Кино • 03 Тамыз, 2018

Отандық анимацияның халі қалай?

875 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Айыбы кішкентай көрермендерге арналғаны болмаса, анимациялық фильм жасау оңай емес, азабы да жет­кілікті және арзан тұрмайды. Көп қаражатты, көп уақытты, көп күш­­ті қажет етеді. Ұлттық өнер көк­­жиегінде маңызды сала ре­тін­де пайда болғанына елу жыл­дан енді асса да, қазақ мульти­пли­кация­сы­ның атасы Әмен Қай­да­ров­тың көзі тірісінде тоқыраған бұл сала бар-жоғы белгісіз болып, та­лай жыл теріс қарап, тырс етіп белгі бермеген күйі бүк түсіп жатып қалды.

Отандық анимацияның халі қалай?

Әр жылдары жекелеген режис­сер­лердің бірді-екілі қысқа метражды ани­мациялары экраннан қылаң беріп қал­ғанымен, сұранысты қанағаттан­дыратындай халде емес, бос тұрған на­рықтың жұмырына жұқ болмай, жұты­лып кете беретін. Көркем фильмдерге бергісіз, ересектердің өзі естен танып елі­гіп көретін «Шрек», «Мадагаскар», «Мұз дәуірі», «Симба», «Коконың құпия­сы» секілді әлемдік анимациялық шедевр­лер дүние кеңістігін тұтас жаулап алып жатқан кезеңде бала танымына лайық бірде-бір күрделі әрі мағыналы дүние ұсына алмай келе жатқан қазақ аниматорларының әрекетсіздігі жерге қарататын жайбарақаттыққа дейін жеткені еш ақтауға келмейтін. Бүгінде анимация жанрында жаңалық жоқ деуге болады, әлемнің ең мықты аниматорлары иненің жасуындай идея қалдырмастан бәрін түсіріп тастады және өте кәсіби түсіретіндіктен бұл сала бойынша олармен теңесетін еш нәрсе де, ешкім де қалмағандай. Бүгін шыққан «мультик» ертең ескіріп, күллі әлем режиссерлері идея мен тақырыптың соңында сүрлігіп, түсіру тәсілі мен жеткізу әдісі жолында жарысып, жанталасып жатыр, ал біздің екі қолды қалтаға салған еренсіздігімізден балақайлардың тілі шет тілінен қотарылған мульт­фильмдер арқылы қалыптасып, сон­дағы кейіпкерлер секілді жасанды, нәрсіз-сөлсіз сөйлеуге дағдыланып барады. Бұл жақсы нышан емес. 

Кеш те болса, тақыр жерден яки қа­ра тас­тың қуысынан құлағы қылтиып кө­рін­­ген нәзік гүл секілді ұзақ жылғы түйе­тол­ғақтан кейін қазақ экранынан тұңғыш рет қанат қаққалы отырған «Мұзбалақ» және «Күлтегін» атты бір сағаттық то­лық­метражды қос бірдей анимациялық фильм қатар дүниеге келгенде, мұны мәдени-рухани өміріміздегі айтулы оқиға ретінде қабылдамасқа амалымыз қалмады. «Мәдени оқи­ға» деп ауыз толтырып күпі­неміз-ау, бұл мультфильмдердің дү­ниеге келуінде де мақтанып айтар еш ­нәрсе жоқ, себебі алпыс минуттық екі фильмнің де бар болғаны сегіз-тоғыз ай ішінде дайындалғанын естігенде, жы­лап жіберуге шақ қаласың. Осыны ше­тел­дік әріптестер естісе, олар басын шай­қап тастап тұрып күлер еді. Себебі Еу­ропа аниматорлары тоғыз айда то­лыққанды туынды түсіреміз деп жа­нық­пайды, бұл уақытты олар асықпай жү­ріп бар болғаны үш минуттық трейлер тү­сіруге немесе 6-7 минуттық қысқа­метражды фильм дайындауға ғана жұмса­ған болар еді. Ал біздің аниматорлар уыз-нәрге жарымай, ұлттық танымнан қайнап шыққан  төлтумаға сусап жүрген бүлдіршіндер үшін Күлтегінше айтқанда, «түнде ұйықтамады», «күндіз күлмеді». Мульт­фильмнің бір секунды үшін 24 сурет салынады екен, ал бір сағаттық «Мұз­балақ» үшін 86 000 сурет салыныпты. Бір суреттің бір-ақ рет салынбайтынын, са­па­лы нәтижеге қол жеткізу үшін әр сурет­тің кемінде 4-5 қайыра салынатынын ес­­керсек, мұ­ның қандай ұшан-теңіз ең­бек еке­нін есептей беруге бо­латын шы­ғар. «К­үл­тегін» мен «Мұзбалақ» – бірі­не-бірі ұқсамайтын, екеуі екі бөлек дүние. Бірақ бір жылда, бір студияда  әзір­лен­гендіктен, екеуі егіз бала секілді қатар аталады. Әйтсе де аз күнге болса да, ал­ды­мен жарық көргендіктен әуелгі әңгіме «Мұз­балақ» туралы. «Тастүлек» атты қысқаметражды анимациялық фильмнен бастау алған «Мұзбалақ» бүркіт пен адамның арасындағы достыққа құрылған. Сюжеті Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Ербол Бораншы, Адай Әбілда секілді төрт автордың бірігіп жазған сценарийінен туған. 

