Аймақтар • 10 Тамыз, 2018

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысы шаруашылықтарын аралады

488 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР вице-премьері, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысы шаруашылықтарын аралады.

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қостанай облысы шаруашылықтарын аралады

Өмірзақ Шөкеев және министрліктен келген команда алдымен Қостанай қаласының іргесіндегі бірқатар шаруашылықтарды аралағаннан кейін, ауыл шаруашылығы активімен кездесіп, мәжіліс өткізді. Онда ауыл шаруашылығын дамыту, экспортқа өнім шығару, әсіресе мал шаруашылығын өркендету мәселелері қаралды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жаңарту мәселесі сөз болды.

«Бүгінде өмір өте тез қарқынмен өзгеріп келеді.Осыған орай біз де жұмыс тәсіліне жаңа көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Мысалы жылына 20 миллион тонна астық өндірсек, соның 12 миллион тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады, қалғанын экспортқа шығаруымыз қажет. Алайда сол 8 миллион тонна астықты сыртқа сату оңай болып отырған жоқ. Бұрынғы қалыптасқан сыртқы нарық біз үшін тарылып кеткен. Егер астықты дұрыс сата алмасақ, оны өндіргеннен не пайда? Сондықтан бұрынғы дәстүрлі көзқараспен қалуға болмайды», деді Өмірзақ Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның көлемі азаймайды, қайта өседі, бірақ оның сипаты өзгеретінін айтты. Ол субсидия енді сүттің литріне, егіннің гектарына емес, ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ететін инвестициялық қаржы есебінде болуы керектігін айтты.

Кеңесте ет экспортын дамытуға байланысты мал жайылымы, малдың азығын дайындау, шағын, отбасылық фермерлік шаруашылықтарды дамыту туралы да мәселелер көтерілді. Өмірзақ Естайұлы Америка құрама штаттарында 750 мың фермерлік шаруашылық елдегі еттің 80 пайызын өндіретінін тілге тиек етті. Сондықтан «кеңестік қатып қалған көзқарас шеңберінде» қалып қоймай, мал шаруашылығын, әсіресе, фермерлік шаруашылықтарды дамытуды міндет етіп қоятынын айтты.

«Қазақстандық ет бағдарламасы тек фермерлерге есептелген», деді министр.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай