Қысқы спорт • 23 Шілде, 2018

Құндылықты қорғай алмайтын қоғам

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаза үстінде жалған сөйлемейік. Болған істі бұрмаламай, шынтуа­йтына тоқталғымыз келеді. Де­нис Теннің қазасы қоғамға бі­раз ой салғаны анық. Орман ой­дың арасынан оймақтайын айтып өтелік. Біз барымызды бағалай ал­майтын, құндылықтарымызды құнт­тамайтын елміз бе?

 

Құндылықты қорғай алмайтын қоғам

Бірнеше жыл бұрын Илья Ильинмен сұхбаттастық. Олимпиада мен Әлем чемпионатында олжа салып жүрген кезі. Бүкіл халық толағайдың рекордтарына тәнті болып, алақанына салды. Бірақ көк туымызды желбіреткен батырымызға тиесілі сыйақысы берілмеді. Мемлекеттен алуы тиіс шәкіртақысынан, үстеме қаржысынан қағылды. Ешбіріне қолы жетпей жүрді.

Араға бірнеше ай салып, Бақыт Сәрсекбаевтың осы сияқты дауға іліккені белгілі болды. Алматы қаласынан алуы тиіс болған пәтердің кілтін былғары қолғап шебері біршама уақыт уысына түсіре алмады. Бұл мәселе тілшілердің бақылауында болып, пәтеріне түбі қол жеткізді, әйтеуір Елена Хрусталева Ванкуверде күміс олжалап, ел абыройын асқақтатты. Кейіннен оған сыйға берілген пәтер де Алматыда болмай шықты. Облыстың атынан жарысқа қатысқандықтан, баспана Қаскелеңнен қарастырылыпты. Елена қыз «Алматыда жаттығамын, елдің атынан жарысқа қатыстым, осы шаһардан бір пәтер алсам деп едім, ол да бұйырмады. Олимпиадаға облыстың атынан емес Қазақстанның атынан қатысқан секілді едім» деп ойын бүкпестен, ашық жеткізді.

Одан кейін де осы тақылеттес талай мәселе көтерілді. Спортшылар тілшілерден көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы Үкіметтің берешегін бермей жүргенін айтты. Ал тиісті мекемелер, министрліктер, спорт ко­митеті бұл істі шешуде асықпайды. Бері­ле­тін сыйақы түбі беріледі-ау, бірақ созы­лып сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Тағайындалған қаржыны аламын дегенде келесі Олимпиада да басталуға шақ қалады. Құзырлы орындарға шығып, спортшылардың құқығын қорғамақ болып бұл мәселеге талай араластық та. Бірақ көптеген қол қойылуы тиіс құжаттар, толтырылуы тиіс хаттамалар, ресмиленген рәсімдер – барлығы да шыдамды тауысып жібереді.

Айтпағымыз, бүкіл ел болып халық­аралық жарыстарда тақымымызды қы­сып оғландарымыздың жолына қа­рай­мыз. Абыройымызды асқақтатып, әнұранымызды шырқатса төбеміз көкке жетеді. Саңлақ­та­рымыздың жеңісіне бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Алайда, сол спортшыларымызды бағалай алдық па? Біршамасы әрине, діттеген мақсатына жетті. Бірақ қаншамасы әлі де қызметсіз, сыйақысыз, баспанасыз жүр.

Денис Теннің қазасынан кейін «қолда бар алтынымызды неге бағалай алмаймыз» деп жанұшыра жазып жатырмыз. «Әкімді көргенде, ақынды өлгенде құрметтейтін елміз» деген сөздің шынымен де рас болғаны ма? Әйтпесе, Алматының қақ ортасында, тапа тал түсте Олимпиаданың қола жүлдегері тұрмақ, қарапайым қала тұрғынына ешкім тиіспеуі тиіс еді ғой. Түскі сағат үште, күн жарықта Денис Тенді танымай, пышақ сұққан қанды қол қарақшылардың ісі ақылға сыймайды. Біздің елде Олимпиадада олжа салған жалғыз мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ғана еді ғой. Одан басқа ешкім мұз үстін­де ол секілді өрнек салмаған еді. Енді мұн­дай деңгейдегі спортшы қашан шығары да белгісіз. Қанша жыл бойы еңбектеніп, ел атын шығарып, бейнетінің рахатын көретін жасқа келіп қалған спортшы қапияда қаза тапты.

Елімізде Норвегиядағыдай Олим­пи­аданы 7-8 мәрте жеңген спортшылар жоқ. Скан­динавиядағы алақандай елде Олим­пиаданы бағындырған 500-ге жуық спорт­шы бар. Ал бізде қысқы спортта медаль алып, танымал болғандар санаулы. Смирнов, Полторанин, Тен... Ай­нал­дырған 2-3 адамды көшеде танымай, олар­ға қоқан-лоққы көрсету қо­ғам­ның ел­шілдіктен ада екендігін көр­сетпей ме? Ке­зінде Бақтияр Артаев пен Ермахан Иб­раимов­терге де қол көтер­ген­дер болды. Қайсыбірін айтайық.

Құндылықтарын бағалай алмайтын қоғам­да өмір сүріп жатырмыз, өкінішке қарай. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, талай спортшымыз шетел асып өзге елдердің қоржынына медаль салды. Есімдерін ел біледі. Ал, «жаным қа­зақ» деп ел абыройын асқақтатқан бекзат спорт – мәнерлеп сырғанаудан шыққан тұң­ғы­шы­мыз Денис Тенді де сақтай ал­мадық. Олим­пиада чемпионы Бекзат Саттар­ханов да маңдайымызға сыймай кеткен еді...

Мәнерлеп сырғанау спортшы үшін ерте басталып, ерте аяқталатын өнер. Мұн­да 6 жасы­нан жаттығуға кірісіп, 13-14 жасында Халықаралық аренаға шығады. 13 жасында Олимпиадаға қатысып, жүлде алған сырға­наушылар жетерлік. 16 жасында екін­ші Олимпиадасына қатысқандар да бар. Денис­тің де екі Олимпиадаға қа­тыс­қа­ны белгілі. Өкініштісі, Денис спорт­тық ғұ­мырын аяқтай алмай кетті...

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»