Президент • 13 Тамыз, 2018

Құрық мультимодальды хабы іске қосылды

584 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында 11 тамызда Құрық портындағы паром кешені мультимодальдық көлік хабының таныстырылымына қатысты. Елбасы аталған шара аясында телекөпір режімінде «Құрық порты – «Тажен» шекаралық кеден бекеті», «Құрық порты – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порты» мультимодальды бағыттар бойынша қатынайтын автомобиль және темір жолдарын іске қосты.

Құрық мультимодальды хабы іске қосылды

Елбасы мультимодальды хабтың Бесінші Каспий саммитінің қарсаңында іске қосылуының символдық мәніне тоқталып, бұл жобаның тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызы зор екенін айтты.

Мемлекет басшысына таныстырылған Құрық порты Ақтау қаласынан 70 шақы­рым, Қарақия ауданының Құрық ауылынан 17 шақырым қашықтықта орналасқан. Тасымал жұмыстарына ың­ғайлы шы­ға­нақта орналасқан Құрық тәуел­сіз­дік­тен бері ашылған қазақстандық алғаш­қы порт болуымен де ерекше. Астық, тыңайтқыштар, мұнай өнімдері, химия­лық заттар, халық тұтынатын тауарлар, машиналар мен түрлі жабдықтар және өзге де жүк түрлерін тиеп-түсіруге негіз­делген нысан географиялық орналасуы жағынан Ақтау және Баутин порттарынан да қолайлы.

67,4 гектар аумақты алып жатқан аумақта екі айлақ, автомобиль өтпе жолы, темір жол металдық өту көпірі, кеден және шекаралық бақы­лау қызметтері бар диспетчерлік, кедендік ресімдеу ғимараты, уақытша сақтау қоймасы, әкімшілік және өндіріс­тік ғимараттар, сұрыптау стансасы, автомобильдерді және жолаушыларды бақылау-өткізу пункті бар. 2016 жылы сыйымдылығы 4 миллион тонна Құрық портындағы темір жол паромы кешенінің бірінші фазасы іске қосылып, 2017 жылдан бастап коммерциялық қызметі бас­талды. Өткен жылы порттың темір жол паромындағы терминалда алғашқы миллион тонна жүк тиеп-түсірілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,5 миллион тоннаға, қатынаған кемелер саны 320-ға жетті.

Сондай-ақ өткен жылдың соңында Құрық портынан «Әзербайжан Каспий теңізінің кеме шаруашылығы» ЖАҚ «Бястякар Гара Гараев» кемесімен алғашқы жеңіл және жүк көліктері жөнелтілді. Ұзындығы 125,25 метр, ені 16,22 метр, 3463 тонна жүк көтеру мүмкіндігі бар алып кемеге 27 жүк көлігі, 1 жеңіл көлік тиеліп, 30 жолаушы отырған болатын. Ал 2018 жылдың жеті айы ішінде тиеп-түсірілген жүк көлемі 1,2 миллион тоннадан асып түсті.

Мультимодальды көлік хабының таныстырылымында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамы­тудың маңыздылығына назар аударып, оның Еуразиялық құрлықаралық көлік жүйесіне қосылуы мемлекетіміз үшін стратегиялық міндет болып саналатынын атап өтті.

– Соңғы жылдары 2,5 мың шақы­рымнан астам темір жол салынып, 12 мың шақырым автомобиль жолы қайта жөнделді. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. Жүк тасымалдайтын вагондар жаңартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль транзиттік дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңартылды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты құрылды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соңғы он жылда Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту үшін тартылған инвестиция көлемі 30 миллиард долларға жеткенін және Құрық мультимодальды кешені осы ауқымды жұмыстың маңызды бөлігі болып саналатынын айтты.

