Аймақтар • 16 Тамыз, 2018

«Қызыл сызықтан» асқандар қадағалана ма?

562 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз қаласын көріктендіру сәулетін өзгерту бүгінгі таңда өңірдегі басты мәселеге айналып отыр. Әсіресе шаһар көркіне көрік қосатын саябақтарды қайта жаңғырту күн тәртібінде тұр. 

«Қызыл сызықтан» асқандар қадағалана ма?

Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілген-ді. Қазір бұрынғы «Шахристан» базарының орнын қалпына келтіру, сондай-ақ қала орталығындағы Қайрат Рыс­құлбеков саябағын қайта жаң­ғыртудан өткізу жұмыстары бас­талып кетті. Сонымен қатар, тарихи Тараз қаласын туристік орта­лыққа айналдыру мақсатында да бірқатар жоба қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда тараздықтардың көңілінен шығатын дүниелер көп-ақ. Алайда көне шаһардың шырайын кетіріп, адамдардың алаңдаушылығын тудырып отырған мәселелер де жетерлік. 

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына тиісінше көңіл бөлініп келеді. Нәтижесінде елімізде кәсіпкерлік кең өріс алып, тұрғындардың да тірлігі тіктелуде. Дегенмен шаһарда бейберекет салын­ған кәсіпкерлік нысандары мен олардың ретсіз орналастырылған сыртқы жарнамалары, сонымен қатар шағын аудандардағы жабайы сауда нүктелері қала көркін кетіріп тұрғаны рас. Бүгінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзах­метовтің тапсырмасымен қаладағы «қызыл сызықта» салынған осындай кәсіпкерлік нысандарды алып тастау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тараз қаласы әкімдігі тарапынан осы уақытқа дейін «Ақбұлақ», «Қаратау», «Самал» шағын аудандары мен «Қайқармет» және «Жібек жолы» базарларындағы жұмыст­ы ретке келтіру жөнінде рейд жүр­гізілді. Рейд барысында рұқсат­сыз салынған көлік жуу орын­­дары, қымызханалар мен сауда дүң­гіршектері тексерілген. Бүгін­де қалалық комиссия осындай 97 кәсіп­­керлік нысанын анықтап, 59 нысанның иесіне хат жіберіпті. Ал 29 дүңгіршек алынып тасталды. 

«Қызыл сызық» құры­лыс салу шекарасын реттеу үшін қол­данылады. Ал бүгінде Тараз қаласында көп­ші­лік жағдайда елді мекен­дердегі жоспарлау құры­лымындағы орамдар­дың, шағын аудандардың аумағын көшеден бөліп тұратын шекара мәселесі өзекті болып тұр. Бұлардың бәрі де болашақта көркейіп, жаңа тыныс алатын шаһар келбетіне нұқсан келтіріп тұрғаны жасырын емес. Бұл ретте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерке­бұлан Дауылбаевтың айтуынша, облыс орталығында заң талаптарына қайшы келетін құрылыс нысандары баршылық. Өңір аудандарында да «қызыл сызықты» қаперге алмай жүргізілген заңсыз құрылыс нысандары аз емес. Облыс әкімінің орынбасары аталған мәселелерді реттеу мақсатында биыл облыстық кәсіпкерлік палатасы, облы­с­тық мемлекеттік сәулет-құры­лыс бақылау басқармасы және қала, аудан әкімдіктері бөлім­дері­нің мамандарынан тұратын арнайы комиссияның құрамы жасақ­талғанын, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде сәулет және құрылыс нормаларын бұзған 25 нысан анықталғанын, сонымен қатар тиісінше талдаулар жүргізілгенін айтты. «Қызыл сызықтан» өтіп кеткен 19 нысан Тараз қаласында болса, 6 нысан Қордай ауданында екен. 

Еркебұлан Дауылбаев заңсыз құрылыс жүргізу, оның ішінде «қызыл сызық» талаптарын бұзу дерек­тері көбінесе Қордай, Шу, Т.Рыс­құлов және Меркі аудандарында орын алатындығын атап көр­сетті. Бүгінгі таңда мұндай құры­лыс нысандарының дерекқоры да нақ­тыланған. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандар әкімдіктерімен бірлесе биыл атқарылатын іс-шаралар жос­пары да бекітілген екен.

Негізі құрылыс нормалары бұзы­луының себептері де белгілі.  Қазақстан Республикасының қол­даныстағы құрылыс заңнама­лары­ның талаптарына сәйкес рұқсат алу құжаттарын дайындау мерзімі шамамен 134 күнді, оған қоса қомақты қаржы шығынын талап етеді. Ал жеке кәсіпкерлер көбінесе өздеріне тиісті жер телімдеріне тез арада артық шығынсыз құрылыс нысандарын салып, жеңіл жолдармен айыппұл төлеу немесе рақымшылық арқылы заңдастырып алуға мүдделі екен. Ендігі жерде Тараз қаласының сәулеттік кел­бетіне нұқсан келтіретін сауда дүңгіршектерін заманауи талаптарға сай жаңа дүңгіршектермен алмастыру мәселесі тұр. 

Тараз қаласының әкімі Ғалым­жан Әбдірайымовтың айтуынша, «қызыл сызықты» бұзып салған құрылыс нысандарын анықтау мәселелері әлі де белсенді жүргізіліп келе жатыр екен. 

Жалпы, бүгінде «қызыл сызық­тан» өткен құрылыс нысан­дарын қадағалау жұмыстары жүр­гізіл­генімен, әлі де болса аталған мәселе бойынша олқылықтар анық­талуда. Шаһар келбетіне кірбің келтіретін заңсыз дүңгіршектер мен жабайы сау­да орындарын ретке келтіру ал­дағы күннің еншісінде.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы