Спорт • 14 Тамыз, 2018

Әлем мергендері елордада сайысады

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Әлем мергендері елордада сайысады

Еліміз үшін биылғы жылы өткен өте маңызды мәдени оқиғалардың бірі – елорданың 20 жылдық мерейтойы. Бұл шара шілде айының басында республика көлемінде атап өтілген еді. Дей тұрғанмен, жоғарыдағы мәртебелі мереке әлі де жалғасын табуда. Соның бірі – алдағы тамыз айының 30-31-і күндері елорда іргесіндегі «Қазанат» атшабарында жамбы атудан өтетін ІІ халықаралық «Алтын жебе» турнирі.  

Бұл турнир алғаш рет өткен жылы жалауын көтеріп, бас жүлде румыниялық мерген Михай Кузмидің қанжығасында кеткен болатын. Ал биылғы турнирді ұйымдастырушы Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары әрі турнирдің бас төрешісі Нүркен Байбөриев берген мәліметке жүгінсек, бұл жолғы мергендер сайысына еліміз садақшыларымен қатар, Түркия, Малайзия, Кувейт, Оңтүстік Африка, Румыния, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан қатарлы елдердің мергендері қатыспақшы. 

Өткен жылғы сайыстан биылғы турнирдің негізгі ерекшелігі,  жарыс түрік, азия және қазақ стилі бойынша үш кезеңмен өтеді. Жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге. Нақтырақ айтқанда,  бірінші орынға – 1,8 млн, екінші орынға – 1 млн, үшінші орынға – 800 мың теңге бұйырмақ. Оның сыртында 4-5-ші орындарға да қомақты сыйлықтар бар. Сонымен қатар жарысқа қатысушы мергенге ағаштан, бамбуктен жасалған немесе спорттық карбон жебені қолдануға рұқсат беріледі дейді ұйымдастырушылар.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»