Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

Жиын терім науқаны: ҚР АШМ астық түсімі бойынша болжамын айтты

752 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шілде айының ортасынан бастап Қазақстанның оңтүстігінде астық жинау жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Жиын терім науқаны: ҚР АШМ астық түсімі бойынша болжамын айтты

Жиын терім аумағы — 15 млн га астық

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, еліміздегі оңтүстік өңірлер осы жылдың шілде айының ортасынан бастап астық өнімдерін жинауға кірісіп кетті, негізгі бидай егетін өңірлер жиын-терімді қыркүйек айының ортасына бастап, ауа райы қолайлы болған жағдайларда қазан айының ортасына дейін аяқтайды. Облыстардың ауыл шаруашылығы басқармаларының жедел мәліметтері бойынша 15 млн гектар аумақтан астық жинау көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің табыстылығы көптеген факторларға байланысты болатыны белгілі. Астықты оңтайлы мерзімде жинап алу шарттарының бірі — дизельді отынның жеткілікті мөлшерінің болуы. Бұл тұрғыда, мемлекет жыл сайын диқандардың туындайтын мәселесін азайтып, оларды жанар-жағар майдың кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз етуге тырысады. Биыл жиын-терім ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге (шілде–қазан аралығында) 394,4 мың тонна көлемінде дизельді отын мөлшері белгіленген.

 

Энергетика министрлігімен бірлесіп астық жинау науқаны кезінде дизельді отынды жеткізу бойынша МӨЗ-дерді облыстарға бөлу кестесі бекітілген. 2016 ж. бастап дизельді отын бағасын мемлекеттік реттеу жойылғанын ескере отырып, Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін мұнай өнімдерінің иелерімен келісіп нарық конъюктурасына байланысты МӨЗ-бен бірлесіп жанар-жағар май құю станцияларындағы нарық бағасынан орта есеппен 10% көлемінде дизельді отынның ай сайынғы бекітілген көтерме бағасын белгілейді.

Энергетика министрлігі МӨЗ-дермен ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін дизельді отынды өткізу құнын белгіледі. Биыл шілде айында 112,2 мың тонна жеткізу көлемінде бағасы 180,0 мың теңге/тоннаны немесе 148 тг/литрді құрады. Тамызда жеткізу көлемі 110,6 мың тонна, МӨЗ-дермен белгіленген баға — 181,0 мың теңге/тонна немесе 149 теңге/л.

8 тамыздағы жағдай бойынша еліміздегі операторлар 128,7 мың тонна дизельді отынға төлем жасаған (33%), жеткізушілер 108,8 мың тонна дизельді отынды тиеді (28%), оның ішінде тамызға жоспарда — 110,6 мың тонна, облыс операторлары — 30,7 мың тоннаға төлем жүргізді (28%), тиелді — 14,9 мың тонна (13%, жалғасуда).

Астық түсімі жөніндегі болжамдар

Облыстар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларының болжамды деректерінің негізінде биылғы астықтың жалпы түсімі 21–22 млн тонна деңгейінде болады деп болжам жасалған.

Облыстардың ауыл шаруашылығы басқармаларының оперативті мәліметтеріне сәйкес, 9 тамыздағы жағдай бойынша 2018 жылғы жиын терім жұмыстары Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында басталды. Барлығы аталған өңірлер бойынша 714,8 мың гектар немесе осы өңірлердің астық жинау алаңдарының 37,9% жиналды, 1380,7 мың тонна бастырылды, өнімділік — 19,3 ц/га.

Экспорттық әлеует

Жыл сайын мемлекет астықтың резервтік қорын құрады. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ қалыптастыру, пайдалану және сақтау ережелеріне сәйкес тиісті жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ол 500 мың тонна көлемінде астықтың резервтік қорын қалыптастыруда. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ ақпараты бойынша, енді жиналатын астықты сатып алу бағалары әзірге белгіленбеген.

Қазіргі таңда Корпорация 500 мың тонна көлемінде резервтік астық қорын қалыптастырды.

Жиналған астықтың көп бөлігі экспортталады. Мәселен, өткен 2017/18 маркетингтік жылы Қазақстаннан алдын ала бағалау бойынша 9,87 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұн экспортталды.

Ауыл шаруашылығы ведомствосында айтылғандай, Қазақстандағы жыл сайынғы дәнді дақылдар өндірісі шамамен 18-20 млн тоннаны құрайды. Ішкі тұтынуды және ауыспалы қалдықты ескергенде Қазақстанның экспорттық әлеуеті 8–9 млн тонна астық пен астық баламасындағы ұнды құрайды.

Сондай-ақ, Қазақстанның майлы дақылдардың негізгі өндірушілерінің бірі екенін атап өту керек. ҚР АШМ ақпаратына сәйкес, биыл майлы дақылдар 2,8 млн га аумаққа (2017 жылғы деңгейден 375 мың га артық), бұршақ дәнділер — 446,7 мың га алаңға (2017 жылғы деңгейден 0,4 мың га артық) егілді.