Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

Ұлы Абайдың туған күніне жастар квест ұйымдастырды

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 173 жылдығына орай «Жас Отан» еліміздің барлық аймағында жастар арасында квест ұйымдастырды.

Ұлы Абайдың туған күніне жастар квест ұйымдастырды

«Абай салған дара жол» деп аталған ойынға қатысатын 4 топ қалаларда орналасқан бірнеше бекетке барып, ақын туралы сұрақтарға жауап беру арқылы жасырын өлеңді алғашқы болып табуы керек болды. Ойын соңы аймақтардағы кітапханалардың бірінде жеңімпаздарды марапаттау мен ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кешке ұласты.

Астана қаласында жарыс «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының ғимаратынан басталып, ең соңғы бекет №5 балалар кітапханасында аяқталды. Квест барысында қатысушылар математикалық есеп шешті, қала көшелерін аралап картада көрсетілген бекеттерді іздеді, Абай туралы түрлі сұрақтарға жауап беріп, ақын туралы білімдерін ортаға салды.

Қатысушылардың айтуы бойынша ойын форматында өткен жарыста олар ақын туралы білімдерін тереңдете түскен. «Басқа топтармен бәсекелестік жарысты қыздыра түсті», дейді қатысушылардың бірі. Ойынның соңғы нүктесі кітапханаға бірінші болып келген және жасырылған өлеңді дұрыс тапқан топ жеңіске жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінде жастар ұлы Абайдың туған күнін осылайша атап өтті.