– Бүгін іске қосылған Құрық портының автожол инфрақұрылымы көлік тран­зитін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірлерінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдау­дың тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 2020 жылға қарай Қазақ­станның транзиттік тасымалдан түсетін кірісін жылына 5 миллиард долларға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев

Көлік және логистика туралы сөз қозғағанда, ірі көлік-логистикалық хаб болуға қажетті барлық мүмкіндік­терге ие Маңғыстау өңірі мен халқы­мыз еліміздегі жалғыз теңіз деп қастерлей­тін Каспий айрықша аталады. Ақтау және Құрық порттарының ел эко­номикасындағы ғана емес, сыртпен байланыстағы әлеуеті жыл санап артып келеді.

Қазақстан Президенті көлік инфрақұ­рылымын дамыту экономиканың бәсе­кеге қабілеттілігінің артуына муль­тип­ликативті ықпал ететінін және қайта қалпына келген Жібек жолы арқылы өтетін сауда легіне тың серпін беретінін, сондай-ақ өңірдегі ынтымақтастықты кеңейтуге және экономиканың ілгері­леуіне септігін тигізетінін атап өтті.

– Бүгінде Маңғыстау облысы әуе, автомобиль жолдары, темір жол және теңіз көліктері желісі тоғысқан ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Каспийдегі екі заманауи порт өзара бірін-бірі толықтыратын болады. Бұл өңір үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қызмет көрсету секторын ілгерілетіп, трансұлттық компанияларды тарту керек, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдейтін өндірісті дамытқан жөн. Бұлардың бәрі туристік индустрияны дамытуға жол ашады. Бұл аймақ экономикасын диверсификациялау үшін аса маңызды. Бізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты шарада Мемлекет басшысына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алпысбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­дағы Құрық порты паром кешені құрылысын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Айта кетуіміз керек, өңірде аталған бағдарлама аясын­да стратегиялық маңызға ие бірқатар ин­ф­рақұрылымдық жоба жүзеге асы­рылды. Өзен – Түрік­менстан­мен мемлекеттік шекара, Шал­қар – Бейнеу, Боржақты – Ерсай жаңа те­мір­жолдары салынған болатын.

Жал­пы алғанда, соңғы он жылда Еурази­я­лық көлік дәлізін дамыту мақсатында көлік-логистика саласына 30 млрд доллар шамасында инвестиция құйылған. Жаңа инфрақұрылым жасақтау құрылысы мен жаңғырту жұмыстары және IТ-инфрақұрылым жасалуда. 2020 жылдары бұған 8,4 млрд доллар жұмсалатын болады. Бұл «Ұлы Жібек жолының» жаңғыруына серпін бермек.

Салтанатты шарада сөз алған Өзбекстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Раматов «Ұлы Жібек жолының» жаңғырғанын, Транскаспий бағдарында тасымалдың өскен­дігін жеткізсе, COSCO компаниясының бас­қарушы директорының орынбасары Суйт Цзюн «Нұрлы жол» бағдар­ламасы мен «Бір белдеу – бір жол» бас­тамашылығының тоғысып, екі мемлекет басшыларының тапсырмаларымен орындалғандығын атап өтті.

«Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ басшысы Д.Гурбановтың айтуынша, Құрық порты Қазақстан мен Әзербайжан арасында темір жолды дамытудағы технологиялық көпір болып саналады. Әзербайжан теміржолшылары қазақ­стандық әріптестерінің логистикалық іс-тәжірибесімен бөлісіп, темір жол мен теңіз көлігіндегі мултимодальдық шешім­дерді бірге шығарады.

Соңында Елбасы Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп мультимодальды хабтардың – Ақтау және Құрық порт­тарының базасында қосымша өндірістер мен қызмет көрсету секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

– Жергілікті атқарушы органдар индус­триялық және сервистік өндіріс­терді жаңа жағдайларға бейімдеу үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Сонымен қатар жаңа жұмыс орын­дарын ашып, кадрларды жаңа маман­дықтар бойынша оқытуға және қайта даярлауға, сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміз үшін маңызы зор жобаларға атсалыс­қан­дардың бәріне ризашылық білдіріп, көлік саласының еңбеккерлерін кәсіби мере­келерімен құттықтады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы