Технология • 16 Тамыз, 2018

5G белесі: Қазақстан жаңа интернет жылдамдығына дайын ба?

1305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы жылы елімізге 5G интернеті енгі­зілмек. Әрине, сүйіншілеуге лайық хабар. Себебі, бұл Қазақстанның әлемдік трендтен тыс қалмай, жетістіктер жетегіне ілесіп келе жатқандығының тағы бір дәлелі.

5G белесі: Қазақстан жаңа интернет жылдамдығына дайын ба?

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» қазіргі заманда еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін интернеттің игілігін көріп отырғаны рас. Адамзат баласы бүгінде түрлі құрылғылардың көмегімен сан сипаттағы байла­ныстың, сан қырлы қарым-қатынастың, мол мүмкіндіктердің жемісін көріп жүр. Иә, қарыштап дамыған ақпараттық технология ғасырының ғажайыбы көп-ақ. Ал сол ғажайыптарды қолданудың амалдары интернет арқылы жүзеге асатын болса, ендігісі сол интернеттің де түрлі деңгейдегі сатысы заман қуып жоғарылай түсуі тиіс.

Себебі қазіргі технологиялардың тың, заманауи жетістіктерін игеріп, мүмкіндігін жүзеге асыру үшін ескі стандарттың әлі жете бермейді. Қарапайым ғана мысал, ұялы телефондар алғаш шыққан кездері оны тек сөйлесу құралы ретінде ғана пайдаландық, ешбір сымға қосылмай-ақ әлгі құрылғының көмегімен сан мыңдаған қашықта тұрған адамның дауысын есту керемет жаңалық еді. Одан соң суретті хабарламалар, яғни sms-тің орнын ммs-хабарламалар басты.

Бұдан әрі жетістік тізбегі жыл санап жылдамдай берді. Ұялы телефондардың орнын смартфондар алмастырды. Сурет түгілі, бейне байланысқа дейін шығуға мүмкіндік туды. Осылайша ұялы байланыс желісі пайда болғаннан бас­тап қазіргі күнге дейін жедел даму жолынан өткен бұл салада, пайдаланушы құрылғылардың жаңа түрлері – смартфондар мен планшеттер пайда болды. Ал оның жетілуі оған қосылатын интернеттің де жылдамдық мүмкіндігін арттыруды талап етеді.

Бұл ретте, әлемдік тәжірибе көр­сет­кен­дей, ұялы байланыс стандарт­тарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. Мысалы, 1981 жылы бірінші стандарт – 1G пайда болып, әлемді тамсандырса, 1992 жылы  2G желісі іске қосылып, адамзат ақылының одан әрі артқандығын көрсетті. Ал 2001 жылы ол да ескіріп, 3G форматына көшті. 2010 жылдың аяғында сол кез үшін үлкен мүмкіндіктерді жүзеге асыратын 4G стандарты енгізілді. Ал қазір қолданыстағы 3G/4G шеше алмайтын жаңа технологиялар пайда бола бастады. Ендеше 5G стандартының да ауылы алыс емес. Бұл 2020 жылға қарай енгізіледі деп күтілуде.

Негізінен аталған трендтерден тыс қалмауға талпыну – әр елдің мақсаты, алға ілгерілеуінің көрсеткіші. Сондықтан осы бастан сол деңгейді уақтылы игеруді ой­лап, жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл тұрғыда еліміз «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. 

Бүгіннің өзінде 4G форматын иге­ріп отырған еліміз келесі сатыға да уақы­тын­да көшуге дайын. Мұны Үкімет отыры­сында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Ми­нистрдің айтуынша, 5G ұялы байланысын Қазақстан Республикасының аумағына енгізу Халықаралық электр байланысы одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін мүмкін болмақ. Ал бұл шешімді 2019 жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қала­сында өтетін Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында қабылдау жоспарланған. 

Ағымдағы жылы министрлік Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтетін ITU Telecom-2018 Дүниежүзілік шарасына, сондай-ақ биыл Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін Халықаралық электр байланысы одағының конференциясына қатысуды жоспарлап отыр. Аталған шараларда әлем бойынша ақпараттық коммуникациялық саласындағы инновациялық шешімдер, соның ішінде 5G технологиясын жеделдетуге бағытталған ықпалды платформа қамтылады. Халықаралық электробайланысы одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жаб­дық­тарды өндірушілер қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы бай­ланыс технологиясын қанатқақты тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. 5G ұялы байланысын тестілеу үшін министрлік жиіліктерді іріктеу жұмы­сын Астана, Алматы  қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында жүргізуде. Сонымен бірге Қорғаныс министрлігімен келісілген жиілік ресурс­та­ры операторлардың біреуінде ғана 5G технология­сын тестілеуден өткізу жеткілікті. Яғни министрлік жуық арада 5G мобильді байланыс технологиясын тестілеуден өткізу үшін байланыс операторын анықтамақ.

«Халық ертең бізге 5G стандарты не үшін қажет деп сұрауы мүмкін. Бұл ең алдымен жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етеді. Кейбір сарапшылар 5G қосылған жағдайда пилотсыз көлік жүргізуге мүмкіндік пайда болатынын айтып отыр. Мысалы, бұл 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда жылдамдығы 40 есеге артық технологияны ұсынады. Интернет еш кедергісіз жұмыс істеген жағдайда көптеген артықшылыққа қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау саласында нақты уақыт режімінде қашықтықтан күрделі операциялар жүргізуге қолдануға болады. Қауіпті аймақтарда (кен орнында немесе құрылыс барысында) экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ  белгілі қашықтықтан басқаруға мүмкіндік туады», дейді 5G стандартының артықшылықтары жайлы Д.Абаев.

Шындығында, «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы аясындағы осы бағыттар жүйелі жүзеге асатын болса ел халқына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы артады. Медицина, білім беру, онлайн сау­да мен тағы басқа да бағыттар дамиды. Еліміздің экономикасын нығайтып, әлеуметтік бағыттардың өркендеуіне үлкен мүмкіндік береді. Сапалы интернет ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті жоюға да ықпал етуге тиіс. 

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»