Бокс • 13 Тамыз, 2018

Садриддин Ахмедов 7 қыркүйекте жекпе-жекке шығады

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның аса дарынды боксшы Садриддин Ахметов кәсіпқой рингтегі өзінің келесі жекпе-жегін 7 қыркүйек күні Канаданың Эдмонтон қаласында аргентиналық Бруно Леонардо Ромайға қарсы өткізеді.

Садриддин Ахмедов 7 қыркүйекте жекпе-жекке шығады

Әуесқой рингте Садриддин ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқыраған ол бірден қырағы мамандардың назарын өзіне аударды. Елшілік додаларда дара талантымен оқшауланған жерлесіміз халықаралық аренада да мықтылығын мойындатты. Әсіресе, 2016 жылы Болгарияда өткен әлем біріншілігі есімізде ерекше сақталып қалды.

Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде төрт жекпе-жек өткізген Ахметов барлығында жеңіске жетті. Алғашқы айналымдарда Литва мен Қырғызстан боксшыларын ұрып жыққан ол жартылай финалда Өзбекстанның және финалда Украинаның өрендерін күмәнсіз ұтты. Осылайша, Садриддин 69 кило салмақ дәрежесі бойынша жастар арасында әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды.  

Көп ұзамай дарынды жас кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буды. Биылғы жылдың сәуір айында Канаданың Квебек қаласында мексикалық Тони Баррераспен жұдырықтасып, қарсыласын 31 секундта ұрып жықты. Одан кейін мамыр және маусым айларында аргентиналық Ариел Алехандро Зампедриді бірінші және Мексиканың тағы бір өкілі Густаво Гарибайды бесінші раундтарда нокаутқа жіберді.

9 қыркүйекте 20 жастағы Садриддин Ахмедов өзінен 10 жас үлкен сақа спортшымен айқасады. Осы күнге дейін 26 кездесу өткізіп үлгерген Бруно Леонардо Ромай 21 мәрте жеңіс тойын тойлап, 18 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Өзінің соңғы жекпе-жегін аргентиналық боксшы былтырғы жылдың күзінде Астанада қазақ жігіті Жанқош Тұраровқа қарсы өткізіп, ұпай санымен есе жіберген болатын.      

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»