Саясат • 14 Тамыз, 2018

Бес елдің мөрімен бекітілген құжат

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конвенцияға қатысушы мемлекеттер басшыларының қол қоятынына күмән аз болғанымен, қол қою рәсіміне дейін оған түзетулер енгізіліп қала ма деген күдік болғаны рас. Құжаттың толық мәтіні мен бөлімдері алдын ала келісілді. Барлық мемлекеттің мүдделерін назарға ала отырып, бес елдің сыртқы саяси құрылымдары табанды түрде мұқият жұмыс істеп, Каспийдің ерекше құқықтық мәртебесін тараптардың көңі­лінен шығатындай етіп айқындап шықты.

Бес елдің мөрімен бекітілген құжат

Сол себепті, Ақтау қала­сын­да өткен мемлекеттер басшы­ларының кездесуі таза салтанат­ты рәсім сипатында өтті десек артық айтқандық болмас. Мұн­да Бесінші Ақтау саммитінде қабыл­данған құжат ешқандай қосымша толықтыруларсыз, бірауыздан ма­құл­данды.

Кездесу барысында сөз алған мемлекеттер басшылары осыған дейін ұстанып келген бағыттарын сақтайтындарын жеткізді. Ай­тыл­ған ұсыныс­тарды сараптай келе, «каспийлік мә­селелер» бойынша бес ел­дің конструктивті ынты­мақ­тастықты қолдайтынын бай­қау­ға болады. 

Оның үстіне, халықаралық құжатқа Қазақстан жерінде қол қойылғаны имидждік тұрғыдан өте маңызды болып отыр.

Сондай-ақ біз үшін Конвен­ция теңіздің статус-квосын бе­кіт­­кенімен де маңызды. Яғни Кас­пийдегі біздің үлес саналатын бөлігі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен теңіз қойнауын игеруге байланысты бесжақты заңды келісімге қол жеткіздік. 

Қалай болғанда да, саммиттің басты қорытындысы Каспийдегі ұжымдық ойын ережесінің негізі бес елдің мөрімен бекітілгендігі болып отыр.

Оразғали СЕЛТЕЕВ, 

саясаттанушы