Медицина • 10 Тамыз, 2018

Г.Көбенова: Ынтымақтастықты арттыратын құжат болмақ

735 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Г.Көбенова: Ынтымақтастықты арттыратын құжат болмақ

Ақтау қаласы бұрын-соңды болмаған үлкен тарихи оқиғаның орталығына айналғалы отыр. Себебі 12 тамызда осы қалада Каспий маңы мемлекеттерінің 5-інші саммиті өтіп, онда бес ел мемлекет басшыларының Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қоюы күтілуде. Конвенцияның Каспий маңайы елдерінің өзара келісіп, ондағы барлық пункттердің тараптардың көңілінен шығатындай даярлануына 20 жылдан астам уақыт кетуі оның қаншалықты маңызды екенінен хабар береді. Яғни, бұл құжат Каспий теңізіндегі экологияның, көлік пен табиғатты пайдаланудың, шектеу қою мен қауіпсіздік сипаттарының барлық аспектілерін қамтиды.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесін «Каспий бестігі» 1994 жылдан бері талқылап келеді. Бұған дейін осы мәселе бойынша Арнайы жұмыс тобының 50 отырысы, Каспий маңайы елдері Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде 6 кеңесі өтті. Саммит қарсаңында да Арнайы жұмыс тобының отырысы мен Каспий маңайы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, ішкі саясат басқармасы басшыларының кездесуі өтеді деп жоспарлануда.

Қазақстанның жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін оның сенімді құқықтық негізін жасақтау қажеттілігін уақытында түсінуі үлкен нәтиже берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Каспий теңізіне қатысты 18 келісімшарттың қатысушысы екенін айта кеткен абзал. Оның 9-ы бесжақты тарап негізінде қол қойылған құжаттар болып табылады. Саммитте негізгі құжаттан бөлек қосымша 8 құжат «бестік» форматында қабылданады деп күтілуде.

 «Каспий бестігінің» туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұдайы іздестіріп, ортақ бітімге келуге ұмтылуын бұған дейінгі өткен келіссөздер барысында орын алған объективті қиындықтарды еңсеруі мен дипломаттардың қажырлы еңбегінен байқауға болады. Нәтижесінде негізгі мәселелер бойынша бес ел көптеген консенсусқа қол жеткізді. Әсіресе, жағалау елдері тәуелсіз жаға шегі мен жеке-дара құқықтарға байланысты, теңізде жүзу режімдері, әлемдік мұхитқа Каспий теңізінен барлық көлік құралдарымен еркін еніп-шығу, су асты құбырларын салу бойынша келісімге келе алды.

Бұған дейін Каспий маңы елдерінің қарулануын тұрақтандыруды қамтамасыз ету, теңіз айдынында бөтен мемлекеттердің қарулы күштері жүрмеуін қадағалау принципі келісілді. Сондай-ақ таяуда өтетін саммитте 2010 жылы жасақталған «Каспий қауіпсіздігі саласы бойынша ынтымақтастық Келісімі» жобасының протоколына қол қойылады деп күтілуде. Онда браконьерлікке қарсы күрес, лаңкестікпен күрес, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз есірткі айналымының жолдарын жоюға бағытталған жобалар бар.

Бұл келісім бес елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыратын маңызды құжатына айналуы әбден мүмкін. Құжат көршілес мемлекеттердің өндіріс саласындағы сауда-экономикалық байланыстар, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм секілді ортақ салаларында халықаралық-құқықтық заңдық норманың қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Тараптар өз ұлттық заңнамаларына сәйкес, экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, ортақ инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға, арнайы еркін экономикалық аймақтарды құру және дамыту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасуға, мемлекеттер арасында аудандық, аймақтық, қалаларалық әріптестікті дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Егер Каспий маңы елдері теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдап, құжат күшіне енетін болса «Каспий бестігі» кең құқықтық базаға ие болатыны сөзсіз. Бұл шекаралас елдердің түрлі салаларда ортақ әрекет етулеріне мүмкіндік беретін болады. Мемлекеттер басшылары деңгейінде қол қойылатын Конвенция мен қабылдануы жоспарланған маңызды саяси шешімдер Каспийге байланысты көптеген сұрақтардың шешілуіне үлкен ықпал ететіні даусыз.

Гүлзат Көбенова, 

ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасының кітапханасы

ММ директорының орынбасары