Тәрбие • 13 Тамыз, 2018

Зерендідегі зерде ұстаханасы

572 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Зерен» демалыс орталығында «Digital-ұрпақ» республикалық жастардың жазғы білім лагері ашылды. Білім лагері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес бастамасын талқылаудың, іске асырудың алаңы болмақ. 

Зерендідегі зерде ұстаханасы

Алға қойған мақсат-мұрат орасан зор. Ең бастысы, бүгінгі жастарға мемлекетіміз бен қоғамымызда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, болашақ иелері өздері екендігін ұғындыру қажет. Алға сүйрейтін алапат күш те солар.

Жиынға қатысқан Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинованың ашылу салтанатындағы лебізінен осындай асқаралы ой өрілді.

Және алдағы уақытта дәл бүгінгідей жас­тар жиындарын өткізуді, сөйтіп, жастар арасындағы толайым табыс­тарды насихаттап, кіл жүйрікті өзге замандастарына үлгі ету, олардың ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін таратуды дәстүрге айналдыру қажет деген орынды ұсынысқа Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қолдау көрсетіп, әр жыл сайын Зеренді баурайы жастар зердесінің ұстаханасына айналатынын атап өтті.

«Казконтент» акционерлік қоға­мының төрағасы Евгений Кочетов та жасампаз болашақтың иелері қандай болу керектігін қолмен қойғандай етіп тәптіштеп айтып берді.

Жігерлері жалын атқан жастардың бой түзейтін, ой түзейтін темірқазық-нысаналары болуы шарт. Бір жақсы жері, бүгінгі жиынға ондай жастар да көптеп қатысып отыр екен. Бірнеше жобалардың, жаңашыл идеялар авторларының есімдері аталып, қол жеткізген табыстары өнеге өзегіне айналды. Алдағы күндері олар жиынға қатысушы жастармен егжей-тегжейлі пікір алмасып, бағыт-бағдар береді.

Ал, үздік жобаларға жиынға ұйытқы болып отырған министрліктер тарапы­нан қолдау көрсетіледі. Бүгінгі бас қосу­дың ұтымды тұсы да осы. Ақыл-ой, қабі­лет-қарымдарының арқа­сында қазір­дің өзінде біршама табыс­тарға қол жеткізген дарынды жастар өз­дері­нің қатарларын толықтыра түспек. Айна­лып келгенде бұл – мәңгілік елдің көк­сеген мұратын мәнді ететін ұмтылыс.

Мемлекетіміз бен қоғамымыздың көптеген салаларында жаңғыру жүріп жатыр. Жас жігер мол біліммен астас­қанда ғана бәсекеге қабілетті болаты­н­ымыз анық. Бүгінгі күні біз дамы­ған елдермен бой таластыру үшін білімді ұлт қатарынан табылуы керек екенін түсіндік. Міне, осы арада интел­лектуал­дық қабілеті зор, белсенді де жігерлі жастарға сенім артылады.

Жастардың жазғы білім лагеріндегі жұмыс үстіміздегі жылдың тамыз айы­ның 12-і мен 26-ы аралығында өт­кізі­леді деп жоспарлануда. Жұ­мыс үш тақырып бойынша ұйым­дастырыл­мақ. Айта­лық, бірінші ауысым бірне­ше та­қы­рыпты қамтитын болады. Оның ішінде ең басты тақырып «Digital-ұрпақ» болса, екінші ауысым «Жаңғыру трендтері», үшінші ауысым «Бизнес сиқыры» деп аталады.

Лагер­дің қатысушылары еліміздің әр қиырын­дағы жастар ұйым­дарының көшбас­шы­лары­мен және ісін дөңгелетіп отыр­­ған жас толқын арасынан шыққан кәсіп­кер­лермен кездеседі. Оның үстіне «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есімі» жобасының қаты­су­шы­лары да бұл жұмыстан тыс қал­майды. Әр ауысымда жүз адамнан қамтылмақ.

Алдағы міндет – жастар саясатын жетілдіріп, жаңа технологияларды оқып-үйрену, тәжірибе алмасу болып отыр. Осы орайдағы тиімді тетіктерді жастардың әлеуетін дамытуға жұмылдыру көзделуде. Семи­нарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу ұйымдастырылмақ.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Зеренді ауданы