Спорт • 14 Тамыз, 2018

Азия ойындарынан күтеріміз көп

611 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден соң Индонезияның астанасы Джакарта мен  Суматра аралының ең ірі шаһары Палембангте XVIII Жазғы Азия ойындары басталады. 18 тамызда жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге Сары құрлықтың 45 елінен ең үздік деген 9700-ден астам саңлақ спорттың 42 түрі бойынша сынға түседі.

Азия ойындарынан күтеріміз көп

Азия құрлығының Олим­пиадасы саналатын Жазғы Азия ойын­дары 1951 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақстан құрамасының спортшылары бұл додаға 1993 жылдан бастап қатыса бастады. Отандастарымыз тұңғыш рет Жапонияның Хиросима қаласында өткізілген XII Азия ойындарына қатысып, әр төрт жыл сайын байрақты бәсекеде бақ сынап келеді. Биыл отандастарымыз бұл жарысқа осымен жетінші рет қатысқалы жатыр. 1993 жылы тұңғыш рет қатысқан аталған турнирде біздің елдің спортшылары 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль иеленген болатын. Жалпы саны 77 жүлдемен медаль көрсеткіші бо­йынша жалпыкомандалық есеп­те төртінші орын алған. Бірін­ші орынды 266 жүлдемен (125 алтын, 83 күміс, 58 қола) Қы­тай спортшылары иеленген болатын. Ал медаль саны бо­йынша Қытай спортшылары­нан 48 жүлде қалып қойған жарыс қожайындары Жапония құрамасы 2018 медальмен (64 алтын, 75 күміс, 79 қола) екінші орын алса, 183 жүлде жинаған (63 алтын, 56 күміс, 64 қола) Оңтүстік Корея құрамасы үздік үштікті қорытындылаған еді.

Қазақстан құрамасы Азия құр­лығындағы мұндай ірі жарыста алғаш рет қатысып жатса да 42 мемлекеттің ішінен медаль саны бо­йынша төртінші орын иелену жақсы көрсеткіш болып есептелетін. Сондай-ақ Қазақстан құрамасымен бірге Азия ойындарына тұңғыш рет қатысқан Қырғыз Республика­сы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан құрамалары жүлде көр­сеткіші бойынша біздің спорт­шылардан едәуір артта қалып қойды. 

Араға төрт жыл салып Жазғы Азия ойындары Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтті. Бұл додаға Азияның 41 елінен келген 6500-ге жуық спортшы спорттың 36 түрінен өз бақтарын сынады. Қазақстан құрамасының спортшылары бұл сында медаль бойынша төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталай алмады. Спортшыларымыз Бангкокте 24 алтын, 24 күміс және 30 медальмен жалпыкомандалық есепте үздік бестікке енді. Медаль көрсеткіші бойынша алғашқы үш орынды Қытай (129, 78, 67), Оңтүстік Корея (65, 46, 53) және Жапония (56, 61, 68) иеленді. Таиланд спортшылары алтын медаль саны бойынша отандас­тарымызбен бірдей жинағанымен, күміс пен қола жүлдесі бізден сәл көбірек болып, төрт жыл бұрынғы Қазақстан құрамасының төртінші орнын «тартып» алды. 

2002 жылы Оңтүстік Корея­ның Пусан қаласында өткен додада Қазақстан спортшылары жалпы саны 76 медаль иеленіп, жалпы есеп бойынша қайтадан төртінші орынға көтерілді. Бұл жылы алғашқы үштіктің қатары өзгермеді. 

Катар астанасы Дохада өткен XV Жазғы Азия ойындарында Қазақстандық спортшылар спорттың 20 түрінен құрама қоржынына 85 жүлде салды. Ең көп медальды жалпы ату спортынан сынға түскен спортшыларымыз иеленді. Олар бес алтын, алты күміс және жеті қола жүлде жеңіп алды. Ал екінші көрсеткіш жеңіл атлеттерімізге тиесілі болды. «Спорт падишасы» аталған спорт түрінен отандастарымыз төрт алтын, үш күміс және екі қола медальды олжалады. Көркем гимнастика, байдарка және каноэде еске кесу мен ауыр атлетикадан ұлттық құрама спортшыларына қос-қостан алтын бұйырды. Ал боксшыларымыз бір алтын, екі күміс және үш қола медальды қанағат тұтты. Жалпы есеп бойынша, Қазақстан құрамасы 23 алтын, 19 күміс және 43 қола медаль еншіледі. Медаль жиын­тығы бойынша төртінші сатыдан көрінді. Бірінші орынды әдет­тегідей Қытай құрамасы (165, 88, 63), екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары (58, 52, 82), ал үшінші орында Жапония құрамасы иеленді (50, 71, 78). Жарысты ұйымдастырушы Ка­тар спортшылары болса 32 жүл­демен 9 орынды қанағат тұтты. 

Реттік сан бойынша он алтыншы Жазғы Азия ойындары 2010 жылы Қытайдың Гуан­чжоу қаласында өтті. Бұл додаға Азияның 45 елінен 10 000-ға жуық спортшы қатысты. Екі ап­таға созылған бәсекеде қазақ­стан­дық спортшылар 79 медаль­ға қол жеткізді. Оның 18-і алтын, 23-і күміс және 38-і қола жүлде. Жалпыкомандалық есепте бе­сінші орынды қанағат тұтты. 

Медаль көрсеткіші бойынша Қытай құрамасының спортшылары қатарынан сегізінші рет жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ бір жарыста 199 алтын жүлде иеленіп, рекорд орнатты. Бұған дейінгі рекорд та Қытайға тиесілі болатын. 1990 жылы өткен Азия ойындарында 183 алтын медаль алған еді. Сонымен қатар Гуанч­жоудағы Азия ойындарында Макао мен Бангладеш құра­масының спортшылары тұңғыш рет алтын жүлде иеленді. 35 ел бір медаль иеленсе, соның 27-сі бір рет болсын алтын жүлде алған.

2014 жылы Жазғы Азия ойын­дары Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтті. Бұған дейін екі Азия ойын­дарын өткізген (Сеул – 1986, Пусан – 2002) Корея араға 12 жыл салып байрақты бәсекені үшін­ші рет өз елінде қабылдады. Пу­сан­дағы Азия ойындарына Қазақстан құрамасынан 260 спорт­шы қатысып, 76 жүлде алса, Инчхонға барған 414 спорт­шымыз 84 жүлде иеленді. Жалпы­командалық есепте Қазақ­стан құрамасы Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония спортшыларына есе жіберіп, төртінші орынды қанағат тұтты.

Индонезияның астанасы Джа­карта мен Суматра аралы­ның ең ірі қаласы Палембангте өтетін биылғы XVIII Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жүлде саны бойын­ша рекорд жаңартып, жалпы көрсеткіш бойынша үздік үш­тіктің қатарына енеміз деп отыр. Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері олимпиадалық спорт түріне енетін бокс, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, жүзу, ату, күрес және дзюдо спортына үлкен үміт артып отыр. Өйткені дәл осы спорт түрлерінің өкілдері Инчхондағы Азия ойындарында және 2016 жылғы Рио Олимпиадасында ел қоржынына жүлде салған болатын. Мысалы, жүзу спортынан Олимпиада және Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин биыл да алтын жүлдеден үмітті. Ол сәуір айында Испанияның ашық чемпионатына қатысып, 8 жүлде иеленді. Сондай-ақ жасы біразға келсе де жасындай жарқылдап жүрген жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова «Гауһар лигасында» сәтті сынға түсіп жүр. Рыпакова әлі бабында деген сөз. Жарақаттардан аман болса, Ольга биыл да ел қоржынына алтын жүлде салары анық. 

Бокстан Қазақстан ұлттық құ­ра­масының бас жаттықтыру­шысы Мырзағали Айтжанов Азия ойындарынан кем дегенде екі алтын медаль  аламыз дейді.

«Азия ойындарында боксшылардан екі алтын медаль, жалпы 4-5 медаль күтіп отырмыз. Жанкүйерлер бізден үміт күтеді, сол үшін тынбай жаттығу жасап, берілген тапсырманы орындауға күш саламыз. Қазақстан боксы 85 жылдан бері жасап келе жатыр. Бізге дейін осындай жол салып берді. Сол себепті Қазақстан – әлемде мықтылардың бірі. Неге десеңіз, бірінші кезекте – патрио­тизм, елге деген махаббат, жер көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрған соң ата-бабамыз бұл жерді бекерге қалдырмағаны анық. Еліміздің қазіргі батырлары көк туымызды көтеріп, әнұра­ны­мызды шырқататын спорт­шылар болып отыр», дейді М.Айт­жанов.

Жексенбі күні Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын  Индонезияда өтетін  XVIII Жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге Азия ойындары алдын­дағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты. 

Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Аталған ойындарға Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады, оның ішіндегі 404 спортшы 25 Олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында жалпы есебі 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. 

Атлетикалық ауылда Қазақстан байрағын көтеру рәсімі 16 тамыз күні Джакартада өтеді. Ал Палем­бангтегі атлетикалық ауылға бірін­ші болып академиялық есуші­лер командасы мен гандбол, су добы және баскетболдан әйелдер командасы, сондай-ақ грек-рим күресінің балуандары аттанды. 

Қазақстан құрамасының барлық спортшылары кешенді-ғылыми топ мамандарымен жабдықталған. Аталған топ мүшелері Қазақстан ҰОК бастамасымен олимпиада­лық спорт түріндегі командалармен жұмыс істей бастады. Джакарта мен Палембангте дәрігерлер штабы, психологтер мен кезекші массажшылар тәулік бойы қызмет етеді. КҒТ мамандары алғаш рет жарыс кезінде ұлттық құрама спортшыларына кәсіби көмек көрсетпек. 
Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы Аманқұл Әбілхан көтеріп шығады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»