халықаралық конькишілер қауымдастығы рейтингінде үздік үштікті түйіндеді.

Біртуар спорт шебері "Денис және оның достары" деп аталған дәстүрлі ғаламат шоуын биыл төртінші мәрте өткізіп, Астананың 20 жылдық мерейтойына арнады. Тамаша қойылым көрсетуге Ресей, Франция, АҚШ, Канада, Қытай мен Жапониядан мәнерлеп сырғанаудың жұмыр жердегі жұлдыздары келді. «Барыс Аренадағы» керемет кеште ол ерекше ерік-жігер, тың серпінмен өнер көрсетті. Бұл оның мұз айдындағы еркін самғаған ең соңғы сәті екен.

Иә, оның жарақаты жанына батса да, ел намысы үшін додаларда дара  шапқан шағы көп. Өзімді алмастыратын сырғанаушы болса екен деумен есіл ер арманда кетті. Осы олқылықтың орынын толтыру үшін өзімен өкшелес өрендерге бар өнерін үйретіп баққан Денис 2010 жылы шеберлік сыныбын өткізуді бастаған болатын. Бала шақтан балаң арман алға жетектеген албырт жастар арасынан әлемдік додаларда әнұранымызды әуелетіп, алғы шептен көрінетін шеберлер шығатынына кәміл сенетін. Әттең, мезгілсіз ажал межеге жеткізбей, қағілез қара бала қапыда мерт болды.

Барша Қазақстан халқына ортақ қайғылы қазаға қабырғасы қайысып, азалы ой толғаған торғайлық ақын Саят Әбеннің өлеңі өлімге өзегі өртенген жұрттың өксігін жеткізіп тұрғандай:

Өткінші өмір дейтін майданда бұл,

Соғарын кім біледі қайдан дауыл?!

Көліктің айнасы үшін ажал құшты,

Қазақтың айнасына айналған ұл.

 

Еріксіз көзімізге жас келеді,

Еліме арналатын басты өнері.

Мәңгілік қош айтысты өмірменен,

Мәнерлеп сырғанаудың хас шебері.

 

Айнадай айдында айқын із қалдырған алтын асықтай ұл шарыққа ұстаған шарболаттай лыпып тұрушы еді. Жасындай жарқ еткен жас ғұмыр небәрі жиырма бесінде қыршынынан қиылды. «Жазмыштан озмыш жоқ». Ел боп еңіреп, жұрт боп жоқтасақ та мұздағы мұзбалақтың орыны ойсырап тұрары өкінішті! Жарқын бейнең жасампаз халқымыздың жадында жатталып, санасында сақталып қалары хақ. Сенің биік тұғырдағы тұма бұлақтай тұнық тұлғаң өзіңе қарап бой түзеген болашақ чемпиондар үшін бойтұмар болары сөзсіз. Десек те... Денис... жеңіс жолына жетелеген жеткіншектер ұлтымызды ұлықтайтын ұлы мұратыңа жеткізері Айдан анық!

 

Аспан бұлтсыз болмайды,

Бұлтты жарып Күн шығар!

Айдынға өрнек салатын

Қазақтан сендей ұл шығар!

 

.... Бақұл бол, қазақтың Денисі!

 

Амангүл Ермекқызы,

Серік Әбдуәлі,

«Қазақ радиолары» ЖШС ұжымы атынан