Мұнда кең тынысты еркіндік, динамика, экшн, бәрі бар. Камера еркін қозғалады. Дүлей аңшы Шегір мен жетім бала Ақтайдың арасындағы текетірес – қатігездік пен ізгіліктің мәңгі бітіспес арпалысы. Шегір мен Мұзбалақ мультфильмді бастан-аяқ әрекетке, өткір тартысқа толтыра түседі. Қара ниет Шегірдің қасақана жасаған қастандығынан ажал құшқан адал адамның қаны өзендерден өтіп, көлдерге жетіп, тасты тесіп, топыраққа сіңіп, жеті қат жердің астында жатқан айдаһарды ұйқысынан оятып, ашуына мінгізіп, қаһарын төккізеді. Көмейінен от шашып, аузынан жалын бүріккен алып аждаһа жер бетіне шыққан соң жойқын екпінімен ел ішін кәрі-жас демей жалмай бастайды. Аспан мен жердің арасын емін-еркін бағындырған айдаһарға қарсы тұратын бір-ақ күш бар. Болат тұяқты аспан әміршісі, дала еркесі қыран бүркіт қана айдаһарға тойтарыс бермек. Ал сонау сүймендей сүңгілерімен сұлу көрінген мұзтаулардың ұшар басына ұя салған Мұзбалақ оңайлықпен аңшының қолына түсе қоймасы анық. Аспан еркесі қаталдықты емес, адалдықты аңсап жеткен адамның ғана қолына қонып, қалтқысыз қызмет етуге даяр. Жас көрермен қыранның қанат қағысынан бастап қапасқа келгенге дейінгі тіршілігінен өзі үшін көп қажетті дерек алады: бүркіт өзге құстар секілді адам әміріне мойынсұна бермейді, тілсіз мақұлық мәжбүрлегенге көнбейді, дос пейілмен аялап қарағанға ғана адам секілді адалдық танытады. 

Суретшілер де құлпыртады-ақ. Кішкентай көрермен кейіпкерлердің пішініне қарап отырып-ақ, кімнің жақсы, ал кімнің зұлым екенін, мінезін, психологиясын, әлеуметтік мәртебесін тани қояды. Жауар бұлттай түнеріп, қалың қабағын зілденіп әрең көтеретін, ол – Шегір. Мұндай адамның қолынан жақсылық жасау келмейді. Жақынына жәрдемдесу керек болса, екі білегін сыбанып ынты-шынтысымен кірісе кететін Ақтайдың мейірімді жан екенін түрі айтып тұр. Кейіпкердің жүзіндегі титтей құбылыс, жүзіндегі ұшқынның өзі не болғанын, алда әлі не болатынын айтып отырады. 

«Мұзбалақта» кейіпкерлердің сөзі кей тұста өлеңмен өріледі. «Бұл бала санасына ауырлық етпей ме?» деген сауалымызға, Тілектің айтуынша, екі иығын қомдап сөйлеген біздің бабаларымыз да бала болған, қара сөзден гөрі өлең сөз қанымызға жақын болғандықтан, шумақтатып сөйлеу бесіктен белі шыққан қазақтың әр баласына тән болған. Бала санасы бәрін қабылай алады, тек ересектер оны жеткізудің әдісін білуі керек. Тіпті байқап қарасақ, мақтаулы шетелдік мультфильмдердің көпшілігінің тілі құрғақ диалогтан гөрі өлеңге құрылады. «Мұзбалақ» дастанды, жырларды төрт шумақпен түсінікті тілмен экрандаудың өте ұтымды тәсілін тауып отыр. «Сіз ғажайып мергенсіз ғой, осында жол жүріп келгенсіз ғой. Қалың ел аштықтан қиналғанда,  талай олжа апарып бергенсіз ғой». Мұндай тәсіл, сөз жоқ, баланы төрттаған тақпақтарды жаттауға ерте бастан дағдыландырады. 

Қазір екі фильмді де фестивальдерге, түрлі көркем анимабайқауларға жіберу жоспарланып отыр. «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» күзде Қазан қаласында өтетін халықаралық фестивальдің іріктеуінен өтіп, сайысқа түсуге жолдама алды. Жақсы, «Мұзбалақ» та, «Күлтегін» шет мемлекеттерде өтетін фестивальдерге, бәйге, байқауларға қатысады делік. Жат жердің көрермені ең алдымен жаңашылдық іздейтіні анық. Бірақ өзіміз жылы, жақын қабылдап отырған ұлттық фольклорымыздың өзегіне айналған осы персонождар, осы оқиға, осы дүниетаным оларға қаншалықты қызықты болуы мүмкін? Қазақ мультфильмінен олар қандай жаңалық тапқан болар еді? «Қызық болуы керек деп ойлаймын», – дейді фильмнің режиссері Адай Әбілда.  «Себебі  бүгінгі кинода идея мен көркемдік сапада «дефицит» байқалады. Олар жіңішке, нәзік дүниені жақсы көреді, хрониканы, детальды бағалайды. Әрине, техникалық жағынан Америкамен жарыса алмаймыз. Біз өзгенің көңілін тек өзімізге тән мәдениетпен ғана аудара алуымыз мүмкін. Еуропа, жалпы әлемдегі көрермен әлі күнге дейін көшпелілердің мәдениетін толыққанды көре алмай келеді. Ауыл тұрмысы, сөйлеу мәдениеті, үлкен мен кішінің арасындағы қарым-қатынас, адамзат пен табиғаттың арасындағы қарым-қатынас оларға қызық болуы керек. Сондай-ақ, «Мұзбалақта» қазақ жерінің бүкіл жауһары: Маңғыстау үстірттері, Бурабай жақпартастары, Жетісудағы Шарын шатқалдары әр қырынан әдемі көрініс табады. Жеріміздің кеңдігі, сұлулығы елімізге турист тартуға да қызмет атқарып тұр», дейді. Фильм сценарийін жазғандардың бірі Тұрдыбек Майдан 16 жасына дейін шекараның арғы бетінде өмір сүрген, қыстаудан жайлауға, жайлаудан күздеуге көшіп, киіз үйдің шаңырағынан төгілген шуаққа шомылып, желіге бие байлап, құлын ағытқан, ит жүгіртіп, құс салған табиғатпен етене нағыз көшпелі қазақ өмірін көрген, «Мұзбалақта» да сол тіршілікті қаз-қалпында суреттеген. Жаңашылдық, міне, осында. Ал түркітілдес елдердің барлығына «Мұзбалақ» түсінікті болады, себебі өмір сүру салтындағы ортақ байланыс оларға да жақын.

