Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

«Burabay Forum» бүгін өз мәресіне жетеді

545 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қорының ұйытқы болуымен жас ғалымдардың «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы»  халықаралық форумы өз мәресіне жетеді. 

«Burabay Forum» бүгін өз мәресіне жетеді

Елбасы Қорының ұйытқы болуымен жас ғалымдардың «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» халықаралық форумы жоғары дәрежеде өтті. 40 жасқа дейінгі 100 жас ғалым қатысқан халықаралық жоба Қазақстанның және ТМД елдерінің өзара іс-қимылын бірнеше бағытта зерттеуді ұйғарды. Бұл шараға Қазақстанның, Ресейдің, Литваның, Беларустің, Арменияның, Әзірбайжанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның физиктері, саясаттанушылары мен экономистері қатысты. Олар ғылым және білім саласындағы трансшекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Дәстүрге айналған бұл форумның биылғы жылғы ерекшеліктері мынадай:

Біріншіден, жиынның географиялық ауқымы кеңейді. Екіншіден, форумның күн тәртібі мен талқыланатын тақырыптар аясы артты. Сонымен қатар жас ғалымдардың жиынына мемлекеттік органдардың басшылары да қатысып жатыр. Сәйкесінше, шараның маңызы да артқан. 

Форум барысында ауыл шаруашылығы саласында тың технологияларды пайдалану арқылы өнімділікті арттыру мәселесі де талқыланды. «Бұл ретте Қазақстанның мүмкіндігі мол», - дейді жас ғалымдар. Өйткені ұлан байтақ жеріміздің 50%-ы экологиялық тұрғыдан таза саналады. Форумға қатысқан жастар білікті бизнес тренерлердің шеберлік сыныптарына қатысып, жаңашыл жобаларын кәсіпте кәдеге жаратудың жолдарын меңгереді. Халықаралық форум қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады.