Президент • 16 Тамыз, 2018

Елбасы Ахметжан Есімовті қабылдады

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Елбасы Ахметжан Есімовті қабылдады

Кездесу барысында Мемлекет басшысына «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамының биылғы 7 ай ішіндегі қызметінің нәтижелері мен алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде мәлімет берілді.

– Бірінші жартыжылдықтың негізгі көрсеткіштері жақсы. Өзіңіз бекіткен Қор стратегиясын жүзеге асыру мақсатымен белгілі бір жұмыстар атқарылып, бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Соның ішінде, холдингті трансформациялау ісі жалғасуда, жекешелендіру аясында 42 миллиард теңге көлеміндегі 18 актив іске асырылды. Осы жылдың аяғына дейін «Қазақтелеком», «Air Astana» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларын IPO-ға шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді Ахметжан Есімов.

Нұрсұлтан Назарбаев Қордың сатып алу көлемін бәсекелестік ортаға берудің маңыздылығына тоқталып, атқарылған жұмыстардың шағын және орта бизнесті қолдау ісіндегі оң нәтижелерін атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.