«Күлтегін» мазмұн жағынан күрделірек көрінгенімен, кішкентай Білге мен Күлтегіннің балалық шағынан басталған оқиғаны барлық тайпалардың еркіндігін, тәуелсіздігі мен достығын бағалаған ұлы қағанаттың тарихына өшпестей етіп ізін қалдырған Ашина текті Елтеріс қағанның өлімі шиеленістіріп, толассыз өрістейтін ерлікке толы хикаялар тізбегі иіріміне тарта түседі. Аманатқа қалдырылған ұлан ғайыр далада қарашаңырақ иесі, көк түріктің сарқылмас дәстүрінің мұрагері болып отырған қазақ елі бұл тарих үшін бір мультфильм қайтсе де қарыздар еді. «Күлтегін» – «Қазақфильм» тарихындағы 3D техникасымен түсірілген мультфильмдердің алдыңғы легіндегі алғашқы сапалы туынды ғана емес, бұған дейін қысқаметражды дүниелер түсіріп келген режиссер Адай Әбілданың да көп жылғы тәжірибесі мен ізденісінен кейінгі толыққанды форматтағы дебюттік жұмысы. «Қазақ халқында ешқандай мемлекет болмаған», «тіпті бұларда мемлекеттілік деген ұғым жоқ» деген кейбір қиямпұрыс әңгімелерге қарсы атылған оқ, берілген жауап бұл. Қазақ хандығы тарихына 550 жыл ғана емес, бірнеше жүз жылдықтарға ары жатқанын, міне, жайшылықта мұрын шүйіріп қарайтын осындай мультиктер айтқанда бір жағы, жүзіңді төмен саласың. Аниматорлар көк бөрі өсірген Күлтегін мен табғаштардың тыңшысы Қапаған оқиғасына баланы қызықтыру үшін барлық тәсілді қарастырған: әлі ақылы толыспаған балаға ақ пен қара бояуы басым суреттер «достық» және «сатқындық» деген ұғымды оп-оңай ұғындыра алады, мәтінді оқып тұрған кадр сыртындағы күркіреген дауыс әлемде зұлымдық барынан хабар бергендей. Сатқындыққа жаны қас, ақпейіл, қайсар, батыл болып өсіп келе жатқан Күлтегінді жақсы көрмеу мүмкін емес. Оның достықты биік қойып, бағалайтыны соншалық, Білгені таққа отырғызып, өзі қолбасшылықты қолай көргеніне бала екеш бала да сүйсінетініне бәс тігуге болады. Балаға қызықты болуы үшін кей тұсында, бәлкім, тарихи шындық саналы түрде көркем шындыққа ұластырылған болар. Бірақ ол фильмнің құндылығын асқақтатпаса, төмендетіп тұрған жоқ. «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» идеяларын бүлдіршіннің балғын санасы қабылдай алмауы, түсініксіз болуы мүмкін, бірақ елдік мұраттармен терең қабысатын тарихи тақырыптың Адай режиссерлігінде «госзаказдығына» қарамастан гүлденіп, бала шаттанатындай шеберлікпен орындалғаны анимация жанры үшін үлкен олжа. 

Анимациялық жанрдың аудиториясы бөлек.  Бұл салада өзімізде де мықты мамандар бар екенін, олардың да қолынан іс келетінін осы екі мультфильм дәлелдей алады. Бұл екеуінің алдында, тәуелсіздік тұсында түсірілген толыққанды жалғыз анимация «Ертөстік» фильмін өмірге әкелу үшін мамандарды аттай қалап, ат шаптырып сонау Ресейден, Украинадан арнайы шақырған болатын. Ендігі жерде қит етсе Қытайға барып жасатып, одан қалды, орыс мамандарының етегіне оралып жүріп жалынып, «ұлттық дүниемізді жасап берші» дегеніміз ұят қана емес, қыруар қаржыны аяусыз сыртқа шашатын даңғойлықтан тыйылуымыз қажет. Қайдаровтың қажырлылығымен дүниеге келген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілді классикалық анимациядан кейін ұзақ жылғы үнсіздікті бұзып келген «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» заманына қарай бөркін киген таза ұлттық туынды. Бұл арқылы «Қазақфильм» жылына ұзақтығы сағаттан асатын, толыққанды екі-үш фильм жасауға мүмкіндігі бар екенін байқатты. Жетістік те, жеңіс те кеш келеді, бірақ жоқтың орнын осындай жалғыз-жарым олжалар толтыратынын ескерсек, тоқмейілділікке салынбай, отандық аниматорларды жан-жақты қолдауды ойлағанымыз орынды болар.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