Әдебиет • 13 Тамыз, 2018

Өтежанның шар айнадай шындығы...

565 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

...Жарқамыс интернатына жатып, орта мектептің соңғы сыныбын оқып жүрген кезім. Интернат үйі – өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы аупарткомның ұзын да еңселі ғимараты болатын. Биік терезелерінің алдында қаз-қатар тізіліп, сүмбіл теректер бойын көкке созып тұрған Жарқамыстағы ең көрнекті, көзге бірден шалынатын бұл ғимарат алыс­тан менмұндалап тұратын...

Өтежанның шар айнадай шындығы...

Арада қанша жыл өтсе де, сол теректер әлі күнге дейін менің көз алдымда. Жарқамыс ойға оралғанда алдымен сол интернатты, сол теректерді елестетемін. Алыста қалған балалық сезімдердің, арманшыл, қиялшыл шақ­тардың белгісіндей болған, өмір жолымда жан дүниемді жылы әсерге бөлеген сәттердің белгісіндей болған сол бір теректер мен үшін  Жарқамыстың мәңгілік, ұмытылмас бейнесіндей еді. 

Жарқамыстың сүмбіл теректері еске түскенде, қазақтың ұлы ақыны Өтежан Нұрғалиев тұрады көз алдымда. Жем бойында туған Өтежан ақын – Жарқамыс мектебінің түлегі. Алматыдан университет бітіріп, оның да сол күзде Жар­қамыс мектебінің жаңа ұстазы болып келгеніне бірінші жыл, ал мен болсам осы мектептің сол жылы интернатына жатып оқып жатқан жаңа шәкіртімін. Екеуміз де былайша айтқанда, жаңамыз. Тірі ақынды, жазушыны бірінші көрген сондағы әсерімді дәл айтсам, таң-тамаша бір әлемге тап болғандай күй кештім-ау деймін. Өтежанның киім киісінің өзі оны даралап тұрғандай еді.

Сол кездің «модасы» бөкселігі тізеге дейін тарлау, кең балақ «күліш шалбар», галстук орнына мойынға көбелектеп байланған бант. Жүріс-тұрысының өзі бөлек, мұғалімге тән дағдылы салиқалылық Өтежан –ұстаздан аса сезілмейтін. Әйтсе де жас ұстаз Өтежанның бізге әдебиет пәнінен дәріс оқуы әдебиетке деген менің ерекше ынтамды өрлеткеннің үстіне одан сайын өрлете түскендей болды. Әдебиет пәні сабағына арналған әрбір 45 минуттың қалайша өткенін сезбейтінмін. Қазір ойлап отырсам, Өтежан әдебиеттің мектеп пәні ретіндегі дәстүрлі әдістемесінің шеңберінен шығып кете-тұғын.

«Әдебиет – ғажайып сөздің тұнық әлемі, сөз өнері», – деп бастап алып, бейнелі сөздерімен ұлы Абайдың, Сәкен, Ілияс пен Қасымның өлең өлкесін шарлап, қарасөздің құдіретін мектеп оқулығындағы классиктеріміз – Мұхтар, Сәбит, Бейімбет, Ғабиттен өрнектей іздеп толғанатын. Осы сәттерде қоңырлау даусы сәл ғана жұмсара түсіп, өзіне ғана жарасар мінезбен, мәнермен сөздің көркемдік кестесін төгетін, сөз құдіретінің ішкі сырына ден қоя отырып, өзгеше бір сұлу әлемнің ішіне өзімен бірге біздерді алып кіруші еді.

Қазіргі күндерге шейін Өтежан ақын­ның поэзиясымен оңаша қа­лып, Өтежан өлеңдерінің өлкесін шарла­ғанымда, ақынның сол өзім алғаш көр­­гендей бейнесі жадыма оралады. Шын­туайтына келгенде, Өтежан бір кездегі алыс ауылдың мен сияқты шәкірт баласын әдебиет әлемін сүюге үйреткен ұстаз болып қана қойған жоқ, жылдар өте келе қазақ өлеңінде өз­геге ұқсамайтын шыншыл, сыршыл лирик, түпсіз терең эпик-ақындығымен, өзінің өміршең жыр әлемімен халқына да рухани ұстаз болып қалды. Өтежан Нұрғалиев бір түкпірдегі Жарқамыс ауылынан қазақ поэзиясының шырқау көгіне бой созған сүмбіл теректің бірі де бірегейі еді!..

