Қарағандыдағы «Достық үйінде» тұсауы кесілген өнер жарысында 23 суретші мен мүсіншінің 47 жұмысы бәсекеге түсті. Авторлардың бәрі де өз туындыларында Бұқар жыраудың заманында ұлттың сөзін айтқан өр тұлға ретіндегі образын жан-жақты ашып көрсетуге ұмтылған. Байқауда бақ сынаған жас суретшілер мен мүсіншілерге есімі елге танылған Мәдіхан Қалмаханов, Қаныш Балабеков, Евгений Шульц, Дәулет Ізбасарұлы, Манатбек Аманбаев, Юрий Ку сынды шеберлермен бәсекеге түсу оңай болмады. Дегенмен олар үшін бұл байқаудың зор тәжірибе мектебі болғаны анық.
– Бұқар жырау – әр қазақтың мақтанышы. Байқауға ұсынылған жұмыстардың барлығы да жоғары деңгейде орындалған. Сондықтан жеңімпазды анықтау бізге оңайға түспеді, – деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бейбіт Мұстафин.
Көрме-байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде «Бұқар жырау» деп аталған линогравюрасы үшін белгілі суретші Манатбек Аманбаевқа бұйырды. Графика өнерінің хас шебері бұл сынға сегіз туындыдан тұратын сериялық жұмысын ұсынған екен. «Мен Абылай хан мен Бөгенбай батырдың ерлік істерін жырлаған Бұқар жырауды өз заманының ұлы жаршысы ретінде көрсетуге тырыстым», – деді марапаттау кезінде жеңімпаз.
«Көркем сурет» аталымы бойынша бірінші орын Мәдіхан Қалмахановқа берілсе, «Мүсін» аталамында Амантай Әкішевтің жұмысы үздік болып танылды. Сонымен қатар «Сәндік-қолданбалы өнер» сыны бойынша Евгений Шульц озып шықса, Наталья Жилкина «Графика» номинациясында жеңімпаз атанды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл көрмені келушілер 15 тамызға дейін тамашалай алады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»