Руханият • 10 Тамыз, 2018

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мұрасы әспеттелді

792 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мұрасы әспеттелді

Өткен аптаның соңында елорда төріндегі еңселі даңғылдардың бірі «Абай» көшесінің бойында орналасқан дана-ғұлама ескерткіші алдында ойшыл ақынның туған күніне арнап, қалалық мәдениет және спорт басқармасының тапсырысымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы «Абай – бүкіл халық пен бүкіл адамзат баласы» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.

Ұйымдастырушылардың пайымынан аңғарғанымыз, ғұлама-ақынның туған күні қарсаңында, оны еске алып, қазақтың рухани сусынына айналған қара сөздері мен парасатты жырларын насихаттап, сонымен қатар даналықтың қайнар сөзіне айналған ақын ұлағатын болашақ ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі күннің айнымас парызы.

Осы орайда, ақын кешіне жиналған қала тұрғындары мен көпшілікке жас талант дәстүрлі әнші Ақерке Ибаш ақын атамыздың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін нақышына келтіре орындап берсе, орта мектеп оқушысы Мақпал Рахатқызы дананың тәлімге толы 28-ші қара сөзін мәнерлеп оқып шықты. Сондай-ақ, жоғарыдағы «Шарапат» әлеументтік қызмет көрсету орталығының мүшелері В.Зотова және Л.Козлова апайлар Абай атамыздың жырларын орысша орғытса, жас бүлдіршіндер Мұрсал, Ақбота Асланқыздары, Медеу Ақылбек ақын атасының өлең-өсиеттерін орындап, көрерменге көзқуаныш сыйлады.      

Мәнді кешке маңыз қосқан дүние Елдос Мақсатұлы мен Данияр Кенжебекұлының мәнерлі жырларымен қатар, талаптың тұлпарын мініп жүрген ақын қарындастармыз Қарлығаш Қабай мен Жұлдызай Ысқақтың ақын атасына арнап жазған жырлары көптің көңілінен шықты.

Шара соңын қортындылаған ұлы Абайдың жиен ұрпағы, нақтырақ айтсақ Ақылбайдың Әлімқұлынан туған Қауаштың қызы Ләйла Мұқлысовна ұлы атасының жырларын оқып, өзінің үлкен атасы Салықтың әкесі Баймұқамет екенін бұл адамды былайғы ел-жұрт пен ақын шығармашылығын зерттеуші ғалымдар «Абайдың ертегішісі» ретінде білетінін жеткізді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»