Көлік саласына қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алынған жаңа жоба білімді тереңдету, сонымен қатар оқушылардың мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал етеді. Конкурстың ерекшелігі, жеңімпаз атанған озат оқушылар Ұлыбританияның Крэнфилд университетінің аэрокосмос мектебіне тағылымдамадан өтуге барады. Конкурстың қатысушылары негізінен барлық облыстың жалпы білім беру мектептерінің 16 мен 18 жас аралығындағы оқушылары.
Өңірлік іріктеу турларын облыс әкімдіктері мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері ұйымдастырған. Олардың ішінен бүгінде финалдық іріктеу кезеңіне 85 адам өтіп отыр. Әр команда 4 оқушыдан және 1 команда жетекшісінен тұрады. Финалдық іріктеу турын Крэнфилд университетінің өкілдері өткізбек. Финалдық іріктеу қорытындысы бойынша 40 оқушы оқу-танымдық сапарға жіберіледі.
Комиссия мүшелері қатысушыларды шығармашылық ойы және ұсыныстың тиімділігі, ағылшын тілін қолдануы және берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беруі бойынша бағалап отыр.
Бұл шараға Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Әділет вице-министрі Наталья Пан, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Джон Гиффорд және Назарбаев университеттің вице-президенті Ерден Құсайын қатысты. Сондай-ақ мектеп оқушылары үшін табыс тарихы туралы және авиатранспорт инженері мамандығы туралы «Эйр Астана» өкілдері Мұхамеджан Мұстафин және техникалық қызмет көрсету бойынша аға менеджер Руслан Шаяхметов лекциялар оқыды. Өз кезектерінде Крэнфилд университетінің аэрокосмос мектебінің өкілдері Ян Холлингворт аэрокосмос динамикасының әлемі туралы, Фрэнк Юкэс ұшақтарды модельдеу туралы, лейтенант-полковник Эндрю Хоултон тікұшақ операциялары туралы әңгімелеп берді.
«Аталған конкурс балаларға техникалық мамандықтарды дұрыс таңдауға, ағылшын тілінің деңгейін арттыруға көмектеседі, сондай-ақ әлемнің үздік аэрокосмос мектебіне баруға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – жас өнертапқыштарға қолдау көрсету», дейді Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
Айта кетуіміз керек, ауқымды шараға «Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушы және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры серіктес болып отыр.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»