Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан ат арытып арнайы келген альпинистерге осы жақтағы әріптестері мен еріктілер тобы қосылып, барлығы отыздан астам адам құзар шыңға аттанған-ды. Биік шыңдарды бағындыруға бел буғандардың мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кеңестік кезеңде түрлі атауға ие болған шыңдарға Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің есімдері жазылған тас орнатып, ту тігу ғана емес еді. Яғни Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында өткен тау фестивалінің мақсаты – ішкі спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Биікке көтерілгендердің мақсатқа жетудегі табандылығы мен төзімділігінің нәтижесінде шыңдарға тас орнатылып, ту тігілді.
Нақтырақ айтсақ, облыстағы 3 биік шыңның атауы өзгерді. Бұрын «пик Студентов» (3750 м) деп аталған шың енді Әйтеке би шыңы деп аталса, «Кергели узловая» (3787 м) шыңына Қазыбек бидің есімі берілді. Ал, «Рощина» (3860 м) шыңы енді Төле би шыңы деп аталады. Фестивальді қорытындылау рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен фестивальдың маңыздылығына тоқталып, альпинистерді Алғыс хатпен марапаттады. Ал облыстық альпинистер федерациясының президенті Бақытжан Асанов туризмді дамыту бағытындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ фестиваль барысында велошеру, ұлттық ойындардан сайыстар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Айта кетелік, бұған дейін фестиваль аясында альпинистер бастаған еріктілер тобы Өгем тау жотасының шығыс жағында орналасқан тауға шығып, оған «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы шыңы» (биіктігі 3535 м) атауы берілген, еліміздің Көк байрағы мен Ассамблея туын желбіреткен болатын.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы