Аймақтар • 14 Тамыз, 2018

Жиһанкездер Жетісу Алатауына саяхат жасайды

1178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық туризмді дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы бірлесіп бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

Жиһанкездер Жетісу Алатауына саяхат жасайды

Атап айтқанда, еліміздің тарихи мекендері мен табиғаты таңғажайып өңірлеріне саяхаттау жобасы бойынша отандық жә­не шетелдік мамандардан құ­рал­ған экспедициялық топ бірне­ше бағытта сапарға шықты. «Ұлы Дала еліне саяхат» атты ұран­мен жалау көтерген жобаның екі бағыты бо­йынша шаралар ойдағыдай аяқталды. Алыс-жақын шетелден шақырылған тревел-блогерлер, тележурналистер және туроператорлардың өкілдері жиналып «Тянь-Шань маржандары» және «Алтай – өркениет бесігі» ба­ғытында арнайы саяхат турымен жүріп өтті. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Күні кеше туристік экспеди­ция тобы үшінші бағыт бойын­ша сапарға шықты. Бұл жолғы бағыт – Жетісу Алатауы. Жоба­ға қаты­су­шылар жеті өзен безендірген, бе­лестер мен таулар қоршаған ау­мақтағы киелі жерлерді аралау­ды мақсат етіпті. Экспедиция құ­ра­мында танымал тележурналистер, жиһанкез блогерлер және кәсіби саяхатшылар бар. 

Ақ басты Алатаудың Жетісу өл­кесіне орналасқан бөлігін аралауды мақсат еткен жанның бірі – швейцариялық фотограф-пейзажшы Кай Гроссманн мырза. Дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, тұмса табиғаттың талай ғажабын көзбен көрген кәні­гі фотокөз қазақ даласының кере­мет­теріне сырттай қанық екен. Ол өзіне серік ретінде британ саяхатшысы әрі фотограф Джэк Хардин мен жиһанкез-блогер Андрей Кулагинді таңдап, ертіп алыпты.

Саяхатшылар алдымен «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына ат шалдырмақ. Осы саябақ аумағындағы Бесшатыр қорық-кешенін араламақшы. Бұл жерде сонау сақ дәуірінен бері сақ­талып келген көне обалар жатыр. Осы маңдағы атақты Ай­ғайқұмға да арнайы барып, табиғаттың кереметіне көз қандыр­мақшы. Бұдан әрі жер бетінде 700 жылға жуық өсіп тұрған Әу­лиеағашқа да барып, тәу етуді жоспарлапты. Айтпақшы, шетелдік саяхатшылар Шажы өзенін бойлап жүріп өтуге бел буыпты. Бұл өзенде «Қызыл кітапқа» енген Жетісу аяқтыбалығы мекендейді. Кай Гроссманн адам көзіне сирек түсетін мақлұқатты суретке түсіруді армандайды екен. Мүмкін оның жолы болар...

Жалпы, «Жетісу Алатауы» жобасы бойынша саяхатқа шыққан топ жер жәннатының жауһарлары – Көксу өзенінде салмен жүзіп, Баянжүрек тауына, Бүйен өзеніне, Бұрқанбұлақ сарқырамасына, сол маңдағы Жасылкөлге, Тентек өзені мен Атапқан асуына, Тастау базасы мен Қойлық қалашығына да баруды жоспарлап отыр. 

– Жетісу алқабы – бірнеше ға­сырлардың құпиясы мен аңыз­дарын сақтап келе жатқан айрықша өлке. Бұл аймақтардан адамға мүл­дем беймәлім жануарларды немесе адам аяғы баспаған асуларды кездестіруге болады. Ежелгі темір және қола дәуірінен қалған көптеген ескерткіштер де бар. Бұл ба­ғыт көшпелі елдің мәдениеті мен табиғи нысандардың пәк сұлу­лығына тәнті болғысы келетін турис­терге өте қызық болады деп ойлай­мын, – деді жиһанкездерді саяхат сапарына шығарып салу бары­сында «Kazakh Tourism» ком­па­ниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»