Іргелі ізденістер
Елордамыздың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген театрдың мерейтойлық маусымы негізінен Астананың төл мерекесіне арналған еді. Өткен мау-
сымда театр репертуары опера және балет өнерінің әлемдік жауһарларымен толықты. Атап айтар болсақ, Жорж Бизенің «Кармен», Джакомо Пуччинидің «Турандот», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары мен Адольф Аданның «Корсар» балеті, сондай-ақ Карл Дженкинстің «Shine Astana» салтанатты одасы және Раймондо Ребек пен Ксения Звереваның «Заманауи хореография кеші» – ақсүйек өнердің талғампаз жанкүйерлері үшін айтулы өнер жаңалығына айналды.
«Астана Опера» сахнасында тұсауы кесілген әр қойылым өзіндік ізденіс ерекшелігімен көрермен көңіліне берік бекіп, кезекті маусым шымылдығын үлкен қимастықпен жапты. Олай болуы заңды да. Себебі бір ғана «Кармен» операсының театр репертуарына қосылуы бас шаһар көрермендерінің көптен күткен көңіл түкпіріндегі тілегі болатын.
Дирижер Алан Бөрібаевтың көркемдік жетекшілігінде үлкен сахнаға жол тартқан Жордж Бизенің бұл теңдесіз жауһары әдеттегіше өнер әлемінде үлкен резонанс тудырып, театрсүйер қауым көңілін тағы бір серпілткені анық. Бүгінде театр репертуарындағы сұранысқа ие кассалық қойылымдардың көшін бастап тұрған аталмыш опера елорда тұрғындары мен қонақтарының қайталап көруден жалықпайтын сүйікті туындыларының қатарында.
Жалпы, маэстро Алан Бөрібаевтың қолға алған қай жұмысының да жанданып, жаңарып, нәтижесі жаңалыққа ұласып жататындығына талғампаз көрермен әбден сеніп, үйреніп алған. Көпшілік үшін бұл – аксиома. Мұның және бір дәлелі – «Shine Astana» жобасы. Есімі әлемге әйгілі дирижердің британ композиторы Карл Дженкинстың музыкасы бойынша жасаған концерттік бағдарламасы көрермендерді ғаламат әсерге бөледі.
Концерттің ерекшелігі сонда – мыңнан астам музыкант «Астана Опера» сахнасында бас қосты. Олардың қатарында Қазақстанның барлық аймағынан, сонымен қатар Италия, Аустрия, Германия, Голландия, Грекия, Хорватия, Ресей, Беларусь, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген құрама симфониялық оркестрлер мен хорлар, сондай-ақ танымал қазақстандық тенор Медет Шотабаев пен әлемдік жұлдыз – америкалық опера сопраносы Энджел Блу, «Астана Опера» жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш сынды талантты өнерпаздар бар.
«Астана Опера» театрының бесінші маусымдағы тағы бір айтулы жаңалығы – Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының жаңа музыкалық-сахналық редакцияда көрерменмен қауышуы дер едік. Режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың қолтаңбасында сахна көрген ұлттық операның жауһары заманауи озық техниканы ұтымды пайдалана отырып, көне мен жаңаның үндестігін мазмұндық һәм көркемдік биікте сәтті сараптаған болатын. Аталмыш туынды шілде айында Бурабай тауының баурайында ашық аспан астында көрсетіліп, айтулы іс-шараға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұжым ізденісін жоғары бағалады.
Сондай-ақ «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында қарақшылардың қиялшыл өмірінің шытырманына құрылған әйгілі «Корсар» балетінің премьерасы да астаналықтар үшін өнердің үлкен мерекесіне ұласты. Француз композиторы Адольф Аданның ғажайып музыкасы жан бітірген әлемдік балет өнерінің жауһары Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, есімі жаһанға мәшһүр балерина Алтынай Асылмұратованың суреткерлік ізденісінде елорданың 20 жылдығына арнайы дайындалып, көпшілік назарына ұсынылған болатын.
«Астана Опера» театры кішкентай көрермендердің қызығушылығын да назардан тыс қалдырған емес. Бесінші маусым балдырғандарды Тілеуғазы Бейсембектің музыкасына қойылған «Самұрық келген таң» және Эдвард Григтың «Пер Гюнттің саяхаты» атты қос қойылыммен қуантты. Бір жыл ішінде жалпы саны 126 217 көрерменді үлкен ілтипатпен қабылдаған «Астана Опера» театрының бесінші маусымының шымылдығы 350 жылдық тарихы бар атақты Париж ұлттық опера театры балет солистерінің гастрольдік бағдарламасымен жабылды. Еуропалық балеттің талантты әртістері ұсынған Gala de Paris жобасына әлемдік хореографияның жауһарлары енді.
Сәтті өнер сапарлары
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұлттық өнерімізді жаһанға таныту жолында жасап жатқан жұмыстары да көңілге құрмет орнықтырады. Бесінші маусымда балет труппасы әйгілі италиялық «Карло Феличе» театрында өнер көрсетті. М.Жаррдың музыкасына қойылған Р.Петидің «Париж Құдай Ана шіркеуі» балетін ұсынған «Астана Опера» әртістерінің шеберлігіне италиялық көрермен тәнті болып, ыстық ықыласын білдірсе, желтоқсан айында Венгрияның Будапешт және Печ қалаларында «Астана Опера» труппасы ұсынған концерттік бағдарламалар да аншлагпен өтті.
Бұдан өзге, өнер ұжымының Қазақстан қалалары бойынша жасаған гастрольдік сапарлары да үлкен қошеметпен қабылданды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында елордалық труппа қазақ музыка өнерінің үздік туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық классикалық операсын, сонымен қатар ХХ ғасырдың атақты хореографтары Кеннет Макмилланның «Манон» және Ролан Петидің «Париж Құдай Ана шіркеуі» балеттерін алматылық көрермен назарына ұсынса, мамыр айында Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында маэстро П.Грибановтың жетекшілігіндегі Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсеткен «Астана Опера» театрының жетекші солистері мен хоры Дж.Пуччинидің «Богема» операсын орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Мұның барлығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Мәдени саясат тұжырымдамасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың жемісі мен еліміздегі ең ірі әрі сәулетті театр – «Астана Опера» театры шығармашылық ұжымының орасан зор күш-жігерінің нәтижесі екені сөзсіз.
Маусым мерейі
Мерейтойлық маусым театр әртістері үшін жемісті һәм жеңісті болды. «Астана Операның» жетекші солисі, көптеген беделді халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан биыл Dance Open (Санкт-Петербор, Ресей) мәртебелі халықаралық балет сыйлығының «Мистер Виртуозность» аталымы бойынша лауреат атанса, балет солисі Серік Нақысбеков «Арабеск-2018» (Пермь, Ресей) байқауында топ жарды.
Опера солисі Айзада Капонова Италияның Пезаро қаласында өткен Дж.Россинидің XV халықаралық байқауында жүделі 1-ші орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ белгілі балерун Бақтияр Адамжан мен опера труппасының солисі Мария Мудряк 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты болды.
Ал театрдың жетекші солисі Медет Шотабаев Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Италия Жұлдызы Орденін кеудесіне тақты. Сонымен қатар ұжымның талантты өнерпаздары Сүндет Байғожин мен Мәдина Басбаева «Үздік опера солисі» және «Үздік балет әртісі» аталымында «Сахнагер» ұлттық сыйлығының иегері атанды.
«Астана Опера» театрының тағы бір табысы – әлемдік деңгейдегі өнер ұжымдарымен кәсіби деңгейде шығармашылық байланыс орнатуы дер едік. Бесінші маусымда жүзеге асқан сондай маңызды өнер оқиғасының бірі – италиялық «Ла Скала» театры академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Өнер әлеміндегі бұл маңызды қадам – отандық өнерпаздарға кәсіби біліктілігін арттырып, шығармашылық тұрғыдан жемісті тәжірибе алмасуына, шеберлігін шыңдауына кең жол ашатын тамаша мүмкіндік екендігі сөзсіз.
Мерейтойлық маусымын осылай табысты тәмамдаған өнер ұжымы алдағы маусымға да жүйелі жоспар құрып, дайындық жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Алтыншы театр маусымында көрермен қауымды ұлттық әрі әлемдік опера және балет классикасы жауһарларының тұсаукесерлері күтеді. Атап айтар болсақ, Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз», Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» опералары мен Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» атты аяқталмаған балеті мен композитордың өзге де шығармаларының үйлесіммен біріктірілген үзінділерінен құралған әйгілі «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу» ұлттық балеті елорда көрермендерін өзінің жарқын атмосферасымен қуантады деп күтілуде.
Бес жылдық белесті абыройлы еңсерген «Астана Опера» театры ұжымының өнері көрерменін әрдайым өзінің жаңашылдығымен, көркемдігімен, жарқындығымен таңғалдырып келеді. Қай кезде де алдына ауқымды шығармашылық мақсаттар қойып, соны жемісті жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыс істейтін ұжымның келер маусымдағы ұсынар жаңалығы да көрермен көңіліне берік бекіп, өнер жанкүйерлеріне шын мәніндегі рухани мереке сыйлайды деп сенеміз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»