...Өтекеңмен кейін Алматы шаһарында жүздесіп жүрдім. Бұл кезең ақындық ке­меліне келген бірегей тұлғаның «Со­ғыстың соңғы жазы» мен «Афина мек­тебін» жазып жүрген жылдары еді. Шал­қар шабыттан туатын шығармашылық жұ­­мыстың – тәтті азаптың тауқыметін тар­­ту екінің бірінің басына қонбайтын бақыт десек те, елден астанаға оралған ақын­ның шекесі шылқитындай жағдайы болмады, әлдекімнен қалған ескі пәтердің құр­қылтайдың ұясындай бір жарым бөл­месіне тығылып күн кешті.

Ол сол кездегі Фурманов көшесінің бойындағы сары үйдің жартылай жертөлесіндегі (под­валындағы) (Калинин көшесінің қиы­лы­сында қырқыншы-елуінші жылдары М.Әуезов тұрған үйдің) «Академкітап» дүке­­ніне жиі баратын, Өтежан аға екеуміз үнемі жолда, 9-шы троллейбуста жиі кезде­сетінбіз. Мен – Баспа комитетіндегі жұмы­сыма, ол кітап дүкеніне асығып бара жатады.

– Менің адаспай баратын жұмыс орным – «Академкітап». Мені осы көшенің бойында оқта-текте көріп қалатын жек көретін атақты таныстарым мен «достарым» «Өтежан Жазушылар одағына қарай емпелеңдеп кетіп бара жатыр» деп ойлайды. Менің жағдайымды олар өздерінше жақсы білгенсиді ғой баяғы... Жұбаннан үй сұрайды, қызмет сұрайды, қала берді, марапат пен атақ алып беруді сұрайды дейді ғой. Қайдан білсін, ондағыларға құлдық деп басымды имейтінімді, басымды қанша исем де ондағылардың маған оның бірін де қимайтынын. Одан да өзіме осы «Академкітабым» немесе Гогольдегі букинисім жақынырақ, келсем, маған есігі қашан да айқара ашық. Ал мына дүкен бар ғой, біліп қой, адам аяғы сирек баратын жер. Қаланың қақ ортасында болса да, көп ешкім бара бермейді, сондықтан ба қолға түспейтін небір кітаптар содан табылады. Әлгі атақты үнді буддисі, дін ілімінің рухани мықтысы Ошоны (Чандра Мохан Джеин) білесің ғой, соның «Өмір құпиясын» іздегеніме көп болған, соны таптым өткенде...

– Апыр-ай,ә?! – деймін өзімше таңданыс білдіргендей болып...

Ошоның атын ғана естігенім болмаса, осыған дейін сол мықтыңыздың ештемесін оқымағаныма іштей қысылып та тұрған сыңайымды сезді ме:

–  Ошоны жұрттың бәрі жапа-тармағай оқи бермейді ғой, әрине. Оның кім екенін және өзіңнің кім екеніңді түсіну үшін де кейде осындай мықтыларды оқу қажет. Өзі қыңыр болған адам, айтқанынан қайтпайтын, нағыз ойшыл-білгір болған адам. Шындық іздеп, ақиқаттан кейде адасып жүргенімде осы Ошомен іштей ақылдасып отыруды ұнатамын. Ақиқат пен әділдік іздеп Одаққа барғаннан гөрі алтын уақытымды кітапқа өлтіргенім дұ­рыс қой, солай емес пе! – дейді де, Өте­кем өзіне керек аялдамадан түсіп қала береді.

Кітап іздеу – оның стихиясы екені Өтежанға қатысты естеліктерде көп жазылып жүр. Дәлірек айтқанда, ол жан дүниесіне ұдайы маза бермейтін «шатынаған шар айнадай шындығын», өз ақиқатын өзінше, Өтежанша іздеп жүретін және оның осындай «қыңырлығын» екінің бірі түсіне бермейтін тұлға болатын. Сонысымен де Өтекең қазақ ақын-тұлғаларының қайталанбас бірегей қатарында қалды.

«Соғыстың соңғы жазының» бірінші кітабындағы «Бақыт деген не?» деген баллададан («Екі қапшық ұн көтерген көк есек») «менің жырым көтереді майысып, сол кезеңнің шатынаған шындығын» деген жолдарды оқығанда ақын өз болмысының ақиқатын сол жалаңаяқ, ашқұрсақ кезінен тани бастағанын иландыра жеткізеді.Тұтас бір кезеңнің эпикалық бейнесі жазылған осы поэтикалық панораманың өзегі – адам болып өмір сүріп, адам болып қалудың мехнаты, қиындығы, тартысы, талан-тағдыры арқылы Ақтамның, Төбегөңнің, Жарқамыстың ғана емес, барша қазақ ауылының психологиясына, жалпы тіршілігіне тән неше алуан образдардың галереясы жасалып, көз алдыңызға келеді. «Ала күздің (!) жыртық көйлек бұлттарына» бала Өтежанның көзімен тағы да бір қарап, аппақ құмы табаныңыздың астында сусыған Жем бойындағы тіршілік, өмір тіршілігі өз қойнауына қарай еліктіре береді. Бұл образда күздің өзі жәй күз емес, сол қиын кездің жадау бейнесіндей болған «Ала күз» ғой, байқасаңыз...

Үш кітаптан тұратын «Соғыстың соңғы жазының» алғашқы томы шыққан жетпісінші жылдары Өтежанның осын­дағы біраз кейіпкері әлі көзі тірі, ауылда тіршілігін жасап аман-есен жүріп жатқан болатын. Бұлардың Өтежан ақын таныған тағдыры өмірдің нақты шындығы екені қанша айна-қатесіз болса да, әркім мұны өз түсінігінің деңгейінде бағалап, әртүрлі қабылдағанының да куәсі болуға тура келді.

«Мұнысы несі, қай-қайдағы қырық жылғы оқиғаны жазып, пәленшекеңді дәріптегені ме, әлде мазақ қылғаны ма» дегендей сөздер әркім-әркімнен естіліп қалатын. «Өлең қылуға ештеңе таппағасын соғыс жылдары Жемнің арғы бетінде Қаратөбе колхозының бес жүз қоянын баққан Шоңды былай деп жазыпты: «...түні бойы ойлансаң да сен мейлі, сол бір күндер түсіңе де енбейді, Шатыбайдың жырығында Шоң кемпір қоян бақты десең ауыл сенбейді».

Тіпті оны қойып өзінің нағашысы, сол жылдары басқарма болған Жақияны да оңдырмапты, майданнан оралған Сағындықтың оған жас та болса, басшымызсың, басқармасың деп Керманнан әкелген сыйы – сүрік бешпетті кигізгенін өлеңге қосыпты: «басқарма тұр былғарыға малынып, бұрынғыдай тығылмайды тарылып. Ақ көйлекті жа­ғасы тік бастықтан қатындар тұр соғым сұрап жалынып». Бұл қатардан ұста Кемелбай мен кантөж болып, бір көзін соғыста қалдырып, орнына әйнек көз салдырып оралған, ауданның зәгәтопшігі Балаби де қалмапты: «...бір жаманы – Кемелбайдың тілі ұзын, бір тынбайды әңгімеден күн ұзын, айт көзіңнің тарихын деп Кемелбай сапырады қайта-қайта қымызын». Міне, қайталанбас көркем образға айналып, қазақ поэзиясының жауһар үлгісіне ұласқан шындықтың кейіпкерлерін айнытпай сол табиғи қалпында өлең тілімен көркем сомдап жырлаған Өтекеңнің ел аузындағы, бүгінгіше айтсақ, имиджі, беделі сол жыл­дары Жем бойындағы алыс ауылда осылайша дүркіреп-ақ тұрды.

Ал сол тағдырлы жылдардың бейнелі шежіресінің бас кейіпкері – ақынның өзі, басқарма үйінің «ботасын баққан ақын», «сельсоветтің сексен жылғы хатшысы Ақмолданың ауданға, бастыққа асығып атпен шауып бара жатқанда өңірінен ағытылып түсіп қалған «Варшаваны алғаны үшін» медалін Бестөбенің жусанды кең жазира қырқасын кезіп, әр жусанның түбірін аяғымен түрткілеп іздеген мектеп шәкірті – болашақ ақын Өтежанның өзі: «Бестөбеде адам ізі, аң ізі, Бестөбеде сары шілденің тамызы, Бестөбеде көк жусанның ішінде қыдырып жүр Ақмолданың аңызы» дейді.

Алба-жұлба үсті-басын «Карменмен» иіссулап, басы айналып, елтіп айдалада құлап қалған бала Өтежан өзінің кейіпкерін, яғни өзін: «... өлген құстай түлкі жұлып қанатын, ала жарғақ жыртық тоным болатын, «Карменімді» шаштым соған асығыс, әлденеге таппай тағатым. Терісі бар – «Кармен» құйған лақтың, үстімде тон – исі бөлек бірақ тым, «Карменімнің» қу шынысын құшақтап қар үстінде айдалада құлаппын» деп сол жылдардағы өзінің сәл қожанасырлау, сәл әсіре арманшылдау, бірақ соған қарамастан жүдеулеу жетім бала кейпін көз алдыңызға әкеледі. Өмір айнасынан Өтежан көрген сол бір шындықтардың көрінісі осындай еді.

Ақын сол шындықтан жаралған өз болмысын ел тағдырымен тұтастырады. «Қалай ғана ақтар екем оны мен, қайтсем ғана сақтар екем оны мен – қайтсем ғана бірігеді жолдарым біздер үшін жанкешкендер жолымен?!» деген «Соғыстың соңғы жазының» бас кейіпкері Өтежан ақынның ең зор адами түйіні де, міне осында еді!

Әдеби басылымдарда арагідік жазыл­ған бірер шолуларда, бірер мақалаларда ғана аталып өткені болмаса, «Соғыстың соңғы жазы» кезінде өзіне лайықты биік бағасын алған жоқ, қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ поэзиясының өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы тарихында өзгеше құбылыс болған бұл шығарманың сипаты толық мәнінде ашылмағаны өкінішті. Өйткені өзгеге ұқсамайтын ақынның сол «дұрыс» ортадан бөлектеу даралығы, «өзіме-өзім Платон боп, өзіме-өзім Сократ, жар басында жалғыз өзім тұрып қалдым тоқырап» деген адами ақиқаты өзі ғұмыр кешкен кезеңнің аясына сыймады, сол уақыттың «түзу» жолымен жүруге көнбеді. Оның жан дүниесін шынайы түсінетін достарынан гөрі, оны түсінбейтін, мойын­дамайтындардың қатары көбірек болған тәрізді, сондықтан болар «жар басында жалғыз өзім тұрып қалдым» деген жағдайынан өз шындығының әлемінде өмір сүріп, кете-кеткенінше айнымай өтті.

Ақынның «Мамонттарға апаратын жол» деген поэмасының кеңестік бас­пагерлер редакцияламаған авторлық түпнұсқасының соңғы шумағы «Ақи­қат­тың жолындағы тұлпар шерткен тұяқпен, Қорқыт ата қолындағы қобыз шерткен қияқпен, сұңқар шерткен қа­натпен, мұңлық төккен КӨЗ ЖАСПЕН қартайғанда Боз далаға... бас иесің... БОЗ БАСПЕН» деп тәмамдалады...

...Өтежан ақын дүниеден өтерінен шамасы бір жылдай бұрын Жарқамысқа, Жем бойына жалғыз, ешкімді жанына ертпей, елеусіздеу ғана келіп саналы ғұмырында өмір бойы жырлап өткен туған жерінің, өскен жерінің құмшағылдарын, өзегін, сай-саласын, жусанды қыр-беткейлерін асықпай аралады деп еске алысады ауылдас ағайындар.

Туған үйінің ескі жұртына барып, ой мұнартқан көз жанары жасаураған ақын сол жерде бірер сәт үнсіз тұрыпты мұңға батып. Ақтық сапарға аттанар сәтінің жақын қалғанын сезінгендей, жүрегінде мәңгі сағынышқа айналып, дәйімде өзіне қарай тартып тұратын ыстық мекеніне – боз далаға сол жолы ақын боз басын иіп соңғы тағзымын жасапты.

...Өтежан аға әнебір жылдары маған ұстаз болған сол мектеп, сол интернат, Жарқамыстың сол сұлу да сүмбіл теректері менің жадымда, жүрегімде қалған мәңілік сағыныштың бейнесіне айналып өмір сүріп келеді. Ой-санамдағы, көңіл-зердемдегі қымбат естелікті – көкке бой созып, мың сан жапырағы сыбдыр қағып тұратын сол теректерді ұмыта алмай жүрмін. Ал сол сүмбіл теректердің бірегейі – шар айнадай шындығының жасампаз жырын болашақтың да ұшар биігіне жеткізе алатын Өтежан терек!..

Мәди АЙЫМБЕТОВ