Әдебиет • 16 Тамыз, 2018

Нұрғали ОРАЗ. «Соавтордың» соры

572 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Нұрғали ОРАЗ. «Соавтордың» соры

Белгілі бір ғылыми институт­тың белгілі директоры, дәлірек айтсақ, аты-жөні елге мәшһүр академик күндердің бір күнінде қол астындағы қызметкерлерінің бірін кабинетіне шақырып алып, былай деді:

– Біздің институтқа әлгі апта­сы­на бір рет шығатын газет бір маңызды тапсырыс беріп еді. Соны бүгін, қалқам, саған жүк­тегелі отырмын. Ойланып, толға­нып, ізденіп осы тақырыпқа қа­лай­да бір ғылыми мақала жазып шы­ғуың қажет. Тек әйтеуір, аянып қалма. Бойыңдағы бар біліміңді, күш-жігеріңді сал. Сенің елге та­ны­лып, көзге көрінетін кезің міне, осы!

Хош, сонымен, апта өтті, ай өтті. Жас ғалым миындағы, бойын­дағы бар білімі мен күш-жіге­рін жұмсап, күндіз-түні ізде­ніп, еңбектеніп, күндердің бір күнінде әлгі ғылыми мақаланы бітіріп, академикке алып келді.

Ол оны оқып шығып, әрі ойланды, бері ойланды. Басын шайқады. Қасын керді. Ернін жымқырды. Көзін жұмды. Бір сөзбен айтқанда, ұнатты. Және жай ұнатып қана қойған жоқ, іштей қатты сүйсінді. Қуанды. Қызықты. Тіпті, қызғанды деуге де болады.

– Иә-ә, – деді бір кезде дау­сын созып. – Жалпы, жаман емес. Бірақ редакциядағылар бұл ма­қа­ла­да қалайда менің аты-жө­нім­нің тұрғанын қалайды ғой. Өйт­кені мен идеяның авторымын әрі әлемге әйгілі академикпін. Сон­дық­тан соавтор болсақ қайтеді?

– О-о, – деді аңқау әрі албырт жас ғалым академикке таңдана қарап. – Менің фамилиям сіздің фамилияңызбен бірге тұрса, ол мен үшін бақыт емес пе!

– Әрине, – деді академик ақы­рын ғана басын шұлғып. – Бақыт!

Сөйтті де, мақала авторының аты-жөні жазылған тұсқа мәнер­леп тұрып өз фамилиясын жазып қойды.

Әйтсе де, әлденеге көңілі толмағандай тағы да қабағын түйіп, басын шайқап:

– Әй, бірақ ондағылар мұны тү­сінеді ғой деймісің? Жоқ. Түсін­бейді. Сондықтан өз бет­терінше шимайлап, қысқартып, әбден берекесін кетіреді... Білем ғой оларды. Білем. Дегенмен, жіберіп көрейік осылай... 

Арада көп өтпей-ақ әлгі ғылыми мақала газетке жарқ етіп шыға келді. Оны академик күні бұрын біліп отырды. Себебі газетке қол қоятын бас редактордың өзі телефон шалып, құттықтап, тағы да осылай жазып тұрсаңызшы деп өтініш жасады.

Ал ертеңіне академик инс­ти­тутқа келген поштаны әдет­тегісін­ше ең бірінші өзі қарап шығатын дағдысымен әлгі газетке бір көз жүгіртіп өтті де, қарамағындағы қызметкеріне ішкі қызметтік телефон арқылы хабарласты.

– Көрдің бе? – деді самарқау ғана үн қатып.

– Жоқ.

– Өткендегі мақала бүгін шығыпты ғой, әйтеуір. Бірақ мен айтқандай әбден қысқартыпты... Басқасын қойшы, ең өкініштісі, менің фамилиямның астыңғы жағында тұрған сенің фамилияң да қысқарып кетіпті.

– А-а...

Жас ғалым аң-таң болды. Түскі үзіліс кезінде жүгіріп барып көшедегі дүңгіршіктен ала салып қарап еді, газет ұстаған қолы дірілдеп кетті. Себебі екі бетті тұтас алып жатқан етектей мақа­ладағы қысқарып кеткен жалғыз мәтін оның өзінің аты-жөні ғана екен.

Бұл қалай болғаны, ә?! 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»