Қоғам • 27 Шілде, 2018

Әлеуметтік желінің әлегі

8282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Технология дамып, адам санасы «жаңғырған» сайын, Жаратылыстан берілген құндылықтар құмға сіңген судай болып жойылып барады. Айтайын дегенім, интернет пен әлеуметтік желідегі виртуалды өмір туралы бірер сөз еді.

Әлеуметтік желінің әлегі

Қазір смартфонға үңіліп, сондағы «пәтерімізге» күніге бір мәрте бас сұқпасақ жүре алмайтын болдық. Уақыт көші, орта талабы... Дұрыс шығар. Бірақ әр жақсы нәрсенің өз шегі бар екенін ұмытқанға ұқсаймыз. Ашықтық пен жариялылық осы екен деп, жеке бас құқығын таптап, адами құндылықтарды ысырып қоятын болдық. Мәрттік қайда қалды? Аманатқа адалдық, қаламға ант, сенімге серт деген ұстаным төңірегіне ұйысқан едік, қазір бұл жүрмейді. Желідегі жазбалар адам психологиясына қалай әсер ететіні туралы бәрі біледі.

Тіпті кей адамдар желі ұнамаса, кірмей-ақ қойсын деуі мүмкін. Алайда кез келген игілікті дұрыс пайдалансаң ғана оң нәтиже беретінін ұмыта бастағандаймыз. Тіпті озық білімнің өзін тәрбиемен ұштастырып, соған байлағанда ғана толымды нәтиже беретінін, одан басқасы апатқа ұшырататынын әл-Фараби айтты емес пе? Желіде радикалды, ұлтаралық араздықты тудыратын, адамзаттық құқықтық құндылықтарды таптайтын, теріс идеяларды тарататын арнайы топтар мен қауымдастықтар тым белсенді. Ең қауіптісі, көбіне қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың өзегін тауып, «адвокат» бола қалатын сол топ мүшелері. Отбасы құндылықтары, тағылымды тәрбие, тектілік тақырыптарын қаузап, зерттеп жүрген жанашыр азаматтар бар. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда ел көбіне арзан не «хайп» дүниелерге ден қояды. Сынаса да, бойын үйретіп алды. «Дос» болып алды. Ел білетін, құрмет тұтатын азаматтардың өзі кей жазбаларында руханиятқа келгенде «иммунитеті» әлсіздеу екенін көрсетіп жатады. Қайғылы, қасіретті оқиғалардың өзінде бар арманы «сельфи» жасап, желіге салу ғана екені көрінеді. Бұл не сонда? Қайдан келген «вирус?» Кімнен жұққан «дерт?».

Мұның бір ғана жауабы бар. Ол – сананы отарсыздандыру. Қанымызға сіңіп, рухымызда сіресіп тұрған «тежегіштен» арылу. Дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп қабылдай білу, айта алу мәдениеті. Қоғамдық сана мен мәдени орта құстың қос қанатындай егіз ұғымдар. Осы екеуінің үндесуі, қатар дамуы нәтижесінде ұлт ретіндегі талғам биіктігі пайда болады. Осы талғам көрсеткішінен әлеуметтік желідегі өз бейнемізді көруге болады.  Әр адам қоғамның мүшесі дейтін болсақ, оның ішкі мәдениеті, рухани кемелдігі мен парасат-пайымы желідегі жазбасынан байқалады. Өресі мен шығармашылық қабілеті екі бастан анықталады.  Ал енді жеке көзқарастар шоғырын қоғамдық тобыр қалпына салсақ, мәдени ортамыздың шынайы бет-бейнесін, айнасын көреміз. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» дегеннен басқа айтарың қалмайды...

Еуропа елдерінде әлеуметтік желінің ішкі ережелері қатаң сақталады. Автор жазбасында артық кетіп, шектен шығып жатса артынша желідегі достарынан кешірім сұрап, ағынан жарылады.

Әлеуметтік желі рухани дағдарысқа әкеп соғатын бірден-бір факторға айналуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Сарапшылар өз пікірін ысырып қойып, өзгенің жетегінде кететін «әлсіз» топтар осы желінің өнімі дегенді жиі айтады. Пікір негізсіз де емес. Желі тұтынушыларының арасында жаманның парқы мен жақсының нарқын ажырата алмай, адасып жатқандар жетіп артылады. Көбіне оңы мен солын тани қоймаған жасөспірімдер зиянын тартады. Егер әлеуметтік желінің қоғамдық мәдениетті қалыптастырудағы орны туралы айтатын болсақ, білім беру мекемелері, ағарту саласымен тікелей айналысатын институттар қызметінің жауапкершілігіне көп дүние байланысты.

Қалай болғанда да әлеуметтік желі ақпараттық идеологияның ажырамас бөлшегіне айналды. Осы платформа арқылы ақпарат берудің жаңа формасы пайда бола бастады. Әрине белгілі бір пайдалы тақырыптарды қаузап, қоғамдық талқылауға салып, шешу жолдарын ұсынып жүрген әлеуметтік топтар да бар. Әр адамның ішкі мәдениеті, тәрбие-танымы әртүрлі. Көрген-білгені, көңілге түйгені, бойдағы «нәрі», бәрі әртүрлі. Қоғамдық тәрбие әр адамның жеке мәдени көзқарасы негізінде қалыптасады. Олай болса, әр адам желідегі өз жазбасы арқылы мәдени ортаны не тазартып, не лайлап жатыр деуге болады. Әлеуметтік желі – рухани мәдениеттің жаңа түрін түзіп жатқан платформа. Ал рухани мәдениет тақырыбы осы уақытқа дейін өте нәзік, тым астарлы һәм тағдырлы сипатымен бұзылмай келді. Сондықтан желідегі жазбамызға абай болайық, ағайын!

Құрманәлі ҚАЛМАХАН,

«Егемен Қазақстан»