Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Петропавл темір жол вокзалы Астана уақытына көшті

727 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газеті көтерген мәселе оң шешімін тапты.

Петропавл темір жол вокзалы Астана уақытына көшті

Осы уақытқа дейін Қызылжар темір жол вокзалында жолаушылар пойыздарының Мәскеу уақыты бойынша қатынауының салдарынан түрлі қолайсыздық туындайтын. Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газеті біраз уақыт бұрын көтерген болатын («ЕҚ», «Қызылжар вокзалы қашан қазақстандық болады?», №20, 30 қаңтар, 2018 жыл). Яғни қала вокзалынан Астананы бетке алғанда 50-60 шақырымдай қашықтықта орналасқан Смирнов темір жол бекетіне дейінгі аралық «Ресей темір жолдары» ААҚ-тың Оңтүстік-Орал теміржолына қарайтынын, соның салдарынан вокзал ғимаратының маңдайындағы сағат та, пойыздардың жүру кестесі де, жолаушы билетіндегі уақыт та көрші елдің уақытымен есептелетінін қаузаған едік. Осы мақаладан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары да аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің  атына сауал жолдағаны мәлім. Енді міне, «Егемен» көтерген мәселе ел пайдасына шешілді. Биыл 1 тамыздан бастап пойыздар жергілікті уақыт бойынша жүре бастады.

Петропавл темір жол бекеті билет кассаларының меңгерушісі Ольга Жапконың айтуынша Петропавл вокзалындағы пойыздардың келуі жəне жөнелтілуі жөніндегі кестеде, билеттерде, электронды таблода жəне ғимаратқа кіре берісте маңдайшада ілулі тұрған сағатта жергілікті уақыт көрсетіледі. Пойыздардың жүру уақыты дыбыс күшейткіш арқылы  хабарланады. Бұл жаңашылдық жолаушыларға сапалы қызмет көрсету талабынан туындап отыр. Бүгінде  ақпараттық жүйені өзгерту бағытында кешенді шаралар атқарылуда.

«Өзге қалаларда тұратын туған-туысқандарымызбен байланыстыратын жалғыз вокзалдың жергілікті уақытқа көшуін бұрыннан тілеп жүретінбіз. Мəскеу уақытына үйренісе алмай, талай шатасқан кезіміз болды. Кей кездері касса қызметкерлер пойыздың Мəскеу уақытымен жүретінін ескертуді ұмытып кетіп жататын.  Кешігіп, жолдан қалып қойған кездер жоқ емес», дейді қуаныштарын жасыра алмаған петропавлдықтар.

Петропавл вокзалы “Ресей темір жолдары” ААҚ-ның Оңтүстік Орал филиалына қарайды. Былтыр Оңтүстік Орал темір жолы арқылы 791 мың тонна жүк, 700 мыңға жуық жолаушы тасымалданыпты.    

2018-2019 жылдарға арналған бағдарламаға орай  вокзал аумағында жаңғырту шаралары жүргізілуде. Жоба бойынша ғимараттардың іші мен сырты заман талабына сəйкестендіріліп, эскалатор орнатылады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар